Поэмалар ✍️
Айша бибі
Күз... Бұлттар... Жер тамаша...
(Айша бибінің соңғы сөзі)
Құлақ күйі
Биссімиллә, алда дәптер ашылып,
Сөз бастайын бір Аллаға бас ұрып.
Көлеңке де көп жылады бұл кеште
Ақ қайыңның мойнына үнсіз асылып.
Қара түнде шабытымнан шам жағып,
Әлдилендім бір әуенге арбалып.
Тарихты танытқандай
Тамыр боп
Жүрегіме жолдар келіп жалғасып.
Тасқа түскен таңбаларды көнерген,
Оқиыншы от жағып бір өлеңнен.
Ақ киімді абыздайын дем салып,
Туған дала бұлты да өтті төбемнен.
Жел де тоңып жүрген сынды дірілдеп,
Жұлқынады қос иығын жұлып жеп.
Көкірегім төкпек болған күйіме,
Күмбездер де үн қосады күбірлеп.
Сары алтын ай сағыныштың ерні ме?
Маңдайымнан кетті сүйіп мені де.
Жыпылықтар жұлдыз біткен,
Тік қарап
Тұра алмай менің мұңлы көзіме.
Ақын едім алып ұшқан жас талап,
Тағылымын берген таулар тас қабақ.
Құмарынан шықсын сүйіп қаламым,
Бұл ақ парақ секілді бір ақ тамақ!
Жырым еді бибі анама арналған,
Кешір, Алла, асып ақсам арнамнан.
Сақта мені орта жолда қалғаннан,
Сақта сөздің тайғанынан таңдайдан.
Кездесу
Үніменен тазаратын азанның,
Түркістаннан басталады жазарым.
Ақ ордаға тіреді бір ат басын,
Ғасырларды ендей өтіп ғазалым.
Жаны аумайтын мөлдір шықтан, тамшыдан,
Қас жауына көлде ұшқан қаршығам,
Қарлықтардың патшасы осында
Қонақ болып жатыр еді Арсылан.
Шөл болса елі кете алмайтын көл іздеп,
Еліменен кеткен жаны егіз боп.
Таңғы баққа, таңғажайып әлемге,
Өзі жалғыз шыққан еді сейілдеп.
Бүкіл әлем кеткендейін гүлденіп,
Тұрды бақ та түмен түрлі түрге еніп.
Тұрды патша мың шоқ гүлдің ішінен
Жарты жүрек секілді бір гүл көріп.
Жарты жүрек...
Таңғы самал тербеген...
«О, Құдірет, мен мұндай гүл көрмегем.
Бұл жалғаннан іздейсің бе жартыңды,
Жарты болып өндің екен сен неден?»
Ұшатын құс секілденіп қомданып,
Тұрды патша жарты гүлді қолға алып.
Елжіреді гүлді басқа елемей,
Жарты жүрек жайлы тұрды ойланып.
Ғажайып ән саулағандай ғарыштан,
Құлағын бар тыңдағандай салып маң.
Көзіне бір шалынды оның ақ бейне,
Ақ құс ұшып келгендейін алыстан.
Аппақ бейне,
Не бір құшақ ақ тұман,
Мекен іздеп жүрген аспан астынан.
Аппақ бейне ақ аспаннан сорғалап,
Жер бетіне келіп жеткен тасқын-ән!
Ақ бұлттардан түсті ме екен үзіліп,
О, ғажайып, болар бұны кім ұғып?
Аппақ бейне жақындады,
Ақ көйлекті
Ару екен келе жатқан жүгіріп.
Ақ жамылғы желпи түсіп арқадан,
Таңның таза ауасын мың шайқаған.
Гүл суарып жүріп мана бақшада,
Ғажайып бір көбелекті байқаған.
Қардай таза, ардай таза тілекпен,
Аруды алғаш сезім билеп дір еткен.
Байқап еді көбелекті кып-қызыл,
Еш айнымас қып-қызыл бір жүректен.
Таңның қызыл шуағына жалғанып,
Сұлулыққа тұрды сұлу арбалып.
Бұл жалғанның өң-ретіне таңғалып,
Бір Алланың құдіретіне таңғалып.
Мекен етіп өң мен түстің арасын,
Тұрды сұлу есін ап бұл жарасым.
Бүтін жүрек қанаттарын жайғанда,
Жарты жүрек жиып алса қанатын.
Көбелекті бар сабырын сарқыған,
Көрді дүние қыз көзінде тамшыдан.
Көбелектің,
Жоқ, көбелек емес-ау,
Бір жүректің кетті қуып артынан.
Бір жүректі бір бүтіндеп, бір бөліп,
Көбелек жүр бірде ұшып, бір қонып.
Пәктігіне қыз жасының тамған бір
Таңғы шықтар таңғалады тербеліп.
Таңдайынан ән саулаған таң құла,
Тынып қалды,
Таңғалып шын қалды да.
Кешіп келді мөлдір шығын майсаның,
Жетіп келді Арсланың алдына.
Мынау қайдан шыға келген «бәле» деп,
Тұра қалды қыз сақтаған ар-әдеп.
Ұшып келіп қолындағы жігіттің,
Құшып көріп гүлге қонды көбелек.
Бұл ғажапты екеуі де байқаған,
Көбелекті гүлді сәл-сәл шайқаған.
Бүтін жүрек қос қанаты қонғанда
Жарты жүрек бола қалды қайтадан!
Екеуі де тұр ғажапты ұғынып,
Жаппар ием, тек өзіңде ұлылық!
Көбелекте жарты жүрек,
Гүлдегі
Жартысымен бүтінделді бірігіп!
Бір Алланың құдіретіне қараңыз,
Ұлылық ол жетпес мәңгі санамыз.
Қарлықтардың патшасымен осылай
Табысыпты алғаш Айша – анамыз.
Уәде
Әлхисса, Қарлықтардың патшасы Арсылан мен әйгілі оқымысты, ақын Сүлеймен хакім ата Бақырғанидың қызы Айша анамыз осылай табысып, танысады. Мәңгі бірге болуға уәде беріседі. Арсылан патша Айшаға күзде келемін деп уәде беріп, аттанарда былай дейді:
Жүрегім бір өзіңе мәңгі ғашық,
Жас жаным кетті жайсаң жазға ұласып.
Қап-қара қасың қандай
Түннен қиып
Алғандай жаңа туған айды басып.
Көңілім мәңгі өзгермек емес, күнім,
Жалауы сен деп білеп желектінің
Жүзіңді жаратқандай жаппар ием,
Дәлелдеуге қардың ақ еместігін.
Көмейіңнен тараған үнді жұтып,
Ақ бұлттар бара жатыр мүлгіп ұшып.
Қара шашың болмаса
Қара түн де
Оралмай қоятындай бізді ұмытып.
Көп өтпей оралар-ау күзім күткен,
Ақ тілегің айнымас, күнім, сүттен
Ақ тісіңді көргенде ақ мәрмәрдай
Жұлдыз біткен өзінің жүзін сүрткен.
Көрмедім, о, дариға-ай, білегіңді,
Көрермін берсе тәңір тілегімді
Шоршыған ақ шабақты ұстағандай,
Білемін қысып ұстап жүрерімді.
Әлемде сен болмасаң бар ма көрік ?
Ақылдың кені, ардақтым, арға берік.
Қасыңда аз күн аял етер едім,
Қалыпты ел шетіне жау да жетіп.
Ырзамын бұнда өткен үш күніме,
Қайран ел еске тағы түсті міне.
Оралам қоңыр күзде,
Қара таудан
Шығар салармыз-ау құсты бірге.
Әлхисса, сонда Айша Қарлықтар патшасы Арсыланға өз көңіліндегі сырын былай шертеді:
Желбіретіп ту алып,
Жеті таудан өткенсің.
Жекпе-жек десе қуанып,
Желпініп жауға жеткенсің.
Нар бойламас өзенді,
Дуылғаң бар сапырған.
Жебей тартқын жебеңді,
Жылдамырақ жасыннан.
Ардақ тұтар аймағың,
Қолыңда асыл алдаспан.
Суырсаң-ақ жауларың
Ақылынан алжасқан.
Асырғын жаудан айлаңды,
Қалмағын босқа ұрынып.
Ұстасаң серпе найзаңды,
Қалады бұлттар ілініп.
Ат қылып білем міндің көп,
Арыстанды ақыртып.
Төгілмесін бір қыз деп,
Жанарыңнан асыл шық.
Азабын мұңның тартып та,
Күтетін ұзақ шығармын.
Еліңнен бір қыз артық па?!
Жауыңды жеңіп оралғын.
Тыныштық болсын еліңде,
Алладан соны тіледім.
Биыл ма, әлде, кейін бе ...
Келесің күзде ...
Білемін...
Зауал
Ел шетіне жау да жетті шуылдай,
Тауға жетті бейне қара құрымдай.
Көкке ұшады ащы шаңы ерменнің,
Бейуаз елдің ащы зары, мұңындай.
Тосқауыл қоймаса, егер, жолында,
Қайран орда қала алмас-ау орнында
Сай-сүйекті сырқыратар боз інген,
Айналғандай көмейі қыл қобызға.
«Алдыменен малы менен қырын ал,
Одан кейін орда тұстан шығыңдар!»
Тай кісінеп таңба басып жатқандай,
Шұрқырайды шұбырып бір құлындар!
Дұшпан шуы ел шуына қосылып,
Ана жылап,
Бала жылап шошынып.
Сәбилердің сары алтындай маңқасы,
Көз жасымен бірге ақты қосылып.
Күңіренді күнде бүгін батарда,
Жүгіреді ел жүгін артып атанға.
Жасын төгіп жасынды аспан жылайды,
Жер қайғысы көкке дағы батама?!
Ошақтарда ұйтқый жанған от қалды,
Түгендейтін кез бе мынау жоқ-барды?
Жауда асып келе жатыр көк белден,
Ауыл қалып келеатқандай көкпарды.
Көктем өрген бұрымындай бұлақтың,
Сәбилерін сәуле көрген аз-ақ күн,
Жасырам деп
Жалаң қолмен аналар
Отын шаша бастады жерошақтың.
Айырам деп жеріңнен де, дініңнен,
Жау қабағы қара аспандай түйілген.
О, аруақ,
Құйғып келіп біздің қол
Ақ найзадай жауға төнді бүйірден!
Адуынды топқа айнымас дауылдан,
Дүп келген жау айырылды сабырдан.
Қан сапырды суымен бір жаңбырдың,
Ақ қылыштар қара түнде шабылған.
Түркі текті біздің әскер қасқыр-ау,
Досқа мақта, ал, дұшпанға ақ қырау.
Бүйірінен тепкен иттей қыңсылап,
Белден асып бұралаңдап қашты жау!
Жау әскері бекінді де белді асып,
Ер Алашпен көрмек болды арбасып.
Ер Арсылан ел мен қолды басқарған
Осы шайқас жатты үш жыл жалғасып.
Ажалдан хабар келгенде
Таң да атты.
Көкте сөніп мың шырақ,
Күзгі дала күңіренді нұр сұрап.
Әр қурайды бір-бір иіскеп,
Түшкіріп
Жетім күшік-жел барады қыңсылап.
Жағылмаған сияқты үйде от мүлде,
Қыбырлаған көрінбейді ешкімде
Терезде қызыл сәуле аздаған,
Таңның қолын әйнек тіліп кетті ме ?
Бір-ақ күнде жатып қапты күз сұлық,
Жапырақтан тоналыпты мың шыбық.
Бас иеді,
Тас иегі дірілдеп
Тау да жасып әлде неден түршігіп.
Күннен ұрлап кетті екен отты кім?
Бұл өмірде ешбір өрнек жоқ бүгін.
Басын төмен салады-ай бір күзгі орман,
Аттай айғыр жұлып алған шоқтығын.
Айша ару жүзі аппақ, ақ жүрек,
Терезені тәлтіректеп ашты кеп,
Көзін жұмып жатар еді жалқы сәт,
Кірпіктері қабыспады жас тіреп.
«Неге ?!...» -деді ол.
«Неге? Неге ? неге?»-деп,
Ғайыптан бір жаңбыр өтті себелеп,
Ашық тұрған терезеден әлсіреп,
Ұшып енді сол бір жүрек көбелек.
Көңіл құрғыр бұған сәтке алданып,
Алақанын жая берді қамданып.
Ұшып еніп бөлінді де екіге
Ғайып болып кетті ауаға айналып.
Қақ бөлініп түскен кезде бір жүрек,
«Аллам-ай»-деп, Айша аспанға бұрды бет.
Оның аппақ жүзін ғана емес-ау,
Күллі әлемді бір суық леп ұрды кеп...
Сапар
«Айналайын аппақ арман, ақ арман,
Шыға алмаймын ажал дейтін аралдан.
Ақ арманды айтып қайтем, Аллам-ау,
Бір тал шашты қимадың ғой ағарған.
Пендемін ғой қашанда бар бір өлім
Мәңгі соғар темір емен жүрегім.
Жүрек екі бөлінді ғой білемін,
Ажалама көрінді ғой білемін!»
Қардай аппақ саусағымен ақ мамық,
Бар жақынға қалдырды бір хат жазып.
«Құшағында тапсырам – деп – жанымды,»
Арсыланға кетті жалғыз аттанып.
Секілді бір ылдидағы ақ бұлақ,
Тақымында оқша атылды ақ құр ат.
Қоңыр күзді өртеп кете жаздады,
Тұяғынан от шашырап шапқылап!
Көз алдында көкшіл сағым, көк мұнар,
Көк мұнарды жарып өткен оқ шығар!
Сұңқыл қағып, қанатымен дем беріп,
Бірге ұшып келе жатты аққулар.
Көңілі бар көкжал- қайғы торыған,
Көбелекті ажалына жорыған.
Жердің төсін дүбірлетіп қоңыр аң,
Жосып еріп келе жатыр соңынан.
Жасы күзгі топыраққа құйылып,
Шауып келед бір Аллаға сиынып.
О, құдірет, алдын ашып келеді,
Жолында шөп екі жаққа жығылып!
Жағасына келіп жетті Асаның,
Білді осында құшаққа өлім басарын.
Жетті ажал...
Соқты өлім сағаты,
Білмейді ешкім одан қайда қашарын.
Қаша алмайды және ешқайда қашпайды,
Бір Алланың сызығынан аспайды.
Аттан түсіп, намаз оқып, жуынып,
Мұсылманның парыздарын сақтайды.
Түсті Айша ақ торғындай атынан,
Сәукелесін алды шешіп басынан.
Ажал сонда абжыланға айналып,
Тұрды күтіп қара тастың қасынан.
Ақ жолменен бұл өмірдің ақырын,
Өткермекші көрмесе де ғашығын.
Жуынған да сұлу суға абжылан,
Сәукелеге алды кіріп жасырын.
Тағдыр ісі, о, несіне ашынам,
Қалды артында ақ жолы мен асыл ән.
Айша қайта киінгенде абжылан
О, дариға-ай, шағып алды басынан!
«Өкінбеймін, бабаларға барамын,
Аллам несін мен мазаңды аламын...»
Есеңгіреп жатып біраз,
ес жиып
Оқыды Айша ең соңғы бір намазын.
Нышан
Сыңсыған бір үн жетеді шалғайдан,
Самал болып мұң еседі маңдайдан.
Ат үстінде үш жыл жаумен алысып,
Ер Арсылан келе жатты майданнан.
Кеудесінде қаны қатқан ақ сауыт,
Әрең басып келе жатыр ат та арып.
Көк аспанда тұра қалды жүрек боп,
Құбыладан ұшып келіп ақша бұлт.
Ғашық жардың көзіне ыстық көрініп,
Өлең болып тұрғандай бұлт өріліп.
Ақ тілектей қалқып тұрған ақша бұлт,
Ғайып болды кенеттен қақ бөлініп.
Қалт тоқтады басын тартып атының,
Тоқтады қол қалын бағып батырдың
Өмірінде алғаш рет жылады,
Аққандығын аңғармады жасының.
«Айналайын, аяулы Айша, жарығым,
Жартысы ұшып кетер ме екен жанымның!»
Деп бір ауыр күрсінді де
Киелі
Жасауылға шақыр деді абызын!
Абыз келді айтар басқа сөзі жоқ:
«Аттан! Аттан! Жақсы саған тезі»-деп
«Молланы ертіп, неке суын алып ал,
Ішесіңдер қалған кезде кезі кеп.»
Шапты батыр сұрамастан орынын,
Жүрегі айтты қайда екенін жолының.
Күңіреніп абыз қалды артында,
Еңіретіп шертті ұзақ қобызын.
Қоштасу
Келді батыр.
Қарауытты тас қана,
Қимылдайды бос жүрген ақ ат қана.
Ақша бұлттар жылап көшіп барады,
Басқа әлемнен іздейтіндей баспана.
Айықпас бір қайғы барын түсінген,
Тұман басты тұл даланың төсін кең.
Сандырақтап жатыр сары жапырақ,
Шошып тұрған сәби сынды түсінен.
Сағындырған бір бақыттың құсы шын,
Көрді алыстан сәукеленің үкісін.
Көзден жасы жатты маңға шашырап,
Шыжғырғандай бір көмірдің шоғы ішін.
Жетті батыр ақ құсының қасына,
Жоқ шешілген сәукелесі басында.
Өмірге енді таласы жоқ расында,
Ағызуға шамасы жоқ жасын да.
Кеседейін болған шайы ішіліп,
Өмір оны тастағандай ысырып.
Ақша жүзі кеткен екен ісініп,
Сұлық жатыр сөйлей алмай қысылып.
Жылан-ажал тайып тұрған жыраққа,
Жас төгеді қалған қайғы ақ ат та.
Ештеңе де естімеді жас батыр,
Барлығын да түсініп тұр, бірақта.
Көкірегін қарып өтті үскірік,
Ұшты алсқа көкірегін құс тіліп.
Айғайлады: « Бибі болдың Айша енді!»
Неке оқытып, болып суын ішкізіп.
Ажал келіп ақ өмірді жұлып жеп,
Әттең, дәурен қас қағымда бүлінбек.
Құшағында ақыреттік жарының,
Соңғы сөзін айтып жатты күбірлеп.
Жалғады әрең сөздерінің арасын:
«Жер тамаша ... о, тамаша жарасым.
Ақ қанатты бұлты бастап Алтайдың,
Мені іздеп келер күзде бір ақын...»
Соңы