27.10.2021
  152


Автор: Қалау Сәлеметбайұлы

Ғаламда бұрын болмаған

Ғаламда бұрын болмаған, білемін, жаңа бояумын,
Көктемде көбелек қанаты өткенде желпіп ояндым.
Алаяр ай – көз,
Көк аспан көргенде осы көрікті,
Тағдырыма ризамын,
Көз жасыма езіп беріпті.
Сезімтал мынау дүниеге мен келген сегізінші нотамын,
Айта алмай кеткен зарынан алғамын оны ботаның.
Құлқыны тоймас, ей, қоғам, оны да, бәлкім, қылғырсың,
Сегізінші нота үнсіздік әуені шығар, кім білсін?
Түйсігіме көшеді тастарда қалған жазулар,
Оқиын десем, сәт сайын басады қайғы - қалың қар.
Шуылға толы әлемге керек пе үнің бұл сенің?!
Түтініне орап шылымның сөзімді көкке бүркемін.
Саралар сөзді бұл маңда қалыпты, білем, сот қана,
Өліпті қурап емендер,
Көлеңке тірі тек қана...
Көшпелі құмды құшақтап құтқармақ болған ғарыппын,
Айтамын тағы теңізде жүргенін шөлдеп балықтың.
Салбырап көктен мың сәуле байланып айға аяғы,
Тінтеді жерді жоғымды іздесіп менің баяғы.
Кірпігімді жүздірем көзімді жасқа толтырып,
Қар - құсын іздеп сүйем деп алған бір өзім өлтіріп...
Бір өмір мені сағынтқан оттан да ыстық бір ән бар,
Кетердей еріп шырқасам самайда әппақ қыраулар...
Тышқаны болып тірліктің тыныштықты ұзақ кемірдім,
Ақ шашын күнге боятып келеді тағы кемпір – түн.
Дәуірім дәрі ішкізген ойларым сәтке оянды,
Күн түсіп еске күйдірер,
Таң түспей кейде қояды...
Есейіп төмен құладым,
Тауларда заңғар өстім де,
Етекте жатыр езіліп басылған көңіл көшкінге.
Мен, бәлкім, дыбыс шығармын естілмей өтер ешкімге,
Бояу боп жырда тұрармын,
Көрінбей, бірақ, ешкімге...





Пікір жазу