БІР ЕЛДЕ БІР "МЫРЗА" БАР УАЙЫМЫ ЖОҚ...
Бір елде бір "Мырза" бар уайымы жоқ,
Сөзінің шындығы аз, ойыны көп.
Көзінің дүниеге тойымы жоқ,
Өзінің қауымына қайыры жоқ.
Бір елде бір "Мырза" бар тайраңдаған,
Елінің ертеңі үшін ойланбаған.
Табаны тиген жерді ойрандаған,
Ешқашан əділдікпен сайланбаған.
Бір елде бір "Мырза" бар қала салғыш,
Тарихты қолдан жасап ала салғыш.
Жан болса ағат кеткен жерін айтқан,
Аямай абақтыға сала салғыш.
Бір елде бір "Мырза" бар той тойлағыш,
Өз-өзіне тамсанып пай-пайлағыш.
Орайы келмеседе ұрандатып,
Маңайы атын айтып айқайлағыш.
Бір елде бір "Мырза" бар қажымаған,
Туысы ұры-қары, уəзірі арам.
Жұлып жеуді жұмысқа айналдырған,
Ұлтына құдай берген қазынадан.
Бір елде бір "Мырза" бар ақын,батыр,
Ешкімнің дəті жетпес қатуға тіл.
Пайдаға өлшемі жоқ батып жатыр,
Себебі Елін Жерін сатып жатыр.
Бір елде бір "Мырза" бар сарайы көп,
Сарайларда қол сүйгіш малайы көп.
Жалпының сүйіктісі көрінгенмен,
Халқының оңалатын орайы жоқ.
Бір елде бір "Мырза" бар төсек құмар,
Алу мен көбейтуден есеп құрар.
Өзінің қорасында тұрмаса егер,
Ат түгілі парақтыда есек қылар.
Бір елде бір "Мырза" бар көзі жүйрік,
Баршаға əрбір айтқан сөзі бұйрық.
Ол кісінің атымен қатар қойып,
Алланың атағының өзі "ширік".
Мырза жоқ ешбір елде ғажап мұндай,
Момын жұртын тоздырған қажып тынбай.
Жаратқаным сол бір елді мазақ қылмай,
Мейірімсіз мырзасынан азат қылғай.