28.10.2021
  222


Автор: Жібек Ысқақова

Тіл ұлттың тірегі, соғып тұрған жүрегі

ТІЛ — ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ, СОҒЫП ТҰРҒАН ЖҮРЕГІ
 
           «ӨЗГЕ ТІЛДІҢ БӘРІН БІЛ,  ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ!»
  ҚАДЫР МЫРЗА АЛИ
 
                       «Қазақ тілім — айбыным, 
                         Аспандағы Ай,  Күнім. 
                         Ұлтымыздың тірегі,
                         Баға жетпес байлығым. 
                         Соғып тұрған жүрегі, 
                         Кең байтақ дала, айдыным.
                        Қазақ тілім сен барда,
                        Бұзылмайды жайлығым!»  —
       — деп,  сөзімнің әлқиссасын бір-екі ауыз өлең жолдарыммен бастайтын болсам,  кеудемді кернеп тұрған ана тілімізге деген мақтаныш сезімін сіздерге жеткізе аламын ба?!  Қазақ тілі — мемлекеттік тіл,  ана тіліме деген сүйіспеншілігімді сезіне аласыздар ма?!  Жүрегімнің лүпілінен тіліме деген үлкен құрметімді біле аласыздар ма?! Жо-жоқ, оны жай адам жүрекпен сезіне алмас, оны тек ана тілін сүйетін адамдар ғана, ана тілінде сөйлеп, ана тілінде ән айтып, ана тілінде жыр жазып,  ана тілін құрметтейтін адам ғана сезіне алатын шығар. Мысалы,  «Үш бақытым»  деп жырлаған Мұқағали атамыздың өлеңінің әрбір қатарынан халқына деген,  тіліне деген,  Отанына деген сүйіспеншілігін байқай аламыз,  «Ең бірінші бақытым — Халқым менің»  деп бастаған өлеңнің екінші шумағында «Кей кезде дүниеден түңілсемде,  Қасиетті тілімнен түңілмедім»  деп жырлап кеткен,  яғни, ана тілімізге деген махаббатын осылай өлең жолдарымен өрбіткен.  Бұл сөзді ең бірінші болып әрине қарапайым халықтар түсінеді,  жүрекпен сезінеді.  («Бас кеспек болса да,  тіл кеспек жоқ»  дегендей,  айтайын дегенім), Бұл сөзді кешегі   депутат болып сайланып отырған орыс тілінде сайрайтын кейбір халық қалаулылары қайдан түсінсін,  қазақ тілінде екі-үш сөздің басын қосып жатқа сөйлей алмай отырған халықтың бетке ұстарлары өз ана тілінде анық сөйлей алмай отырса,  басқалардан не күтеміз?!  Ертеңіміз не болмақ,  болашағымыз бұлыңғыр боп,  елдігіміздің жойылмасына,  теңдігіміздің жойылмасына кім кепіл?!  «Балық басынан шіриді»  деп бекерден бекер айтылмаса керек-ті. Бұл әрине өзекті мәселе.  Тереңіне үңіле берсек жүрек сыздап,  көңіл мұздап сала береді.  Әрине бес саусақ бірдей емес екені бәрімізге айқын, елге танымал қоғам қайраткерлерінің ішінде де,  халық қалаулыларының ішінде де,  айтыскер ақындар мен жазба ақындар ішінде де ана тіліміз жайлы ой қозғап, пікірталас жасап, тіл жанашырларвның көптеген байқаулар өткізіп жатқанын білеміз,  халық арасында да үлкен жиындарда, әлеуметтік желілерде де тіліміз жайлы насихаттап, тіліміздің сөздік қоры байлылығы мен қасиеттері жайлы кеңінен айтылып жатыр… Бірақ,  өздеріңіз білетіндей,  «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді»  демейді ма,  яғни,  өз ана тілінде сөйлемей,  өзге тілде сайрап жүргендер бірден көзге түсіп (әрине олар ұлтымыздың бетке ұстарларлары болса),   ана тіліміз жайлы көптеген насихаттар жүргізіп іс-шара өткізіп жатқандар тасада қап қояды да,  тіліміздің жайы тағы да елеусіз қап жатады. Қазақ тілін  «ұлтымыздың жаны»  дейміз,  ал сол ұлтымыздың жанын қастерлеп,  аялап,  құрметтеп жатырмыз ба?!  Қазақ тілі — мемлекеттік тіл болып жарияланғаннан бері тіліміздің мәртебесі көтерілді ма?  Жоқ,  еліміздің қай өңірінде болсын орыс тілін араластырып,  қосарлана пайдаланамыз, бұл ана тіліміздің өркендеп,  қанат жаюына кедергісін тигізіп,  ана тіліміз өз туған жерінде жетімнің күнін кешіп жүрген жоқ па?! Мемлекеттік тілі — «қазақ тілі»  деп алып,  орыс тілінде сөйлеп,  орыс тілінде құжаттар толтыратынымыз қалай?  Бұл ана тілімізге деген сатқындық емес пе?!
                      Көкейде көп мың сұрақ, 
                      Жауабы жоқ ай… бірақ.
                      Ауырады жүрегім,  
                      Күннен-күнге қанжылап…
       «Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқысы болған -оның ғажайып тілі» деген Елбасымыздың сөзін тілге тиек етіп алар болсақ, сол ғажайып тілдің қадіріне жете алдық па?!  Сол айтылған сөз айтылған жерде қап қойып жатқаны жанымызға әрине батады.  Қазақ тілі — сөздік қоры өте бай, ғажайып тіл,  бір сөзінің өзі көптеген мағына беретін.  Ана тілін ұлтымыздың жүрегі дейміз,  ал сол жүрек біртіндеп тыныс шығаруын жойса ұлтымыздың болашағы не болмақ?!  Бұл мәселеге бей-жай қарай алмаймыз.  Ана тіліміз — қазақ халқының өткен ұрпағы мен бүгінгі,  келешек ұрпақтарын байланыстырып тұратын лүпілдеп соғып тұрған жүрегі,  сол жүрек арқылы бойымызға ұлттық рух,  қазақи салт-дәстүріміз, бауырмалдық,  сыпайылық пен мейірімділік тарайтыны сөзсіз.  Бұл біздің ең басты байлығымыз.  Ана тіліміз жоғалса барлық байлығымыз,  қазақи құндылықтарымыз жойылатыны белгілі дүние.  Тіпті ойлаудың өзі қорқынышты.  «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ»  деген екен Расул Ғамзатов, расында да, ана тіліміз үшін, еліміз, жеріміз үшін қаншама қоғам қайраткерлері, ұлтымыздың жанашырлары жер жастанды десеңізші...  Ана тілі — ата-бабаларымыздың, өткен ұрпақтың бізге аманаты екенін сезініп,  бүгінгі күннің абыройы екенін,  ертеңгі күннің,  келер ұрпақтың кепілі екендігіне көзіміз анық жетеді.  Бабалардың бізге қалдырған аманатын қастерлеп, насихаттап, келер ұрпаққа аманаттау әрбір қазақ баласына міндет деген ойдамын. 
       «Ұлт үшін тілінен қымбат еш нәрсе жоқ»  дейді Мағжан Жұмабаев,  ал Ахмет Байтұрсынұлы:  «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады»  дейді.  Ия,  расыменде ана тіліміз болмаса қазақтығымыз болмас еді,  ана тіліміз болмаса азат күніміз болмас еді,  ана тіліміз болмаса ғажап күніміз болмас еді.  Сондықтан да, 
                    Шаттанайық,  күлейік, 
                    Жақсыға құлақ түрейік. 
                    Ана тілді қастерлеп, 
                    Құрмет етіп жүрейік...
  —    Деп,  бір шумақ өлеңмен өз ойымды толықтырсам,  тілімізге деген ішкі жан дүниемдегі махаббатымды,  жүрек үнін сезіне аласыздар ма?  Мен ана тілімді сүйемін,  ана тіліме ғашықпын,  ана тілім барда мен бармын,  ана тілім барда мен бақыттымын,  ана тілім жетімсіресе өзімді қоярға жер таппаймын,  ана тілімді біреулер қорласа жаным ауырады, жаным жай таппайды.  Ана тілім,  жүрек үнім,  биік болсын мәртебең,  тілек үнім.  Тұғырлы болсын тұрағың,  өзіңсің тілім жұмағым.  Сен құласаң құладым,  сен мұңайсаң жыладым.  «Тілімді өлмес тіл ет»  деп,  Бір Алладан сұрадым.  Қазақ тілім мақтаным,  өзіңсің жазар жыр,  әнім! 
       «Өзге тілдің бәрін біл,  өз тіліңді құрметте»  деп Қадыр Мырза Али атамыз айтқанындай,  өзге тілді біліңіздер, қазақ баласы қаншама тілді біліп,  сол тілде емін еркін сөйлей алса әрине қуанамыз, бірақ,  қанша тілді білсеңізде,  қазақ елінде тұрғандықтан ана тілде сөйлейік,  ана тілді насихаттап,  өзге ұлт өкілдеріне мақтанышпен жеткізейік,  қазақ бауырларымыз өзге тілде сөйлеп жатса,  ана тілде сөйлеуге шақырайық... Бәрі өз қолымызда,  ана тіліміздің мәртебесін өсіру де,  өшіру де бір-ақ сәтте...  Ана тіліміздің мәртебесін өсіру жолында насихат жүргізу әрбір Қазақстандық азаматтар мен азаматшалардың міндеті деп ойлаймын.  «Сырлы тіл, жырлы тіл, нұрлы тіл - қазақ тілін ғасырлар бойы қастерлеп сақтағандарыңыз үшін, қазақ бауырлар, сіздерге бек зор рахмет!»  деген екен Хасан Туфан өз ризалығын көрсетіп. Әрине бұл пікір мені қуанта түсті, енді сан ғасырлардан бері ата-бабалардан мұра болып келе жатқан ана тіліміздің мәртебесі төмендеп,  күннен-күнге жойылуына жол бермеуіміз керек.  Осындай сырлы тіл, жырлы тіл,  нұрлы тілді аялай білейік,  қастерлей білейік!  Тіл — Ұлттың тірегі,  соғып тұрған жүрегі…  сол жүрегіміз мәңгі соқсын, мәңгі лүпілдесін,  қазақ тілім жасай берсін,  қазақтығым жасай берсін,  азаттығым жасай берсін,  азат күнім жасай берсін!  Биылғы Қазақстанның тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын!  Көк туымыз көк аспанда желбірей берсін!  Қазақ тілімнің мәртебесі жоғары болып, қазақ тіліміз «мемлекеттік тіл» —  мәртебесі,  тұғырынан құламасын! 
 
«Ғажайып Қазақстан-2050» журналының меншікті тілшісі Жібек Искакова,  Түркістан қаласы 10.10.2021ж 





Пікір жазу