29.10.2021
  119


Автор: Нұржан Қуантайұлы

Жолда

Шарайна көктiң шаранасынан шыққан жаңағы
Шарбы бұлттарды шайқы жел қуып барады.
Сүреңсiз күннiң сүт қосқан шайға бiр қанған
Апама ұқсап ашылып қапты қабағы.
Асыққанымды, аңсағанымды сезер ме,
Автобус байғұс аптыға шығып кезеңге,
Қамыс пен қоға үңiлiп тұрды жапырлап
Етектi кесiп есiле аққан өзенге.
Қалбаның тауы-ай қарайтып кеткен жел өңiн,
Шоқ қайыңдарың жайқалтып жасыл желегiн.
Күн сәулесiмен көз қысып ойнап әйнегi,
Жосылған жолда тасырқап «Пазик» келедi.
Көк тұма жатыр иелiк қылып бақ сыртын,
Бал дәмiн татып бас қойса барып, паһ, шiркiн...
Бұйра бас талы бұйығы бiздiң ауылға
Төбеден қадар талыққан көзiн тақсыр-Күн.
Ауылды аңсап, сағыныш-самал басылмай,
Кеудемдi керiп, көкiрегiмдi қаусырды-ай,
Iс тiгердегi шешемнiң тесiмасындай
Баяғы тасжол барады-ау тiптi таусылмай...




Пікір жазу