Біздің ауыл Алматыдан сұлу ед
Біздің ауыл Алматыдан сұлу ед
Келгендерге бейілі кең даладай.
Соны айтқанда кейбіреулер сүйінед.
Туған жерге еркелеген баладай.
Ағайын жұрт не десе де көтеріп
Керек жерде жәрдем беріп қолдайды.
Шенеунікті қойса-дағы әкеліп
Қазынаны тонау мұнда болмайды.
Ел мұраты мұнда биік саналып
Малдас құрып төрде отырар даналық.
Қыс соңынан көктем келген сияқты
Өмір өзі отырады жаңарып.
Өзгертем деп мына кәрі дүниені
Мұнда адамдар бәлсінуді білмейді.
Ел мұратын елемеген пенденің
Ел ішінде айтқан сөзі жүрмейді.
***
Біздің ауыл Алматыдан көп үлкен
Арман қуған әуес тірлік жөнімен.
Не ғажапты өзге жұртта болмайтын
Бала шақта ауылымнан көріп ем.
Менен ауыл сұрамапты бергенін
Ертегідей келешек-ті сенгенім.
Басқа жаққа бара қалса бас шайқап
Ауыл жайлы айтатын жұрт көргенін.
Өзгеше еді ауыл жұрты сыйымен
Жұпыны да жеріне ұқсас түрімен.
Аумайды ғой құшақ-құшақ лебіздер
Көктемдегі қырдың қызыл гүлінен.
Құбылмайды онда жиі күн деген
Көшелерін көмкерсе де гүлменен
Біздің ауыл Алматыдан қораштау
Сұлу бірақ сыпайылау түрімен.
Жүректердің сүю болса қалауы
Тазалықтың мәртебесі жоғары.
Басқа жерді қанша жақын тұтсаң да
Туған жерің одан ыстық болады.