28.10.2021
  180


Автор: Келіс Рахымжанов

Түсесің ғой түсесің күнде өмірдің тезіне

Түсесің ғой түсесің күнде өмірдің тезіне
Кейде соны жүресің жан-тәніңмен сезіне.
Сыбыр-күбір әңгіме айтылады не түрлі
Құлақ қойып байқасаң әркімдердің сөзіне.

Алаң боп жүр көңілі талай адам сөзге еріп
Жеме-жемге келгенде сөз кеткен соң өзгеріп.
Қазір мақтап тұрғанын жамандайды ертең кеп
Қиракезік қу тілді сенделгенге кез келіп.

Қудың сөзін құнсыз жүр қостап қойып сөзге ерген
Түбі шикі абайлап тіл тауып жүр ездермен.
Бірақ оны көзіне де ілмейді-ау
Білімділер көз көрген.

Қулық сөзді көркемдіп жеткізсе де білгенге
Өрісі оның тарылып сала берер бір демде.
Қисық сөздің құрығы жете алатын жер алыс
Сөзі жуан ортадан сәл қашықтау жүргенге.

Өтіріктің кей-кейде озып кетіп заманы
Адалдықты аңдаусыз жағасынан алады.
Сәл нәрседен сезікті желкесімен сезетін
Қу боп алған қисапсыз бұл заманның жаманы.

Арпалыса беретін күнімен де түнімен
Алысуда адамдар әз заманның сұмымен.
Айналаңа кей-кейде жалтақ-жалтақ қарайсың
Қауіп төніп тұрғандай көп залымның бірінен.




Пікір жазу