29.10.2021
  137


Автор: Нұржан Қуантайұлы

Көктем. Шахмат және біз

Маңғаз сиырдай манар көк аспан
Манаурап, маңып қарайды.
Жусанның исi-ай самал-леп шашқан,
Жуып кет iшкi сарайды.
...Далада үстел. Шахмат – үстi...
Сүйрейдi үйден мына күн.
Тоқымдай қысты тақымға қысты:
Көктем бұл күткен сынағын.
Ирек соқпақтың иегiне де
Үрпек бас, үлпек түк шығып.
Үрпетсiз байғұс ши егiле ме
Үскiрiк кеткен тықсырып.
Тыраулап тырна тiзiлiп көкте
Тiрiлтiп өттi шым-жердi.
Тiршiлiк үшiн үзiлiп кетпе,
Түз гүлiм, түстiк тым желдi.
Құлдырап кеттi қозылар қырға
Қорадан шықты-ау қой-жүрек.
Көкiрек-таспа жазып ал тұр ма,
Көктем-күй күмбiрлейдi кеп.
Iнiнен шыққан суырдай шеттен
Ербиген терек тұр ұйып...
...Пешканы қозғап күн ұдайы өпкен:
– Жүр, – дейдi әкем жымиып...





Пікір жазу