26.10.2021
  363


Автор: Серік Қалиев

Казағым

(Мұқағали мен Абайша)

Қазағым, ғажапсың-ау, дегенменен,
Басқадан көрмегенді сенен көрем.
Байыңда жоқ, уайым, қауіп жайы,
Ойыңда жоқ бір күні өлем деген.

Қазағым, сүйем сені, бірақ, бірақ...
Мейіріңді қайтемін жылап сұрап?
Маған деген пейілің парша-парша,
Саған деген көңілім құрақ-құрақ...

Кімің қалды, нең қалды сатылмаған?
Үрдіс болған қылмысқа шатылмаған?
Жеп тойғанын аңғармас аурудай,
Кеп қалғанын білмейсің ақырзаман.

Қарадай мұсылманды қаралайсың,
Құранда не жазғанын қарамайсың!
Заманақыр кеп қалса, құтылмақ боп,
Шырақ алып, шұңқырды паналайсың.

Күні-түн карта соқсаң мәз екенсің.
Балаң намаз оқыса, баж етесің.
Есікте жатқан масты байқамайсың,
Мешітке барған жасты сөз етесің.

Саяси діни білім жетпегесін,
«Бандит!» деп мұсылманды кектенесің.
Күнәдан қашқандардан күдіктеніп,
«Уахаби!», «Сәләфи!» деп жек көресің.

Дінменен соғысуда бақыт бардай,
Өте алмайсың көзіңмен атып қалмай.
«Соңғы елші еврейден шықпады!» деп,
Құдайға өкпелеген яхудтардай.

Адал жүре алмастан ақшаң барда,
Сауық қудың жағдайың жақсарғанда.
Қуанады жүрегің жарылардай,
Бір-біріңнің көзіңе шөп салғанда.

Сәл тойынсаң, бұтыңды талтайтасың.
Қарап тұрып, адамды қартайтасың.
Көп төбет қамалаған аш бөрідей,
«Семізбін!» деп жүніңді қампайтасың.

Түссем деп көп көзіне кимелейсің.
Қай жерде тамақ болса, үймелейсің.
Партадан жаңа шыққан жас баланы,
Парақор оқуына сүйрелейсің.

Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар,
Сумаңдаған сұғанақ, ала қолдар,
Ауыл толы маскүнем, ұры қары,
Алаяқ пен зинақор қала толған.

Сүрең қосып ғаламдық дүрбелеңге,
Момындарды тоғыттың түрмелерге.
Қаһары кеп Алланың, Алатауда
Бес мың ағаш сұлады бір дегенде.

Жаңатаста жел жұлып шатырыңды,
Баспанасыз қалдырды пақырыңды.
Темірбетон мұнара, бағаналар
Бір-ақ сәтте сәждеге жапырылды!

Қылықтарды бастады қызың оғаш.
Бұзықтар кеп жабылды құжынап аш.
Суық жүріс сумақай көбейген соң,
Су шайды да жоқ болды Қызылағаш.

Қызығы осы екен деп тіршіліктің,
Жасайсың күнәларды құлшынып бір.
Жұмыр жердің жүрегі түршігіп құр,
Табаныңның астында сілкініп тұр!

Сел басып Батыс, Шығыс, Оңтүстігің,
Шөл басты егін шықпай Солтүстігің.
Табынар Құдайыңды таба алмастан,
Табанын жалай бердің әр күштінің.

Сай келмей жатады ылғи сөзге ісің де.
Себебі сене алмайсың өз күшіңе.
Жігерің жанышталды, жасыды әбден,
Үш ғасыр үстем жұрттың езгісінде.

Білмеймін не күтеді алда сені.
Көз бояу, бос мақтанның бар ма соңы?
Сен мықты болсаң, ата қонысыңды,
Тең бөліп Орыс, Қытай алмас еді.

Өткен күн қауіппенен қатер етін.
Жендетің желкеңдегі жат ел етін.
Санаңды емдеп, бүгін кез келіп тұр,
Саныңменен сапаңды көтеретін.

Қарахан дәуірінде керемет ең.
Әрбірің жауынгер ең төреге тең!
Құлдық мінез құлықтан құтылуға,
Бізге енді қанша ғасыр керек екен?

Маңдайың талай мәрте тасқа ұрылған.
Тасада бұғып жатқан дәстүрің бар.
Білгенің - бауырыңның артын шұқу,
Жүргенің айыға алмай мастығыңнан.
Кісідей тырп ете алмай тырбаңдайсың,
Түсіне шайтан кіріп бастырылған!

Қазағым, сүйем сені. Бірақ, бірақ...
Сен мені қарсы алмайсың гүл атқылап.
Шайтан кеп шайырыңа шағыстырса,
Өсегі нәлетінің ұнап тұрад...
Бес уақ әр күн сайын тілеп жүрем,
Басыңда болса екен деп тұрақты бақ!..




Пікір жазу