26.10.2021
  1004


Автор: Ринат Зайытов

Бірлікке шақыру

Ал жігіттер!
Айт дедіңдер.
Не дейін?
Жалған мақтар емеспін ғой өгейің.
Дос жылатып айтатыны рас болса,
Мен сендерді қайрау үшін сөгейін.
Шеттеріңнен арқалысың, дауылсың,
Бұл сөзді айту өзіме де ауыр сын.
Айтпасыма жібермей тұр намысым,
Себеп маған барлығың да бауырсың.
Мен батырмын деп кеудеңді қағасың,
Өз өреңнің өлшеп білмей шамасын.
Сондықтан да беру қиын емес қой,
Бойыңдағы батырлықтың бағасын.
Бабам батыр болып еді деп шіренбе,
Жетімде де жеті ата бар бұл елде.
Өткендердің ерлігіне тығылмай,
Өзің қандай ерлік қылдың түгенде?!
Батыр болған атаң Берлин алғанда,
Ағаларың барған кезде ауғанға.
Ал сен бауырың, туысыңды тепкілеп,
Жақыныңды жек көресің жаудан да.
Сонан кейін батырмын деп шығасың,
Атаман боп алақандай ауданға.
Дұшпан емес орыс, шешен, күртің де,
Жалғыз жауым өз ұлтың, өз жұртың де.
Туған жерді қорғау емес батырлық,
Туысқанды қорлау болды бұл күнде.
Шамаң келген жерде ғана шалқақтап,
Ары-бері талтаңдайсың, талтақтап.
Қалталы мен мәнсаптыны көргенде,
Жан-жағыңа жымиясың жалтақтап.
Ұры-қары, жемқор, сайқал туғаның,
Боп кеткендей бөлісесің думанын.
Халқың үшін үн шығарып мыңқ етпей,
Шалқу үшін атқа қонып туладың.
Айыра алмай досың менен қасыңды,
Жөн көресің бос есіріп тасуды.
Ұлтың үшін ши сындырып көрмедің,
Құлқын үшін бәске тіктің басыңды.
Жұдырығыңа жеті жұртты қаратып,
Мәз боласың қазақ бетін қанатып.
Желкеңді үзер жігіт шықса алдыңнан,
Арыз жазып, абақтыға қаматып.
Ән салғыздың, би билеттің талайға,
Бишараны братишкаңа сабатып.
Жетер енді, батырмын деп сарнама,
Өз-өзіңді құр бекерге алдама.
Батыр болсаң, қазақ қызын алам деп,
Қара қытай бермес еді жарнама.
Бүкпес едің, тексіздерге беліңді,
Бейбіт күнде атқызбас ең еріңді.
Келімсектер тартып алып кеніңді,
Сүндетсіздер таптамас еді жеріңді.
Батыр бабаң қасқыр болған абадан,
Бүгінгілер ит бір-бірін талаған.
Әлі жеткен адамдарға қабаған,
Бай, мырзаның аяқтарын жалаған.
Жоқ сендерде сабырлық та, кеңдік те,
Алаш айтқан бір сөзге мән бердік пе?
Шын азамат сыналады ерлікте,
Ал шын ерлік сыналады елдікте.
Солай бауырым!
Доғарайық қыртуды,
Сен ойламай, кім ойлайды ұлтыңды?
Жолымызды жау кеспеуі үшін біз,
Қолымызбен бірге ұстайық бір туды.
Келешектің садағасы кек болсын,
Бәріңе де бірігетін күн туды!





Пікір жазу