22.10.2021
  554


Автор: Нәбиден Әбуталиев

Қожаберген жырау

(дерек)


Қожаберген 1663 жылы — қоян жылы, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Жамбыл ауданының «Благовещенский» совхозының Гүлтөбе деген жерінде жоғарыда өзіміз айтқан Толыбай сыншының семьясында дүниеге келген, Анасы Ақбілек — Орта жүз Сүйіндік арғын Айдабол бидің қызы. Қожаберген бала кезінен бастап әкесі Толыбай сыншының туған нағашысы — Кіші жүз Әлім ұлының Төртқара руынан шыққан атақты Жалаңтөс баһадүр Сейітқұл ұлы ұрпақтарының қолында болып Үргеніш, Бұқара, Самарқанд медреселерінде оқиды. Себебі Сейітқұлұлының әулеті сол кезде осы аталмыш шаһарларда тұрған еді. Қожаберген медресені бітіріп, имам атағын алса да қожа, молда, ишан, софы болмайды. Себебі он үш жасынан өлең шығарып ақындық жолға бет бұрады, ал он жеті жасында кемел ақындар қатарына қосылады. Аңыз әңгімелерді хисса - дастанға айналдырып жыр етеді. Сол уақыттан ол батыр ағаларына еріп жорыққа аттанады. Мұны жырау өз өлеңінде айтқан.


Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел-жұртым деп атайды мені имам.
Жорыққа он жетімнен араласып,—
Болғам жоқ, молда, софы, қожа, ишан.


Қожаберген Самарқанд медресесінде бірге оқыған, жасы өзінен үлкен Кіші жүз алшын ішінде он екі ата Байұлына жататын, Есентемір руының Айбасқали Қабыланұлы деген жігітімен дос болады. Медресені тамам етіп еліне қайтарда Айбасқалимен бірге келіп, Қабылан бидің үйінде қонақ болады. Бидің бой жетіп отырған Айша есімді қызын ұнатып, уәделесіп, көңіл қосады да, өз еліне барып әке, ағаларына айтып, Қарабас деген ағасын ертіп келіп жүздеген жылқы, түйе қалыңмал беріп, құда түсіп, қызды отаулатып алып қайтады. 1681 жылы Айшаның келін боп түскеніне бір жыл толғанда әкесі Толыбай сыншы да, шешесі Ақбілек те дүние салып, Қожаберген мен Айша ағасы Қарабас батырдың қамқорында болады. Қожаберген он жеті жасында жорыққа шығып жүрген кезінде шығарған ұзақ толғауында былай дейді:


Қолбасшы батыр болмасам,
Кебелі сауыт кимейін.
Ту ұстайтын болмасам,
Арабы ақбоз мінбейін.
Талапты жігіт болмасам,
Ұрандап жауға тимейін.
Қару-жарақ соқпасам,
Зергер болып жүрмейін.
Майданда жауды жеңбесем,
Қызық дәурен сүрмейін.
Дулығамның төбесі,
Буылмаса маржанмен,
Басыма оны кимейін.


(Өлең Қазақ ССР Ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында сақтаулы).


Қожабергеннің араб, парсы тілін жетік білгендігіне байланысты ол Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болғанын білеміз. Әз - Тәукенің Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді ақылшы билері оны көршілес Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтарына, парсы еліне, түрікпенге елшілікке жіберіп дипломатиялық жұмысқа пайдаланған. Біз бұдан жыраудың ел ішіндегі сол кездегі саяси, қоғамдық жұмысқа белсене араласқанын көреміз. Оны жыраудың мына өлеңі дәлелдейді.


Тіліне араб - парсы болдым жетік,
Оны да қолданбадым өнер етіп.
Көрші елге елшілікке ылғи барып,
Мен жүрдім қазағыма қызмет етіп.


Ол үлкен шежіреші, білімдар адам болған. Жас кезінің өзінде-ақ қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып «Ата тек» деген дастанын шығарады.


Түріктен өрбіген елді тоғыз дейді,
Тартатын күй аспабы қобыз дейді.
Башқұрт пен қазақ, ноғай, қарақалпақ
Төртеуін шежірешілер оғыз дейді,—
деп басталады да, одан әрі:
Алтай тау қазақ атам туған жері,
Қытай-шүршіт, қалмақты қуған жері.
Алатау, Алтай мен Сыр мекен болып
Оғыздың қобыз тартқан көсемдері.
Қазақтың түп атасы Оғыз - Түрік,
Құт қонған ұйытқы болып орнап бірлік.
Монғолдың Шыңғысханы шапқан кезде,
Керей түгіл оғызға салған бүлік.
Атанған бабам Ғали — Ашамайлы,
Өсірген мыңдап тайлақ, құнан - тайды.
Сібірге ұрпақтары қоныстанып
Ел болып ерте кезден қанат жайды.
Шалқар көл, ну орманды Сібір жері,
Сібірді мекен еткен керей елі.
Егін сап, күн көрудің қамын ойлап,
Бас қосып кеңес құрған би мен бегі,—


деп керейлердің қай жерді мекендеп, қай жерге қоныс аударғанын кеңінен баяндайды. Ал Тәуке ханға арнап шығарған «Жетіжарғы» дастанында өзі мынадай түсіндірме беріп кетеді.


Шығайдан соң орнында Тәуке қалды,
Кезінде Әз-Тәуке деп атақ алды.
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп,
Дейтұғын «Жеті жарғы» заң шығарды.


Қожаберген көп дастан жазған ақын. Өзі қолына қару алып жорыққа шығып, ел қорғауға қатысып, саяси, қоғамдық іске араласып жүргендіктен дастан - жырларында ерлікті, батырлықты барынша дәріптейді. Мәселен: «Ер Көкше», «Еңсегей бойлы Ер Есім», «Ер Қойлыбай», «Қасқа жолды Ер Қасым», «Қабанбай батыр», «Ер Қосай», «Асан ата», «Ер Жәнібек», «Қорқыт баба», «Орақ батыр», «Ер Едіге» секілді тағы басқа халық аузында жүрген дастандары осыған куә. Мұның бәрінде де ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. Бұл жағынан алғанда Қожабергеннің жыр еткен тақырыбының саяси жағынан өте маңызды екенін көреміз. Сондай-ақ, ел ішіне кең тараған «Қарғыс атқан қалмақ - ай», «Шоңғал, шоңғал, шоңғал тас», «Сылаң Сыр», «Балқан, Балқан, Балқан тау», «Қазақ пен Ноғайдың қоштасуы» атты көптеген өлеңдері Қазақ ССР Ғылым академиясының қолжазбалар қорында сақтаулы.


Қожаберген жыраудың жан-жақты талант иесі екенін «Дабыл», «Аңырақай», «Бозайғыр» және өз қолынан жасаған күлдірмамай атты білтелі мылтығына арнап «Күлдірмамай», оған қоса «Шұбырынды», «Сұлама», «Елім-ай» күйлерін және «Елім-ай» әнін шығаруы оның әйгілі, әнші, күйші, композитор болғанын дәлелдейді. Атынан - ақ белгілі болып отырғанындай әндері мен күйлерінің тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезеңдер. Жырау сол кездегі халық зарын ән-күй тіліне айналдырады.


Қожабергеннің ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған атақты шығармасы «Елім-ай» жыр-дастаны. Бұл қазақ халқының өміріндегі ауыр кезеңді суреттейтін өлеңмен жазылған тарихи шежіре, 1723 жылғы ел басына туған апатты күндердің шежіресі.


Қырқыншы жылдардың аяғы, елуінші жылдардың басында ҚазМУ - ге дәріс оқыған белгілі тарихшы, марқұм Ермұқан Бекмаханов өз лекциясында студенттерге «Алқакөл сұлама — ақтабан шұбырынды» оқиғасын баян еткенде осыған байланысты «Елім-ай» жырын шығарған ертеде Қожаберген деген атақты жырау болғанын, бір айыбы осы жыраудың өмірі зерттелмей, белгісіз боп қалғанын өкінішпен айтқан-ды. Сонымен бірге профессор Е. Бекмаханов «Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында «Алқакөл сұлама» емес «Алакөл сұлама» дейді. Шындығында солай. Сол апатты жылда қазақ халқының қырылуының бір шеті Алакөлден (қазіргі Талдықорған жеріндегі) басталғаны рас. Ал Алқакөлді ешкім білмейді, осы көлдің аты жаңсақ айтылып кеткен сияқты» деген еді. Ғалымның сол кезде айтқан бұл тұжырымына Қожаберген жыраудың «Елім - ай» жырындағы мына жыр жолы айқын дәлел болғандай.


Атсыз қап жұрт жүрісі шабан болды,
Халқыма аштың, соғыс жаман болды.
Басталып ел сұлауы Алакөлден,
Ақтабан шұбырынды заман болды.


Қожаберген жыраудың өмірбаяны мен өлең-жырларын, қисса-дастандарын жинап, сақтаған — біз сөз еткелі отырған Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов. Ол жинап құрастырған, Қазақ ССР Ғылым Академиясының қолжазбалар қорында сақталған қазақ халқының жылнама - шежіресінде осы Қожаберген жайлы едәуір дұрыс деректер бар. Онда былай деп жазылған: «Қожаберген Толыбайұлы әрі батыр, әрі жырау, аса дарынды болып туған. 1723 жылы — қоян жылы күзде жолаушылап жүріп, бастан кешкен ауыр оқиғасын баян еткен қиссасы — «Елім-ай» жаугершілік - майдан кезінде шығарылып, ауыздан-ауызға таралып, кейін бұл қисса - дастанды Қожаберген баба өзі хатқа түсіріп кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған».


Қожаберген жырау осы шығармасында өзінің бастан кешкен қиыншылық жағдайын ел басына түскен ауыр апатпен байланыстыра жырлайды. «Елім-ай» шығармасы жеті бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Бұл шығарма біздің бүгінгі күнімізге толық көлемінде жетпеген. Бізге жеткені екі мың жолдай өлең ғана, яғни дастанның бірінші бөлімі. (Бұл түгелдей Қазақ ССР Ғылым Академиясының Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар бөлімінде сақтаулы тұр деп жоғарыда айттық). «Елім-ай» шығармасының бірінші бөлімін түгелдей осы кітапта оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.


Толыбай сыншы кенжесі ем Қожаберген,
Бата алғам Әнет пенен Әз-Тәукеден.
Күйзелген ел жағдайын көзбен көріп,
Өзегім өртенген соң айттым өлең.
Дұшпаннан кек алуға еттік шешім,
Қалайша айтпай қоям мұның несін.
Халқымның хал-жағдайын өлең етіп,
Жырладым апат күннің шежіресін.—


деп өзі айтады Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында.


Бұдан бұрын баспасөзде «Елім-ай» жайлы біраз мақалалар жарияланғанын еске сала кетелік. («Елім-ай» жыр-дастаны, «Қазақ әдебиеті» газеті. 1981 ж. 15 май). Ол мақалада Қожабергеннің өмірбаяны, кім болғаны толық айтылмаған, жыраудың туған, қайтыс болған жылы да жаңсақ көрсетілген. Кейінірек осы жолдардың авторының «Қожаберген жырау» атты очеркі («Жұлдыз» журналы, № 3, 1984 ж.) және «Елім-айдың» авторы кім?» деген тарихи дерегі («Алматы ақшамы», 27 сентябрь, 1988 ж.) жарық көрді. Солай бола, тұрса да Қожаберген жыраудың өмірі мен творчествосы толық қамтылды дей алмаймыз. Оның үстіне 1723 жылдың қайғылы апатының бірден-бір айқын куәсі болған «Елім-ай» жыр-дастанының жеке кітап боп шықпай келуі өкінішті жайт.


Енді «Елім-ай» жырының шығу тарихына тоқтала кетелік.


Қожаберген 1723 жылы көкек айының басында Сыр бойындағы Бестам деген жерді мекендейтін (қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозының жері) қайынатасы Қабылан бидің аулына жұбайы Айша, Науан, Бекет есімді балаларымен және Айбек, Ермек дейтін екі атқосшысын ертіп қонаққа келеді. Үш жүзге даңқы шыққан әйгілі жырау, елші әрі тілмәш Қожабергенді Кіші жүз елі бірінен соң бірі қонақ етіп, әнін, күйін, жырын тыңдап жібермейді. Сөйтіп ол бүкіл жазды Сыр бойында өткізеді. Қыркүйек айының басында, еліне аттанар кезде шығыстан Жоңғар шабуылы басталып кетеді. Сол кезде қазаққа батыстан Еділ бойы қалмақтары да жорыққа шыққан. Осы оқиғаны ақын былайша жырлайды:


Ызғарлы күн шығыстан жел келеді,
Шұбырған Алтай жақтан ел келеді.
Еділден убашы1 қалмақ тағы шапты,
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.
Осылай екі жақтан тиді қалмақ,
Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.
Қазаққа екі беттен шабуылдап
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.
Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.
Жүргенде момын ханым көшіп-қонып,
Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан.
Замана күннен-күнге қағынып тұр,
Қатал жау түс - түс жақтан жабылып тұр.
Аяйтын ешбірі де көрінбейді,
Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.
Бұл заман қай-қай заман, мыстан заман,
Қазақты қалжыратқан дұшпан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,—
Қар жауған қаңтардағы қыстан жаман.


Қожаберген жыраудың өзінің де батыр болғанын, майданға қатысып ерлік көрсеткенін «Елім-ай» жырындағы мына жолдардан айқын көреміз.


Қазақша қиын болды келген індет,
Ежелден жауға шабу ерге міндет.
Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып,
Екі ұлым майданда өлді Науан, Бекет,
Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,
Төрт боздақ қара жерді барып құшты.
Өлімін төрт сабаздың көргенімде,
Өртеніп іші-бауырым күйіп-пісті.
Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,
Ұрандап «Ошыбайлап!» 2салдым айғай.
Сілтедім оңды-солды көк найзаны,
Жығылды талай жендет салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз уақыт тіршілікте тірегі ғой.
Боздақтың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың жендеттерін түйредім ғой.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдық талайына аттың жалын.
Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
Үйде, түзде болсақ та бір-ақ өлім,
Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін.
Келсем де алпыс бірге найзаладым,
Қалмақтың қанға құмар талай бегін...
Айырылды тұлпар атым тағасынан,
Тозып тұр ақ кіреукем жағасынан
Қайралған қайқы болат алдаспаным,
Боялды қызыл қанға сағасынан.


«Елім-ай» дастанында ақынның Әз-Тәукеге, Әнет биге, Қазыбекке, Әйтекеге, Малайсары биге, Ақсуат биге, Дат палуанға, Бөгенбай, Жайнақ, Ақпанбет, Байғазы батырларға, Кіші жүз ханы Әбілқайырға арнап айтқан көп-көп қанатты шумақтары кездеседі.


Қамданған жасақ жиып, тігіп шатыр,
Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?
Осылай екі жақтан тиді қалмақ,
Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.
Қазақша екі беттен шабуылдап
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.
Бастарын Қаратаудың мұнар жаққан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.
Жүргенде момын халқым көшіп-қонып,
Кенеттен қалмақ тұрды қанды қапан.
Замана күннен-күнге қағынып тұр,
Қатал жау тұс-тұс жақтан жабылып тұр.
Аяйтын ешбірі де көрінбейді,
Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.
Бұл заман қай-қай заман, мыстан заман,
Қазақты қалжыратқан дұшпан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,—
Қар жауған қаңтардағы қыстан жаман.


Қожаберген жыраудың өзінің де батыр болғанын, майданға қатысып ерлік көрсеткенін «Елім-ай» жырындағы мына жолдардан айқын көреміз.


Қазаққа қиын болды келген індет,
Ежелден жауға шабу ерге міндет.
Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып,
Екі ұлым майданда өлді Науан, Бекет,
Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,
Төрт боздақ қара жерді барып құшты.
Өлімін төрт сабаздың көргенімде,
Өртеніп іші-бауырым күйіп-пісті.
Көрген соң сұмдық істі шыдай алмай,
Ұрандап «Ошыбайлап!» 3салдым айғай.
Сілтедім оңды-солды көк найзаны,
Жығылды талай жендет салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз уақыт тіршілікте тірегі ғой.
Боздақтың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың жендеттерін түйредім ғой.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдық талайына аттың жалын.
Әйтеуір бір өлім деп қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
Үйде, түзде болсаң та бір-ақ өлім,
Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін.
Келсем де алпыс бірге найзаладым,
Қалмақтың қанға құмар талай бегін...
Айырылды тұлпар атым тағасынан,
Тозып тұр ақ кіреукем жағасынан
Қайралған қайқы болат алдаспаным,
Боялды қызыл қанға сағасынан.


«Елім-ай» дастанында ақынның Әз-Тәукеге, Әнет биге, Қазыбекке, Әйтекеге, Малайсары биге, Ақсуат биге, Дат палуанға, Бөгенбай, Жайнақ, Ақпанбет, Байғазы батырларға, Кіші жүз ханы Әбілқайырға арнап айтқан көп-көп қанатты шумақтары кездеседі.


Қамданған жасақ жиып, тігіп жатыр,
Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?
Семеке, Ғайып, Болат, Әбілмәмбеттің,
Көмегі үш қазаққа4 тимеді ақыр.
Көп тостың Әбілқайыр келеді деп,
Тосыннан жауға соққы береді деп.
Алайда негізгі қол көрінбейді,—
Қорықтың халық түгел өледі деп.


«Елім-ай» ұзақ дастан, оны өлеңмен жазылған тарихи эпопея деп те айтуымызға болады. Ел аузындағы халыққа кең тараған.


Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айрылған жаман екен
Мөлтілдеп екі көзден жас келеді,—


деген өлең осы «Елім-ай» дастанынан алынған.


Енді «Елім-ай» жырының бізге, осы күнімізге қалай жеткенін сөз етелік. 1723 жылдың апатын, халықтың күйзелісін өз көзімен көрген ақынның қатты толғанысынан туған бұл айтулы жыр әуелі ауыздан-ауызға тарап, елге кеңінен мәлім болған. Кейін ел бейбіт өмірге көшкен кезде Қожабергеннің «Елім-ай» дастанын хатқа түсіріп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырғанын жоғарыда айттық. Оның жазба - жырын алғаш сақтаушы өзінің ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Шақшақтан оның немересі Сегіз сері жазып алған. Сегіз серінің қолжазбасын сақтаушы Тәштит Тәбейұлы Барлыбаев дейтін азамат. Тәштиттен Сегіз серінің үлкен баласы Мұстафа көшіріп алған. Мұстафадан үш жүзді айтып отыр.


1879 жылы Дәрібай Малыбай ұлы деген жас шежіреші жігіт жаттап үйренеді. Дәрібайдан оның баласы Қожахмет жазып алып жаттайды. Қожахмет 1891 жылы туып, Солтүстік Қазақстан облысы, Преснев ауданындағы «Октябрьдің 60 жылдығы» совхозының орталығы Петровка селосында 1978 жылы 87 жасында қайтыс болады. Қожахмет ақсақалдың баласы Махмет қазір сол жердегі орта мектептің директоры болып істейді.


«Елім-ай» дастанына байланысты тағы бір еске сала кететін жайт мынау. Өз өмірбаянымен ел қасіретін, тағдырын жырлаған Қожабергеннің бұл «Елім-ай» дастаны оның өзегін жарып шыққан, төл шығармасы екенін қазақ топырағында бұрын - соңғы өткен ақын - жыраулар өз шығармаларында — өлең-жырларында ашық айтып кеткені белгілі. Мұны дәлелдейтін деректер аз емес. Мысалы: Саратов облысының Басқұншақ көлінің маңында туып өскен, жаңбыршы беріштің әйгілі ақыны Шынияз Жұбатұлы (1816—1889 ж.) өзінің 1840 тышқан жылы шығарған «Мақпал - Сегіз» атты дастанында Елім - айды» Қожаберген жырау шығарғандығын былай деп жырға қосады.


Қыздардың сүйген Сегіз күн мен айын,
Гүл жайнар қобызбен күй тартқан райын.
Қолына домбыра алып әнмен айтқан,
Бабасы Қожаберген «Елім - айын».


Ал Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақов 1837 жылы «Қолбасы жырау» атты дастан шығарған. Онда «Елім-ай» әні, «Елім-ай» күйі, Елім-ай» жыры Қожаберген жыраудікі екенін ол былайша суреттейді.


Қожаберген бабамыз,
Әріде өткен данамыз.
«Елім-айдай» қиссасын
Әнмен шырқап саламыз.
«Елім-ай» атты ән, күйді,
Қожаберген шығарған.
Өз тұсында Қожекең,
Тұлпар мініп ту алған,
Қожаберген бабамның,
«Елім-ай» жырын жаттағам,
«Ата тектей» дастанын
Жадыма мықты сақтағам,
«Елім-ай» әнін бабамның
Бала кезден шырқадым,
«Елім-ай» күйін қобызбен
Талай тартқан сұңқармын.
Қожаберген бабамның
«Бозайғыр» мен «Бозінген»
Деген күйін тартамын.
Таратуда жырларын
Мойныма міндет артамын.


Бұл жырды Жезқазған облысындағы Никольскіде тұратын құрметті шахтер, шежіреші, әнші Пішенбаев Төлепбергеннен 1960 жылы 16 июльде жазып алдық. Осы өлеңнің Қазақ ССР Ғылым академиясы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтының қолжазбалар қорындағы Сегіз серінің қазақ шежіресінің ішінде толық күйінде сақталғанын айта кетелік.


Қазақ халқының XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында өмір сүрген философ ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеев өзінің 1881 жылы шығарған «Даналарға» атты өлеңінде былай дейді:


Өнерге құлаш ұрып бала жастан,
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан.
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген
Бой ұрған ерлік іске әуел бастан.
Ұрпағы оның батыр Сегіз өтті,
Нияздай асыл ерді қасына ертті.
Қолына қобыз алып өр шабытпен
Мұра ғып шежіре - жыр тастап кетті.
Қолбасы, ақын, жырау һәм елші - би,
Шығарған «Елім-айдай» тамаша күй.
«Елім-ай» әні менен жырын тағы,
Шығарған Қожаберген бабаңды сүй.
Бабадан Қожаберген бата алған,
Бөгенбай қанжығалы сардар болған.
Ел қорғап, қамал бұзып, даңқы шығып,
Оған да бақыт пенен аруақ қонған.
Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,
Әлдибек, Айтпай, Майлы шешен өткен.
Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің
Әйтеке, қаз дауысты Қазыбектен.
Оларды бек сыйлаған үш жүз жалпы,
Дана деп бағалаған қазақ халқы.
Жақсыны құрметпенен қадірлеген
Ежелден ел-жұртымның ата салты.


М. Көпеевтің осы өлеңі ел ішіне кең тараған. Біз бұл өлеңді Павлодар қаласының тұратыны Әлкөншеков Темірғали әншіден 1958 жылы 5 августа жазып алдық. Дәл соның келер жылында Орал облысындағы Орда ауданының шежіреші қарт мұғалімі Зарипов Ғұмардың аузынан да осы өлеңді естідік.


1987 жылы Павлодар қаласының тұрғыны жасы сексенге шыққан ескі шежірені көп жинаған, танымал фольклоршы Елеуке Қалдайов бізге хат арқылы өз қолындағы бір деректі жіберді. Онда Сұлтанмахмұт Торайғыров 1911 жылы шығарған, еш жерде жарияланбаған, ел аузында сақталған бір елеңінде былай деп жазған екен:


Керейде Қожаберген, Сегіз өткен,
Қазақтың шежіресін жыр ғып шерткен.
Үш жүзге өлеңменен үндеу тастап,
Олар да бірлік үшін еңбек еткен.
Сол екі ер ақындықта жұрттан асып,
Жүріпті өлең-жырда жеміс шашып.
Халқына ұлағатты іс көрсетіп,
Өтіпті ғадыл жолмен қадам басып.
Тарихта екеуінің болғаны анық,
Бойына күш пен өнер қонғаны анық.
Артына өшпестей ғып ат қалдырған,
Ұрпаққа отаншылдық жолын салып.
Жырлары екеуінің болған артық,
Кететін естігенде дене балқып.
Қаншалық ілім - білім жыйсақ - тағы,—
Солардан кеткен жоқпыз біз де артып.


Біздің кейбір ғалымдарымыз бұдан ілгеріректе «Елім-ай» жыры Қожабергендікі емес, Топыш ақын шығарған деп жазып жүрді. Бұл дұрыс емес. Алдымен Топыш ақынның дүниеде болған болмағаны белгісіз. Екіншіден, болған күннің өзінде де, «Елім-айды» жатқа айтып насихаттаушы, орындаушы болуы мүмкін. Өйткені Топыш деген ақынның шығарған өлеңі мынау еді дейтіндей басқа өлең жоқ. Топыш айтты деп жүрген өлеңнің бәрі Қожабергеннің «Елім-айының» ішінен алынған шумақтар. Егер Тобықтыда Топыш деген ақын болса, оны Абай мен Шәкәрім өз шежіресінде айтуы керек еді ғой. Топыш деген ақын болған деп Абай да, Шәкәрім де еш жерде аузына алмаған. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов те Топыш туралы бір ауыз сөз айтпайды. Ал бүгінгі белгілі әдебиетші-ғалым Қайым Мұхаметханов Топыш деген ақын ойдан шығарылған есім дейді.


Қожаберген жыраудың бірге туған Тобыш деген батыр әрі би ағасы болғаны және оның Тобықты Әнет бидің Әсем атты қызына үйленгені қазақ шежіресінен белгілі. Әнет би Кішікұлы Толыбай сыншыға шәкірт болып өріп жүріп одан көп үлгі-өнеге алған адам. Ел -жұрттың айтуы бойынша, сол Тобышты қайсы біреулер Топыш деп шатастырып жүруің мүмкін, Ол Тобыш өлең шығармаған,туған, өскен жеріндегі керейлер Тобышты ақын деп танымайды, би болғанын, батыр болғанын ғана айтады. Тобыштың баласы Бердіқожа да батыр болған. Ол туралы жазылған «Бердіқожа батыр» деген дастан Академияда сақтаулы.


Зерттеуші кейбір ғалымдарымыздың ертеде өткен ақынның елеңін жаңылыс түсініп, тіпті танып білмей жатып өзге біреуге апарып жапсыруы бір бұл ғана емес екені белгілі. Дұрыс көңіл бөлінбеу салдарынан, Қожаберген жыраудың шығармалары ғылыми жүйелі түрде алынған жоқ. 1936 жылдың жазынан туған жеріне ешқандай әдеби, тарихи экспедиция бармағанын білеміз. Гүлтөбе — Маманай жері қазақтың небір батыры, ақындар әулеті шыққан жер екені тарихтан белгілі. Мәселен, Қожабергенге ілесе осы арадан оның інісі Дәстемсал, баласы Әди, шөбересі Жанкісі, Шақшақ, Бұқпа одан кейін Салғара, Сексен, Жанат, Шағырай, Сегіз сері, Сейіткерей, Мейрамсал, Көрпеш, Сейітжан сал, Құшан сері, Әмірхан, Мұстафа, Жанақ, Мұсайын, Сапарғали секілді елге белгілі ақындар шыққан.


Солтүстік Қазақстанға, соның ішінде Гүлтөбе — Маманай жеріне соңғы экспедиция Б.Майлин, I Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов үшеуінің басқаруымен 1936 жылдың жаз айында барғанын деректер дәлелдейді. Сонда олар атақты Қожаберген жырау мен оның ұрпақтары жайлы материал жинап әдеби шығарма жазуды мақсат еткен болуға керек. Бірақ осы кісілер жинаған мол материал - мұраның бәрі 1937 жылы жоқ боп кеткен.


Қазақтың белгілі ақыны Сәкен Сейфуллин Қожаберген жырау мен Сегіз сері туралы поэма жазуға даярлық жасап, 1934 жылы көп материал жинатады. 1927 жылы олардың өлеңдерін, өмірбаянын Қызылжар өңіріне барып өзі де жинағанын деректер дәлелдейді. Әттең, сүйікті Сәкен ақынымыз да бұл арманына жете алмады...


XIX ғасырдың үшінші ширегінде Қожаберген жырау мен Сегіз серінің мұрасын жинауға қазақ халқының алғашқы ағартушы - педагогы Ыбырай Алтынсарин де едәуір көңіл бөлген. Олардың еңбегін жинақ қып шығаруды мақсат еткенмен үлгере алмай ол да дүниеден өтеді. Дегенмен, Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» және «Махтубат» деген еңбегінде 1879 жылы керей Қожаберген жыраудың атын атап, өлеңдерінен үзінді бергені мектеп оқулықтарынан белгілі. Марқұм Ілияс Омаров ілгеріректе Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеп тұрған кезінде Сегіз серінің Мұсайынынан туған немересі Нұрмұханбет жыраудың атын атап, өлеңдерінен үзінді бергені мектеп оқулықтарынан белгілі.


Көшебенің бәйбішесі Балумаржаннан туған үлкен ұлы Жауынгер, одан тараған Көшебе ұрпақтарын ел Бәйбіше баласы немесе Бәйбіше Маманай жері қазақтың небір батыры, ақындар әулеті шыққан жер екені тарихтан белгілі. Мәселен, Қожабергенге ілесе осы арадан оның інісі Дәстемсал, баласы Әди, шөбересі Жанкісі, Шақшақ, Бұқпа одан кейін Салғара, Сексен, Жанат, Шағырай, Сегіз сері, Сейіткерей, Мейрамсал, Көрпеш, Сейітжан сал, Құшан сері, Әмірхан, Мұстафа, Жанақ, Мұсайын, Сапарғали секілді елге белгілі ақындар шыққан.


Солтүстік Қазақстанға, соның ішінде Гүлтөбе — Маманай жеріне соңғы экспедиция Б. Майлин, I Жансүгіров, Ғ. Мүсірепов үшеуінің басқаруымен 1936 жылдың жаз айында барғанын деректер дәлелдейді. Сонда олар атақты Қожаберген жырау мен оның ұрпақтары жайлы материал жинап әдеби шығарма жазуды мақсат еткен болуға керек. Бірақ осы кісілер жинаған мол материал - мұраның бәрі 1937 жылы жоқ боп кеткен.


Қазақтың белгілі ақыны Сәкен Сейфуллин Қожаберген жырау мен Сегіз сері туралы поэма жазуға даярлық жасап, 1934 жылы көп материал жинатады. 1927 жылы олардың өлеңдерін, өмірбаянын Қызылжар өңіріне барып өзі де жинағанын деректер дәлелдейді. Әттең, сүйікті Сәкен ақынымыз да бұл арманына жете алмады...


XIX ғасырдың үшінші ширегінде Қожаберген жырау мен Сегіз серінің мұрасын жинауға қазақ халқының алғашқы ағартушы - педагогы Ыбырай Алтынсарин де едәуір көңіл бөлген. Олардың еңбегін жинақ қып шығаруды мақсат еткенмен үлгере алмай ол да дүниеден өтеді. Дегенмен, Ыбырай Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» және «Махтубат» деген еңбегінде 1879 жылы керей Қожаберген жыраудың атын атап, өлеңдерінен үзінді бергені мектеп оқулықтарынан белгілі. Марқұм Ілияс Омаров ілгеріректе Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс істегі тұрған кезінде Сегіз серінің Мұсайыннан туған немересі Нұрмұханбет ақсақалмен кездесіп, Қожаберген мен Сегіз сері жайынан материал жинауға тапсырма берген. Бірақ ол кісі материал жинап үлгіре алмады. Себебі Нұрмұханбет ақсақал 1961 жылы 4 сәуірде осы облыстың Преснов ауданының «Октябрьдің 60 жылдығы» совхозында қайтыс болды.


Осы біз сөз етіп отырған Қожаберген Толыбайұлының да, Сегіз сері Шақшақовтың да Қазақ совет энциклопедиясының 12 томдығына енбей қалғаны өкінішті. Бұл тарихымызды зерттеп жаңа есімдерді тауып жарыққа шығарудағы осалдығымызды көрсетсе керек. Осы арада Қожабергеннің ата-тегіне байланысты және бірер сөз айта кетуді жөн көрдік. Себебі, қайсыбір әдебиетшілеріміз Қожабергеннің әкесі Толыбай сыншыны Маманайдан туған деп жаңсақ пайымдаулар жасап жүргені белгілі. Жоғарыда өзіміз айтқан, бір кезде Сегіз сері құрастырған қазақ халқының жылнама - шежіресіне тағы да жүгінуімізге тура келеді. Маманайдың XVIII ғасырдың - екінші ширегінде Гүлтөбеде өмір сүрген керей руының беделді билерінің бірі екені ешқандай дау туғызбайды. Ал әлгі шежіреде ашамайлы керей Жанай батырдан — Бағлан би, одан Фархад батыр, Фархадтан белгілі Танаш би туады. Танаштың көп баласының бірі — Көшебе би. Көшебенің бәйбішесі Балумаржаннан туған үлкен ұлы Жауынгер, одан тараған Көшебе ұрпақтарын ел Бәйбіше баласы немесе Бәйбіше Көшебе керей дейді. Жауынгерден — Асылболат, одан Байбол, Байболдан Алдаспан, одан Шілікші би туады. Осы Шілікші бидің Жаңбыршы, Бораншы, Құланшы, Аққас, Қарақас, Жастабан, Жолжақсы есімді жеті бірдей батыр ұлы болған. Шілікшінің тұңғыш ұлы Жаңбыршыдан Қараораз, Шәміл, Мәміл деген үш ұл туады. Ал Қараораздан — Сойырғыш, Таузар, Баузар, Еламан, Жоламан туады. Таузардың Дәулен, Мәулен, Дәурен, Ақсары, Бексары, Жансары, Базар, Назар, Күжігүр атты тоғыз ұлы болған. Осы тоғыз ұлдан өрбіген ұрпақты ел-жұрт Таузар керей деп атайды. Таузардың үлкен баласы Дәулен батырдан Малыбай, Жақсыбай, Тұрсынбай, Наурызбай, Ертісбай, Толыбай, Қарқынбай, Жарқынбай, Аулабай, Садақбай, Барқын, Арыстан есімді он екі ұл туған. Дәуленнің үлкен ұлы Малыбай батырдан Маянбай, Жаянбай атты екі бала болады. Жаянбайдың — Көшкінбай атты ұлының Бексұлтан, Қасқабас деген балалары болған. Маянбайдан — Бөгенбай (бірінші Бөгенбай батыр), Егінбай, Емшібай, Жәмшібай, Қамшыбай туады. Ал Егінбайдан Сатыбалды би, Сарыбай батыр, Сатыбай мерген дүниеге келген. Сатыбалдының әз - Тәуке ханның елшісі болған Тәшім атты батыр баласынан Қажыбек, Әкімбек, атты екі ұл туады. Қажыбектен — Сардарбек, одан өзіміз сөз етіп отырған Маманай би туады. Енді Маманайдың ұрпақтарын тарататын болсақ, ол биден — Шөңке, Мөңке, Дәндібай, Тәнібай, Мәненбай, Танабас, Сазанбай атты жеті ұл туған. Маманайдың төртінші ұлы Тәнібайдан — Жақа, одан Әбіл (1873— 1969 ж) дүниеге келеді. Әбілден Кәрім туады. Қазір 64 жастағы сол Кәрім Әбілұлы Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданының Святодуховка селосында тұрады. 1956 жылдың 16 шілдесінде Кәрімнің әкесі Әбіл қариямен Преснов ауданындағы Қараағаш ауылында жүздесіп сөйлескенбіз. Әбіл қария сонда Көшебе керей шежіресін жоғарыда біз айтқандай етіп таратып берген болатын...


1723 жылы соғыс бүліншілігі басталған соң, Сыр бойындағы Қабылан биге қарасты Есентемір, Жаппас, Кердері, Жағалбайлы елдері қонысынан қозғалып Еділ-Жайыққа қарай көшеді. Қожаберген солармен бірге аттанады. Сол кезде бұлар жау қоршауында қалады. Қожаберген ел-жұртты жауға қарсы соғысып, қоршауды бұзып шығуға шақырып былай деп насихат айтқан.


Асынған құтты болсын жарақтарың,
Сөзіме құлағың сал қарақтарым!
Шабуылы ит қалмақтың күшті екен деп,
Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің.
Жырыма көңіл аудар азаматым,
Болыңдар жаудан кекті қайтаратын.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын.
Сөзіме құлағың сал, азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа, молда, ишандар артын қысып,
Қоржынға салып қойсын шариғатын.
Намаз оқып жатқанда жаулар қырар,
Атылған дәу мылтықтан доп кеп ұрар.
Мінәжат қып жайнамазда отырғанда,
Ит қалмақ ұстап алып тұтқын қылар.


Қожаберген жырау Сыр бойынан аттанар кезде жоғарыда айтылған Бестам деген жердегі үй қабырғасындай үлкен жақпар тасқа қашап ойып, Есентемір елінің атынан қалмақтарға қарғыс айтып, өлең жазып кеткен. Ол өлең:


Есентемір деген ел едік,
Ғаріптарға сеп едік.
Мейманды келген,
Хош алған
Есебі жоқ көп едік,


— деп басталады. Сол тастағы бұдан 268 жыл бұрынғы жазылған арабша жазу, ел басына туған қиын күннің ескерткішіндей боп сол қалпында осы күнге дейін тұр.


Қоршауды бұзып шығып, көп бейнет шегіп Қожаберген жырау әйелі Айша екеуі еліне бет алады.


Бұл заман қай-қай заман, қайғы заман,
Бос кеткен ер еңбегі зайғы5 заман.
Есіл, Ертіс, Тобылдағы туған елге,
Жететін күн болар ма есен-аман.
Өтежан, Қарабас би, Тобыш ағам,
Үш ағам аман ба екен, жау оғынан.
Көрем бе, туған елді көрмеймін бе,
Білмеймін, жаудың беті өте жаман.
Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет,
Туатын күн болар ма бізге зейнет.
Қолында ағалардың тірі ме екен,—
Ең кенжем, жалғыз қызым, құлыным Зейнеп.


Айша екеуі жолда аң аулап күнелтіп, жаяу-жалпылап Қорғалжын көліне жеткенде жоңғар шауып, Сібірден табан аударып көшіп келген өз елінің керейлеріне тап болады. Жорықта жүрген балаларымен де, ағаларымен де кездесе алмайды. Себебі, үш ағасы, төрт ұлы оққа ұшып опат болады. Інісі Асқап батырдың қолында қалған қызы Зейнеппен табысады.


Қожабергеннің елдің азаттығы жолында күресіп, өмірі сонымен өткен ақын екенін жоғарыда айттық. Ол елінің жігіттерін бастап шығып қалмақпен жиырма жыл бойы соғысады. Балаларының көбі, немерелері де осы шапқыншылықта қаза болады. 1745 жылы 82 жастағы Қожаберген жыраудың бастауымен керейлер жаудан өз жерін босатып Қызылжар, Гүлтөбедегі жер-суына, ата мекеніне қайтадан қоныстанады.


Қожаберген жыраудың Теле, қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелермен тұстас өмір сүріп, бірге жүріп, Әнет би мен Әз Тәукеден бата алғанын біз жоғарыда айттық. Ал Қожабергеннен Абылайхан, Бөгенбай, Асқап, Ерсары, Көшек, Қабанбай, Жәнібек, Бөкенбай, Баян, Сырым, Есет батырлар мен Бекболат, Айтбай, Малайсары, Қараменде, Алдабек, Әлдибек секілді билер үлгі-өнеге алған. Мәселен, Едіге би Төлебайұлы Ақдәулет есімді жеті жасар ұлын ертіп тоқсан алты жастағы қартайып отырған Қожаберген жыраудан бата алу үшін сәлем бере Гүлтөбеге келеді. Едіге хәлің қалай дегенде Қожаберген «Кәрілік» деген өлеңімен жауап берген екен. Батасының ішінде Едіге бидің баласы Ақдәулетке Шоң деген есім береді. Ол бала кейін өсіп ержетіп Шоң деген атақты би болған. Осы арада Шоңның Ақынбай атты баласы СССР халық артисі, марқұм Шәкен Аймановтың төртінші атасы екенін айта кетуіміз керек. Қожаберген жырау сол Шоңмен аталас әйгілі Бұқар жырауға да ұстаз болған.


Шәкіртім Сүйіндікте Бұхар жыршы,
Ол Бұхар өзі ақын, өзі сыншы.
Ол - дағы қарап жатпас аттан салар,—
Сөзіне оның халқым құлақ түрші!
Бұхаржан биылғы жыл отыз жаста,
Атағы ақын болып шықты алашқа.
Қарағым қатты налып жүрген шығар,
Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа, — дейді.


Әйелі Айша мен балалары (он жеті ұлы, бір қызы болған) өзінен бұрын қайтыс болады да, тоқсан тоғыз жастағы Қожаберген Балқан деген немересі екеуі ағасы Қарабастың шөбересі Шақшақ батырдың (Сегіз серінің атасы) қолында болады. 1762 жылы қазан айында тоқсан тоғыздан жүзге қараған шағында Қожаберген жырау туған жері Гүлтөбеде қайтыс болады. Әкесінің атымен аталатын сол жердегі «Толыбай сыншы қорымына» жерленеді. Жыраудың ағасы Қарабастың жоғарыда айтылған Асқап деген ұлынан туған белгілі Көшек батыр 1763 жылы Қожаберген бабасының жылына арнап ас береді. Ол асқа Абылайхан, Бұхар жырау, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, Ақтамберді, Үмбетей, Тәтіқара, Көтеш жыраулар қатысады. Көтеш жырау Қожабергеннің асына арнап, өлең шығарған. Ол өз өлеңінде аста бәйгеге үшке бөлініп 1500 ат шапқанын айтады. Өз ұрпағы ақын Жанкісі Көшекұлының (1738 — 1817 ж. ж.) осы аста Қожаберген жырауға арнап үлкен жоқтау өлең шығарғаны да белгілі.


Жүз жасаған жыраудың артында қалған мұрасы да мол. Сол мұраны — ел аузындағы өлеңдері мен жыр-дастандарын жинап, жарыққа шығару, бүгінгі ұрпақ — біздің парызымыз. Енді жыраудың жоғарыда өзіміз сөз еткен, «Кәрілік» деген өлеңін түгел келтірелік.


Уағалейкумассалам, нағашы би,
Кетіп тұр қарт жиеннен бұл күнде күй.
Қартайған мен байғұсты сөге көрме,
Лайықты көре алмасаң құрмет пен сый.
Аман ба елі-жұртың жас нағашы,
Есен болар Сүйіндік кәрі-жасы.
Жас жетіп, ақ ордада мен жатырмын,
Өмірдің өтіп қызық тамашасы.
Айрылып он жеті ұл мен жалғыз қыздан,
Жатырмын ажал жетпей шарасыздан.
Тең түскен өлі аруақпен жағдайым бар,
Жүрміз ғой жер бетінде амалсыздан.
Жасымда топты жардым елден бұрын,
Майданға бастап шықтым қазақ ұлын.
Сыпырған томағасын қыран құстай,
Самғаушы ем әр қияға кешкі тұрым.
Есімнен ұмытылды өнер-білім,
Қарлықты кәрілік жеңіп асқақ үнім.
Көзімнен осы күнде бір-бір ұшты,
Ту ұстап, тұлпар мінген қайран күнім.
Жасымда жігіт болдым бойдақ сыған,
Ботадай от басатын ойнақшыған.
Бұл кезде жасым жетіп, тәнім тозды,
Дәл міне не бар дейсің ой бықсыған.
Бір кезде бозбала едім бұлғақтаған,
Үкілеп бәйге ат мініп ырғақтаған.
Жылқышың суға айдаған тозаңындай
Ол дәурен табылмай тұр біздің маңнан
Қорқамын ерттеулі атқа мінуге де
Сескенем шаппақ түгіл желуге де.
Сайланған сауыт киіп Қожаберген,
Жарамас енді аяңдап жүруге де.
Тосанның алтауына жас жеткен соң,
Келмейді жастар сәлем беруге де,
Өзімнің қатар-құрбы таусылған соң,
Зар болдым қарт кісіні көруге де.
Болсам да жұрт ағасы дер күнімде,
Батпаймын ауыл үйге кіруге де.
Хал кетіп, жаным жүдеп осы күнде,
Айналды жастар менен жеруге де.
Кәрілік жаныма менің жаман батты,
Әуелден сөзім шырын, тілім тәтті.
Кешегі жастық дәурен қайта оралмай,
Қиналтты ой түсіріп біздей қартты.
Қазақтың көрдім талай жарлы, байын,
Көмейден ағылтуға жырым дайын.
Кәрілік иығымнан мықтап басып,
Меңдетіп әлім кетті күн - күн сайын.
Тоқсан бес былтыр келді жылжи басып,
Мен қалдым сонан кейін жездей жасып.
Сайраған гүлбақшада бұлбұл едім,
Жоламайды жігіт-желең менен қашып.
Тоқсанның алтауына келіп жасым,
Қор болдым жас жеткен соң ғазиз басым.
Жанымда тірі болса отырмас па еді,
Айшадай таңдап алған жан жолдасым.
Жасымнан жырау болдым сөзге ұста,
Ұрпаққа қалдыруға өлең - нұсқа.
Адам атадан бері қарай өлім мирас,
Сұм ажал тегіс жетер кәрі, жасқа.
Атадан жүз тусаң да бір жалғыздық,
Көңілі әр пенденің басқа - басқа.
Бұл күнде тұлпар аттан топырлап озып,
Теңелген жер қыртысы гауһар тасқа.
Жігіт деп артық туған соны айтамыз,
Тар жерде қайырылыса жан жолдасқа.
Жігіттер алды-артыңды ерте ойла,
Тірлікте күн түспесін надан - насқа.
Дүние бір соқпақ жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Түбіне сол дүниенің жетемін деп,
Бай мен би содан мойнын бұра алмаған.
Жасыңнан Қожаберген болдың ақын,
Дүние өтпейді деп қалдың ғапыл.
Шонжар мен осы кезде күн бектікі,
Жарлы мен жалқы сөзін кермес мақұл.
Дүниеден қазаң жетіп өтіп кетсең,
Иесіз қала берер тұлпар атың.
Тірлікпен әлі-ақ бір күн қоштасарсың,
Ұрпаққа үлгі етіп кет ата салтын.
Нағашы хал сұрайсың сөзбен тартып,
Бір сөзің, бір сөзіңнен түседі артып.
Үлкенді сыйлай білген ата ұлысың,
Мен саған жеткізе алман жайымды айтып.
Әрқашан құрметтей біл қазақ ұлын,
Бақ қонып, көбейе берсін мал мен пұлың.
Хан, сұлтан, төрелерге билік берме,
Даулы істе жолың болсын, буыршыным.
Өрлей түс қыран құстай көкте қалқып,
Үш жүзді соңыңа ерт түгел қамтып.
Дұшпанға тіршілікте басыңды име,
Жайнай бер жанып тұрған отша шалқып.
Бір ауыз сөзбенен шеш ердің құнын,
Негізге ал, төрелік берсең, істің шынын.
Сыйлай біл, ел-жұртыңмен тіл таба біл,
Ақыл ғой зиян емес менің мұным.
Болғанда сөйлеу арзан, ұту қымбат,
Айтқанды еске сақта, дұрыс тыңдап.
Ұлағатты сіздер үшін кеңес болсын,
Көрейін өлең сөзбен аздап жырлап.
Өзің айтсаң аз сөйле, көп ұғып ал,
Асыл сөз қасиетіңді кетпес ұрлап,
Атқарған әр ісіңе ұқыпты бол,
Сапасы артық болсын, меңгер шындап.
Сөйлеме көсем болсаң сөзді бұлдап,
Сөйлей біл қасиетті сөз әркез сырлап.
Сырты сыр, іш мағынасы терең болса,
Тыңдайды ондай сөзді халқың құндап.
Қыдыр дарып бақ қонсын Едіге саған,
Мерейің үстем болып, артсын бағаң.
Өзінің қатарының алды болсын,
Қасыңа еріп келген осы балаң.
Тірі болса билердің зоры болсын,
Хан, сұлтан, төрелердің соры болсын.
Бітіміне істері ылғи сай боп,
Ақдәулет болмай аты, Ер Шоң болсын.
Тіл - аузым таңданбаймын деймін тасқа,
Тұлғасы бұл ұлыңның елден басқа.
Еліне қорған болып, билік айтып,
Келгей де ғұмырлы боп ұзақ жасқа.
Тірлікте қанағаты мол, болсын қонды,
Сабырлы мінезімен болсын оңды,
Едіге шырақ, замана азып барады.
Бұл балаң әділ бидің болар соңы.
Көзіме бұлдырайды ой менен қыр,
Менен не өнер дейсің айтқанмен жыр.
Уақытың бітетұғын жап-жақын деп,
Ентелеп Ғазірейіл6 жуықта жүр.
Жастарға жақпайды ақыл айтқан тура,
Сол себеп құлақ қойман айқай-шуға.
Кәрілік аяқ, қол мен көзден алды,
Мен болдым зорға жүрер ақ бас бұра.
Қартайдым ақыл-айла таба алмаймын,
Арыған тұлпар аттай шабандаймын.
Айрылған қатарынан мен бір ғарып,
Көрші үйге шақырмаса бара алмаймын.
Тоқсанның алтауына жасым келді,
Әйтеуір тірі аруақ боп қараңдаймын.
Сақал, мұрт, шаш ағарған біреу көрсем,
Өкшелес інім ғой деп шамалаймын.
Жас жетіп, тәнім тозып, кәрілік жеңді,
Әлсізбін, тірі жанға саналмаймын.
Далаға уақытымен шыққан шақта,
Есікті қайта айналып таба алмаймын.
Орда да болмаса адам алаңдаймын.
Таяқсыз орынымнан тұра алмаймын.
Арнап сәлем бергеніңе көп рақмет,
Расында, атаң түгіл бабаңдаймын.
Кәрілік қалжыратты күшімді алып,
Сақал, мұрт, шаш ағарды қырау шалып.
Қартайған арыстандай мен жатырмын,
Немере, шөбереге күнім қалып.
Жүз жастың қажеті жоқ айтсам анық,
Жақсы емес алжып жатқан естен танып.
Дауа жоқ кәрілікке амал нешік.
Сондықтан әуре болман босқа налып.
Қартайған Қожаберген айтты дерсің
Барғанда сәлем бере базына қып,
Төрінде кәрі тарлан жатты дерсің,
Өткенді ертегі - жыр қазына ғып.



ЕЛІМ-АЙ
(Дастаннан үзінді)
БІРІНШІ БӨЛІМ


Баласы Халдан-Бошақтың Сыбан Рабтан,
Көрші елді жауламақ боп көз алартқан.
Бурятты халқименен 7қосып алып,
Барабы татарларын келіп шапқан.
Барабы татарларын қалмақ шапты,
Татардың бірталайы қырғын тапты.
Қалғаны ұбап-шұбап, бас сауғалап,
Жалма-жан қазақ жаққа көше қашты.
Бұлар кеп Керейлерге паналады,
Ел керіп Орта жүзді сағалады.
Орта жүз қамқорына алғаннан соң,
Жарымы Барабы елі аман қалды.
Бұл қырғын көп ұзамай қазаққа ауды,
Наймандар тастап көшті Алтай тауды,
Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ,
Қиналды тоқтата алмай келген жауды.
Бұларды қуып қалмақ Қобданы алды,
Қаңырап Тарбағатай, Жайсаң8 қалды.
Ел босып, жер есіз қалғаннан соң,
Ол жерге қалмақтар кеп қоныстанды.
Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен Қоңыратты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,
Жоңғардың Алатауы деп аталды.
Торғауыт, Жоңғар, Ойрат — бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайды жүрген алдап.
Сол екі елден алған соң дәу мылтықты,
Келеді жолдағы елдің бәрін жалмап.
Шыдарын Алатаудың бұлт басты,
Кез болып, қысаңшылық қазақ састы.
Жау қалмақ шегірткеше қаптап кетіп,
Қайран ел есі шығып, көше қашты.
Қырылу Алакөлден басталып тұр,
Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр.
Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп,
Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр.
Қазақты қалмақ қолы бас салып жүр,
Мекені әр ауылдың бос қалып жүр.
Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қарақалпақ,
Айрылып мекенінен зар жылап жүр.
Алтын, күміс, мал беріп аямай-ақ,
Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап.
Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,
Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап.
Болмаса қалмаққа өнер қайдан келсін,
Тетігін зор мылтықтың қайдан білсін,
Осындай мол жабдықпен келіп шапты,
Дегендей қайратымды қазақ көрсін.
Ызғарлы күншығыстан жел келеді,
Шұбырған Алтай жақтан ел келеді.
Еділден Убашы қалмақ тағы шапты,
Зор бөгет тас маңдайға кез келеді.
Осылай екі жақтан тиді қалмақ,
Ғаскерін күн-түн демей жиды қалмақ.
Қазаққа екі беттен шабуылдап,
Түсірді бейбіт елге ауыр салмақ.
Қазақтың сахарасы жер құлпырған,
Қытай мен орыстарды қызықтырған.
Қоқан, Хиуа, Бұхар да көз алартып,
Қазақты бас салуға дайын тұрған.
Қаруын орыс, қытай қалмаққа сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты.
Жау болды ағайын ел Естек9 бізге,
Жасады ол да жорық елімізге.
Қоқан да күнгей беттен қоқаңдады,
Соқтықпақ ойғыр, қырғыз тағы бізге.
Мұсылман көмектеспей мұсылманға,
Бермеді қару - жәрдем қысылғанда.
Түрікпен, Қоқан, Хиуа, Бұхар жау боп
Жат болды Өзбек, Тәжік дін исламға.
Бектері ойғыр, шүршіт болып найсап,
Тонады көшкен елді сан атой сап.
Күншілдік мұсылманға кесір болды,
Бимәлім замананың сырын айтсақ.
Ойғырдың анасы — қытай, атасы — түрік,
Қытаймен көрші тұрды жиенсініп,
Соқтығып Ұлы жүзге әлсін-әлсін,
Шетінен еліміздің салды бүлік.
Шүршіттің анасы — қытай, атасы — араб,
Жатпады олардағы текке қарап..
Тиісіп Найман, Қоңырат, Жалайырға,
Мазасын кетірді елдің шабуылдап.
Қоқан, Бұхар сатпады мылтық - қару,
Олардың болды ойы бізді шабу.
Қазаққа күнгей беттен түре тиіп,
Жолдарын ойластырды олжа табу.
Хиуаның тигіш еді мылтықтары,
Сол мылтық қазақтарға сатылмады.
Аз еді ел ішінде күлдірмамай, 10
Өзінің иесінен артылмады.
Қамданған қалың елде күш болады,
Қамсыз елге жау - дұшпан тұс болады.
Оңтүстіктен соқтықты түрікпендер,
Сор маңдайға қасқыр да өш болады.
Еділ мен Жайық жақтан көш келеді,
Көш бас сайын бір топ нар бос келеді.
Жер мен судан айрылған қиын екен,
Мөлтілдеп көзге ыстық жас келеді.
Еділ мен Сарыарқаға көмекке кеткен,
Сарбаздар тез оралмай елі күткен.
Киінді қыз-келіншек еркектерше,
Бұл күнде ат үстінде адам біткен.
Қазақтар Бұхар жаққа елші салды,
Дұшпаннан сақтау үшін мал мен жанды.
Елші апарған тартуды алғаннан соң,
Азырақ Хиуа, Бұхар тынышталды.
Шағатын қалмақ болып улы жылан,
Қоныстан ауды қазақ болып құлан.
Мал бағып, тыныш жатқан елімізге,
Ит қалмақ оқ боратып, салды ылаң.
Ел едік, егін егіп, бейбіт жатқан,
Күтпеп ек жау болар деп пәле баққан.
Қысқа қам жасауға да үлгірместен,
Кез болдық қалың жауға дабыл қаққан.
Бастарын Қаратаудың мұнар жапқан,
Сылдырап Сырдың суы сылаң қаққан.
Жүргенде момын халқым көшіп-қонып,
Кенеттен қалмақ құрды қанды қақпан.
Ел көшті Бұхар жаққа айдап малды,
Айрылып асқар тау мен шалқар көлден.
Тарақты, Арғын, Қыпшақ жылжымады,
Арқада құйқалы жер сары белден.
Сыр бойы, Қаратауда қоныс болмас,
Келсе де Үйсін - Найман Алакөлден.
Мылтықты жауды көріп, шыдап болмас,
Қазақтар қамданбақ боп хабар берген.
Басынан Алатаудың көш келеді,
Қош бас сайын жорғалар бос келеді.
Аты жоққа аттылар жәрдемдессе,
Құдайым ондай істі хош көреді.
Қаруын орыс пен қытай сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң,
Сенделді хандар, билер ақыл таппай,
Кенеттен қалмақ елді таптаған соң.
Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,
Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.
«Бағыну бір көсемге дұрыс қой!»— деп,
Боларын осы апаттың болжап кетті.
Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді.
Қазақты батыр кесем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ, сезін деді.
Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,
Олардан ақыл-айла кеткен деді.
Қазағым өзіңді-өзің тұтас ел қып,
Басқарар енді уақыт жеткен деді.
Ақылды болсын батыр көсем деді,
Басқарса қазақ болар есен деді.
Көрші елмен татуласып, тіл табысар,
Тағы да болсын өзі шешен деді.
Осындай көптен көсем ізде деді,
Хандарды шеттетуді көзде деді.
Қазақты төре бастап көтертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе деді.
Үш жүзден үш ақылшы болсын деді,
Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді.
Сайлаған көсемдерің кемеңгер боп,
Халықтың болашағын шолсын деді.
Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,
Бас қосып, дұрыс кеңес құра алмады.
Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,
Ортадан батыр көсем шыға алмады.
Өткен күн ойлағанмен, қайта оралмас,
Бақыт құс ұшып кетсе қайтып қонбас.
Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,
Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас!
Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға,
Қиналды ақыл таппай осы жолда.
Сайланды Әбілхайыр ғаскер басы,
Өзінше ел билігін алып қолға.
Жас биі Кіші жүздің Малайсары,
Ол дағы ақыл-айла таба алмады.
Бас қосып Күлтөбеде кеңес құрып,
Жөн көрді қоршау бұзып құтылғанды.
Кім жақсы көрер дейсің ұтылғанды,
Сонда да ел апаттан құтылмады.
Арасы хан, сұлтанның ала болып,
Сақтауға ел бірлігін ұмтылмады.
Төрелер Әз Тәукедей бола алмады,
Оларға қазақ көңілі тола алмады.
Сәмеке, Ғайып, Болат сатқын болып,
Кездейсоқ ел жағдайы оңа алмады.
Еділдің арғы бетін қыстап ұдай,
Қолдайтын одан басқа халық болмай.
Бірігіп Кіші жүзбен тізе қосып,
Қалмаққа қарсы аттанды Қара Ноғай11!
Болысар одан басқа халық болмай,
Қазағым серкесі жоқ болды қойдай.
Желікті күннен-күнге қанішер жау,
Ішсе де күндіз-түні қанға тоймай.
Бар болсаң, ісімізді оңда құдай,
Қазақты қан майданда қолда құдай.
Әз Тәуке өлгеннен соң, быт-шыт болдық,
Қазақтың басын қосар көсем болмай.
Айрылды бай, мырзалар саудасынан,
Бектердің ұшты бақыт сау басынан.
Аң аулап жүрген кезі түске айналып,
Жаңылды хан, сұлтандар тәубасынан.
Ажырады ер інісі мен ағасынан,
Төмендеп бұрынғы ерлік бағасынан.
Өсірген әлпештеп-ақ ұл менен қыз,
Адасып қалды ата-анасынан.
Бас қоспай, қайран елім бытырады,
Хал-жағдай күннен-күнге құлдырады.
Жау атқан дәу мылтыққа төтеп берер,
Қазақтың қолында жоқ еш құралы.
Қолда бар қылыш, қанжар, садақ, найза,
Айбалта, сойыл, шоқпар, кетпен, қайла.
Осының бәрін қару етсек тағы,
Таппадық қарсыласып ешбір айла.
Япырым-ау, мынау құтсыз жыл ғой қоян,
Қазаққа дегені ме қанға боян!
Жаралы және ішетін тамағы жоқ.
Әр жерде аштан өлді талай ноян.
Құлдырар болды енді қоғамымыз,
Болды ғой аяқ асты Отанымыз.
Кетірген барша жұрттың берекесін,
Билер мен ханға болсын обалымыз.
Қорғанар жоқ бекініс, қамалымыз,
Тайды ғой еріксізден табанымыз.
Жау атқан дәу мылтыққа тоқтау болмай,
Таусылды ақыл-айла, амалымыз.
Қирады ақ орданың сүйектері,
Кілемнің қырқылды ғой жиектері.
Соғыс, аштық, суыққа ұрынған соң,
Қарттардың селкілдеді иектері.
Талды ғой сарбаздардың білектері,
Шайылды сардарлардың жүректері.
Хан, патша қазынасындай болған қазақ
Шошынды құлағандай тіректері.
Тозды ғой арулардың желектері,
Өртенді таудың қайың, теректері.
Суықта бала-шаға дірдектеді,
Талай жан есі шығып дедектеді.
Кезінен қазақтардың бал-бұл ұшты,
Күндері той-думанды, мерекелі.
Бытырап шіл боғындай тозып кетті,
Болса да біздің қазақ берекелі.
Дариға - ай, ел табаны ауған ба еді,
Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді.
Қашаннан қазақ - қалмақ шабысса да,
Дәл мұндай қырғын апат болмап еді.
Басынан Қаратаудың көш келеді,
Көш бас сайын тайлақтар бос келеді.
Туысқаннан айрылған қиын екен,
Мөлдіреп екі көзге жас келеді.
Елдердің Бұхар жақта болмай жайы,
Тышқақтап көп қырылды құлын-тайы,
Қалмақтар зор мылтықтан доп атқан соң,
Қазақтың оң жағынан тумады айы.
Қысқа қам жасауға ел үлгермеді,
Шабындық қиын болды өртенгені.
Доп атып дәу мылтықтан надан қалмақ,
Қазақты соғысуға келтірмеді.
Қазақта жоқ бекініс, қамал, қорған,
Сақтану қиын болды жау оғынан.
Шұбырды бет алдына жосып халық,
Ажырап қанды ұрыста өз тобынан.
Сайғақтай сая таппай туған жерден,
Бақ-береке қашты ғой талай ерден.
Қолына ұстағаны таяқ болып,
Әр жерде қалды өліп есіл мерген.
Қанданды қазақ атам кең даласы,
Өлік пен ашқа толды сай-саласы.
Құтқармақ елді апаттан болса - дағы,
Әнеттей жолда қалды ер данасы.
Соғыс, аштық, жұт елге келіп қабат,
Қазақпен хош айтысты сән-салтанат.
Қырылып бала-шаға, кемпір мен шал,
Тірі жүр қару ұстап ер-азамат.
Жау алды Ұлы жүзді бұлтартпастан,
Үстіртке Қарақалпақ көше қашқан.
Орта жүз, Кіші жүздер қоршауда боп,
Соғысып қалың жаумен арпалысқан.
Бектері Қарақалпақ болып жалтақ,
Оларда ой болмады тізе қоспақ.
Бірігіп тым болмаса, туыс болып,
Ұрысқа шыға алмады бізді қостап.
Басында Күлтөбенің болып жиын,
Түсінді ел зор апатты болар биыл.
Құрсаулап жан-жақтан жау қоршап келеді,
Қоршаудан шығуға амал табу қиын.
Тараз бен Түркістанды қалмақ алды,
Ташкентке жетіп нөпір лаң салды.
Тігілген ақ ордалар, қайран қоныс,
Қаңырап тіршіліксіз босқа қалды.
Кердері теңізі 12, Сыр, Қаратаудан,
Ыққан ел соққы көрді қалмақ жаудан.
Сахарадан таба алмай жанға сая,
Есті алып, әлсіретті қоныс ауған.
Шабуыл, аштық пен жұт қысқан заман,
Қазақтан бақыт құсы ұшқан заман,
Қолданар мылтықтары болмаған соң,
Қалмақтан қазақ қашып-пысқан заман.
Бүгінгі күн — мұнар күн,
Жер бетін тұман басқан күн.
Жалаңтөс аспас асудан,
Кәпір қалмақ асқан күн.
Бейбіт жатқан халқымды,
Жаныңа қалмақ басқан күн,
Ақыл таппай қиналып,
Билерім қатты сасқан күн.
Паналар жер таба алмай,
Ер етегін басқан күн.
Атуға болмай мылтығы,
Қалмақтан қазақ қашқан күн.
Сәмеке, Ғайып, Болат сұм,
Соңына елді ерте алмай.
Хонтайшыға сатылып,
Елдің сырын ашқан күн.
Шағырмақ күнім түн болды,
Хан мен сұлтан жын болды.
Сәмеке, Ғайып, Болаттың,
Сатқындығы шын болды.
Әбілмәмбет солқылдақ,
Ақ балшықша борпылдақ.
Келіспейді ерлермен,
Қабандарша қорсылдап.
Ұрысуға болмай хал,
Талай сабаз болды дал.
Әр жерде қалды көмілмей,
Бала-шаға, кемпір-шал.
Адамдар көп сұлаған,
Балалар көп жылаған.
Талай сұлу сымбатты,
Көзінің жасын бұлаған.
Қазақтың жасыл даласын,
Түтін мен шаңға орантты.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Қорғасын оқты боратты.
Құмалақтай қорғасын,
Талай жанды сұлатты.
Дәу мылтықтан түскен доп,
Ерді атымен құлатты.
Боздағынан айырып,
Ата-ананы жылатты.
Сүйгенінен айырып,
Сұлуларды шулатты.
Жекпе-жек. шығу аз болды,
Мылтығына кәпір мәз болды.
Қазақтар түсіп қыспаққа,
Қалмақтың көңілі жаз болды.
Кіші жүз Алшын Байұлы,
Байбақты Дат палуанның.
Көтергеніне қарасаң,
Жасыл ала ту болды.
Не болса да көрем деп,
Соғысып жаумен өлем деп.
Қоршауды бұзып өтем деп,
Күлтөбе басы шу болды.
Ер емес жаудың туын құлатпаған,
Қалмақтың адамы жоқ жылатпаған,
Қолында мылтығы көп нөпір қалмақ,
Шығуды жекпе-жекке ұнатпаған.
Түспен деп кәпір қалмақ алдауына,
Аянбай қарсы шығып қас жауына.
Орта жүз, Кіші жүз де күшін қосып,
Қалмақтың быт-шыт қылды қоршауын да.
Мылтықсыз қазақтардың қаны қызды,
Тастамай жетектеді ұл мен қызды.
Батырлар найза ұстаған алға түсіп,
Орта жүз, Кіші жүздер қоршау бұзды.
Аға баласы — Ұлы жүз болып қолды,
Жау басып, қайран бауыр быт-шыт болды,
Қазақ пен татарларға босқа өшігіп,
Сыбан Рабтан ит шықты қанды жолды.
Баласы Сыбан Рабтан Шона Даба,
Соқтықты елімізге көп лаң сала.
Жалайыр мен Найманды қуып тастап,
Құрығын тағы салды Дулаттарға.
Баласы Сыбан Рабтан Халдан Серен,
Татар мен қазақтарды қыра берген.
Доп атып зор мылтықтан үсті-үстіне,
Күн сайын жұрттың қанын төге берген.
Ит қалмақ қазақ қанын судай шашты,
Мылтығы көп болған соң, күші асты.
Жау тиіп, есі шыққан есіл Дулат,
Арғын мен Қыпшақ жаққа көше қашты.
Мейман боп қайын жұртқа келіп едім,
Сый-құрмет Кіші жүзден көріп едім.
Еліме қайтар кезде жау қамады.
Жаратқан осыншама не қып едім.
Жорықта қырық бес жыл ғұмырым өтті,
Орта жас ол да мені тастап кетті.
Ит қалмақ соғысуға душар қылды,
Болмаса ақсақалдық кезең жетті.
Қазаққа қиын болды келген індет,
Ежелден жауға шабу ерге міндет.
Шығарда жау қоршауын күшпен бұзып,
Екі ұлым майданда өлді Науан, Бекет.
Екі ұлым, екі атқосшым оққа ұшты,
Төрт боздақ қара жерді барып құшты.
Өлімін төрт сабаздың көрген шақта,
Өртеніп іші-бауырым күйіп пісті.
Сол кезде өзімді-өзім тоқтата алмай,
Ұрандап «Ошыбайлап» салдым айғай.
Сілтедім оңды-солды көк найзаны,
Жығылды талай дұшпан салып ойбай.
Пенденің бала деген жүрегі ғой,
Аз күндік тіршілікте тірегі ғой.
Боздақтың жаудан кегін алу үшін,
Қалмақтың жендеттерін түйредім ғой.
Екі ұлым бізге еріп келіп еді,
Қызықты Сыр бойынан көріп еді.
Ақыры қан майданда шаһид болды,
Қос құлыным жау қалмаққа не қып еді.
Қалмақтың алақандап ұрттап қанын,
Құштырдық талайына аттың жалын.
Әйтеуір бір өлім деп, қылыштастық,
Қазақтың қорғау үшін мал мен жанын.
Үйде, түзде болсаң да, бір-ақ өлім,
Дұшпаннан алған дұрыс елдің кегін.
Келсем де алпыс бірге найзаладым,
Қалмақтың қанға құмар талай бегін.
Кезінде қыннан қылыш суырылған,
Апшысы ит қалмақтың қуырылған.
Орта жүз, Кіші жүз боп қоршау бұзды,
Еріксіз дұшпан жақтан ту жығылған.
Болсам да қол бастаған батыр ноян,
Қайғыны ішімдегі қалай жоям.
Елімнен ғаскер ертіп шықпасам да
Шайқастым алпыс бірде болмай қоян.
Айрылды тұлпар атым тағасынан,
Тозып тұр ақ сауытым жағасынан,
Қайралған қайқы болат алдаспаным,
Боялды қызыл қанға сағасынан.
Қоян жыл дәл алпыс бір мүшелім ғой,
Жасымнан сардар болған кісі едім ғой.
Көрші елге елшілікке ылғи барып, -
Халқыма адал қызмет істедім ғой.
Тіліне араб, парсы едім жетік,
Оны да қолданбадым өнер етіп.
Шамамша ел қорғаны — батыр болып,
Мен жүрдім ез халқыма қызмет етіп.
Адам деп өз бойына өнер жиған,
Ел іші деп атайды мені имам.
Жорыққа жас кезімнен көп аттанып,
Болғам жоқ балгер, молда, қожа, ишан.
Жасымнан қол бастаған болдым сардар,
Соңыма еріп жүрді өңкей дегдар.
Кез болдым алпыс бірде қатал жауға,
Ісіне құдіреттің не амал бар?
Замана күннен-күнге қағынып тұр,
Қатал жау тұс-тұс жақтан жабылып тұр.
Аяйтын ешбірі де көрінбейді,
Талайтын жолбарыстай шабынып тұр.
Болды ғой қиын заман япырым-ау,
Жарар еді қазақ қалса апаттан сау.
Үлгіртпей елден сарбаз жыюға да.
Соқтықты қапияда мейірімсіз жау.
Тарығып ұзақ жолда тарттым бейнет,
Туатын күн болар ма бізге зейнет.
Қолыңда ағалардың тірі ме екен,
Ең кенжем—жалғыз қызым құлыным Зейнеп,
Өтежан, Қарабас би, Тобыш ағам,
Үш ағам аман ба екен жау оғынан,
Көрем бе, туған елді, көрмеймін бе,
Білмеймін жаудың беті ете жаман.
Дариға - ай туған жерден алыс қалдым,
Белгісіз не болары біздің халдың.
Тірі боп елмен бірге кездесер ме,
Үйдегі он ұл, бір қыз балапаным.
Білмедім жолда мұндай сор боларын,
Апаттың қазақ үшін зор боларын.
Орта жүз керей - дағы ауды ма екен,
Білмеймін істің алда не боларын.
Қай заман, мына заман, бағы заман,
Болар ма баяғыдай тағы заман.
Қара орман, туған жерім алыс қалып,
Қол, дария көздің жасын ағызамын.
Қызығын жаулар көрді жиған малың,
Нақақтан қанын төгіп талай жанның.
Біз кеткенде жорықта жүрген ұлым,
Шіркін - ау, тірімісің қайда бардың?
Бұл заман байқап тұрсам, қайғы заман.
Бос кеткен ер еңбегі зайғы заман.
Есіл, Ертіс, Тобылдағы туған елге,
Жететін күн болар ма есен-аман.
Кенжесі ем, Толыбай сыншы Қожаберген,
Бата алғам Әнет пенен Әз Тәукеден.
Күйзелген ел жағдайын көзбен көріп,
Өзегім өртенген соң айтам өлең.
Елім-ай»— деп бастай бер Айша жарым,
Біз айтпасақ, кім айтар елдің зарын,
Жауға шабар қасымда жасағым жоқ,
Өлең айту болды ғой бар амалым,
Біз айтпай, елдің зарын кім айтады,
Батырды ұзақ соғыс қартайтады.
Тосыннан елі - жұртын жау шапқан соң,
Жырауды шабыншылық мұңайтады.
Қарт жырау осындайда үлгі айтады,
Мұндай жай ер қайғысын ұлғайтады.
Халқына қысылғанда айтпағанда,
Пайдалы насихатын кімге айтады.
Асынған құтты болсын жарақтарың,
Жырыма құлағың сал қарақтарым.
Шабуылы жау қалмақтың күшті екен,—
Кетпеңдер жаудан қорқып тарап бәрің.
Жорықта жолың болсын азаматым,
Болыңдар жаудан кекті қайтаратын.
Кеудеңде шыбын жаның болса егер,
Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын.
Жырыма көңіл аудар азаматым,
Ұнаса менің айтқан насихатым.
Қожа, молда, ишандар артын қысып,
Қоржынға салып қойсын шариғатын.
Намаз оқып жатқанда, жаулар қырар,
Атылған дәу мылтықтан доп кеп ұрар.
Мінажат қып жайнамазда отырғанда,
Ит қалмақ ұстап алып тұтқын қылар.
Көңілің алла мен дінге болса таза,
Тартқызсаң жау қалмаққа қатаң жаза.
Жұмақтың төрінен орын аларсыңдар,
Кешірілер намазың болған қаза.
Мекенің болсын тау мен орман, тоғай,
Ол жерден жау алуы болмас оңай.
Ұрыста қазақ қолын аруақ қолдап,
Халқыма надыр алла пана болғай!
Тұрмыстың көрдің, міне, ауырларын,
Аман бол қайда жүрсең бауырларым.
Тастама ата-анаңды, ұл-қызыңды,
Қасыңда жүрсін бірге алған жарың.
Астыңда болмаса да тұлпарларың,
Аянбай соғысыңдар сұңқарларым.
Майданда ел, жауға тірі берілмеңдер,
Төкпеңдер жау алдында беттің арын.
Бұл заман болды елге қиын заман,
Шіріткен тамам елдің миын заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қағынды қазақ үшін биыл заман.
Қазыбек, Ер Жәнібек, Алдабек би,
Көрді олар өз халқынан кеткенін күй.
Үшеуі тозған елді біріктірер,
Қайғырма, азаматтар, есіңді жи.
Тірілікте жарамайды күдер үзген,
Сайла орын, жер үй салып, жапан түзден,
Қазақтың қыздарына жараспайды,
Қалмақтың бектеріне көзін сүзген.
Қыздарым, келіндерім жауынгер бол!
Дұшпанға басыңды име, ұсынба қол!
Сендер де қару-жарақ асыныңдар,
Қалмақтан кек алатын өжет жан бол.
Қыздарым, келіндерім топ құрыңдар,
Ерлерше-киініңдер, сай тұрыңдар.
Ұрыста өл, мазақ болма, берілмеңдер,
Қалмақты селебемен шапқа ұрыңдар.
Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,
Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер,
Бөгенбай, Ерсарық Асқап, Жабай, Кәшек,
Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер.
Шәкіртім қайда екен Бұхар жыршы,
Ол Бұхар әрі ақын, әрі сыншы.
Ол - дағы қарап жатпас аттан салар,
Сөзіне оның, халқым, құлақ түрші!
Бұхаржан биылғы жыл отыз жаста,
Атағы ақындықпен шықты алашқа.
Ол - дағы көп қайғырып жүрген шығар
Түскен соң ауыр бейнет қайтсын басқа.
Керейдің батыры бар Ақпанбеттей,
Оған да қоймаушы еді қалмақ беттей.
Естісе, сарбаз жиып, туын ұстап,
Дұшпанға келіп тиер жанған өрттей.
Бар еді Кіші жүзде батыр Жайнақ,
Жау десе аттанушы еді жүзі жайнап.
Ол - дағы халқын жинап, жасақ құрып,
Қалмақты «ә» дегенше шығар жайпап.
Сүйей жүр әлсізіңді әлі барың,
Қолдағы жолдас болсын қаруларың.
Ұрысқа жау қалмақпен шыққан кезде,
Алла мен аруақ болсын сыйынарың.
Бұл келген заман болды бастарыңа,
Тоқтарың қайырыла жүр аштарыңа.
Қолдай жүр бір-біріңді тастамаңдар,
Тізе қос, етек жиып, ес барында.
Ұрыста қиындыққа шыдай берсек,
Қалмаққа қырылатын келер кезек,
Табағын жаудың өзіне қайта тартар,
Бөгенбай, Ерсары, Асқап, Жабай, Көшек.
Жауменен басталғанда үлкен ұрыс,
Қаршылдап жарқылдасын алмас қылыш.
Бастап өт Сарыарқаға қалған елді,
Жараспас ер жігітке босқа тұрыс.
Аршыңдар ел өтетін жаудан жолды,
Шаншыңдар көк найзамен оңды-солды.
Майданда жолың болғыр сардарларым,
Жинаңдар құрастырып қалың қолды.
Бастасын тозған елді көсемдерім,
Ақылшы болсын сөзге шешендерім.
Хан, сұлтан, төрелерді ел санамай,
Тізе қос, күшті жиып есендерің.
Төрелерге сенім жоқ, ел ермесін,
Қазағым хан тұқымын дос көрмесін.
Хан, сұлтан, төре, қожа, өңкей құзғын,
Оларға енді тізгін жұрт бермесін.
Сарыарқа қазақ жері кіндігі деп,
Атаның мүлкі болсын жиғандарың.
Жау қалмақ — ата жауым ит екен деп,
Қалмақтың мойны болсын қиғандарың.
Жау керегі меруерт, маржан ба еді,
Қалмаққа елді қыру арзан ба еді.
Қазақ пен қалмақ талай соғысса да,
Жаңбырдай.қорғасын оқ жауған ба еді.
Дәу мылтықтан доп атып,
Қазақты қалмақ күйретті.
Қалмаққа мылтық атуды,
Орыс пен қытай үйретті.
Атаңа нәлет сұм қалмақ,
Дәу мылтығын сүйретті.
Жазықсыз жұртты бостырып
Даланы тегіс күңірентті.
Мейман боп келемін деп қуаң Сырға,
Қайта алмай қиналдым ғой мен де қырға.
Халқымның мүшкіл халын көзбен көріп,
Қобыз ап қосып тұрмын мұңды жырға.
Жасынан ер жүрегі шерге толған,
Халқына қартайғанша қорған болған
Қиналып қысылғанда, жыр шығарған,
Керейде Қожаберген бабаң болам.
Сүйген жарым Айшаның,
Асыл тегін сұрасаң.
Кіші жүз Алшың ішінде,
Он екі ата Байұлы,
Есентемір елі еді,
Сылаң Сырдың бойында,
Мекені Бестам жер еді.
Алдында өрген малының,
Есебі жоқ көп еді.
Қайын атам Қабылан би,
Өз халқына бел еді.
Қартайса да беделді,
Айтулы ердің бірі еді.
Жағалбайлы басшысы,—
Сансызбайұлы Төспенен.
Тізе қосып екеуі,
Сыйынып алла, аруаққа,
Мұғаджар тауға бармақ боп,
Көшті бастап жөнелді.
Жауда қалып туған жер,
Еңіреді ел мен ер.
Аударып табан көшсе де,
Мұғаджар тауы шалғай жер!
Шықса да талай қарсы дұшпан жауға,
Шабақтай болды оралған құрған ауға.
Алшынның рулары бел байлады,
Көшпек боп Еділ-Жайық, Орал тауға.
Күн бар ма енді бізге жиылатын,
Дәм-тұзы туған елдің бұйыратын.
Сауықшыл, бейбіт жатқан қазақ едік,
Жау көрсек, қарсы бірге жұмылатын.
Өскенбіз, қазақ ұлы бір ұяда,
Қызыққан ел емеспіз дүнияға.
Үлкенді кіші сыйлап әрқашанда,
Топ болса, сөз бастатқан қарияға.
Салғанмен қалмақ қатты бүліншілік
Қуса да елді жерден быт-шыт қылып.
Шыдаңдар тобың бұзбай, азаматым,
Арылар әлі-ақ бастан қиыншылық.
Қолдай жүр ғарыбыңды әлі барың,
Қоныстан жылжымаңдар күші барың.
Мекеннен марал ауса, жайы болмас,
Еске ұста, бұл сөзімді есі барың.
Би мен бек бір-біріңді сынамаңдар,
Дауласып ел арасын былғамаңдар,
Сардарлар сарбаз жинап, күш құраңдар,
Сөздерін хан, сұлтанның тыңдамаңдар.
Жырымды ұғыныңдар милыларың,
Қосқайсың елдің басын сыйлыларың.
Аянбай жау қалмақпен соғысқанда,
Алла мен аруақ болсын сыйынарың.
Қаратау, Сыр, Сарыарқа, Еділ-Жайық.
Тұрақты қазақ елі қонысы деп.
Санаңдар түп қазыққа соны лайық.
Әуелден мал кіндігі өрісі деп.
Жасақты қоймаған соң, әрбір шепке,
Насихат жүрмеген соң, әр кез көпке.
Көшумен күні өткен біздің қазақ,
Кез болды бейғамдықтан зор індетке.
Мұндай боп жаудан табан тайған ба еді,
Жаңбырша қорғасын оқ жауған ба еді.
Өтпес өмір, өткелсіз кешу болмас,
Түзде өлмей, үйде өлген арман ба еді.
Басталды елде аштық көп ұзамай,
Қалмақтың шабуылы аз болғандай.
Ұшырады шұбырындыға жас пен кәрі,
Сұм заман қазақтарға қас болғандай.
Жау қалмақ жақындады Шуға таман,
Сескенді ел есі шығып, онан жаман.
Күн сайын әр ауылды жау кеп шауып,
Орнап тұр ел басына ауыр заман.
Торғауыт, Жоңғар, Ойрат бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайлар қойған жалдап.
Сол екі ел қару-жарақ бергеннен соң,
Құртпақшы мұсылманның бәрін жалмап.
Күнгей жақты қаптаған қалмақ алды,
Жетісудың өңірі елсіз қалды.
Бостырып Үйсін, Найман, Қоңыратты,
Жай жатқан қазақтарға лаң салды.
Жас келмей екі көзге қайтсын енді,
Көңілім зор апаттан көп сескенді.
Мұздады жылы жүрек күн-түн сайын,
Жау қалмақ елге қаптап беттегелі.
Дін ордасын былғады кәпір қалмақ,
Оқ атып, жолдағы елді өтті жалмап.
Айнала қазақ жерін жаулап алып,
Түсірді мұсылманға ауыр салмақ.
Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Орыстар мен Қытайдан көмек алып,
Көрсетті жауыз қалмақ елге азап.
Қазақтың жағдайына болып қанық,
Байлаулы қазақ қолын пайдаланып.
Иесіз қалған жерге шатыр тігіп,
Орыстар жанталасты қорған салып.
Зерабшанға ел кетті,
Естілерден ес кетті,
Дүние-малды тартып ап,
Қазақты жау еңіретті.
Сұм қалмақ шабуылдап бірнеше ұдай,
Қоршауды бұздық қолдап аруақ, құдай.
Аштарға аттың бірін сойып беріп,
Келеміз Айша екеуміз жүріп тынбай.
Нағашым Айдабол би, Күлік мырза,
Ісіне халқы олардың болған риза.
Аруағы екеуінің қолдай түссе,
Көрерміз туған елді дәм бұйырса.
Талайдың оққа ұшырып, кесіп басын,
Жау алды қазақтың кең сахарасын.
Күнәсіз жүкті әйелдің ішін тіліп,
Түйреді найзаменен жас баласын.
Тірілікте бұл сұмдықты көрмейін деп,
Шамамша жауға соққы берейін деп.
Санаңдар түп қазыққа соны лайық.
Әуелден мал кіндігі өрісі деп.
Жасақты қоймаған соң, әрбір шепке,
Насихат жүрмеген соң, әр кез көпке.
Көшумен күні өткен біздің қазақ,
Кез болды бейғамдықтан зор індетке.
Мұндай боп жаудан табан тайған ба еді,
Жаңбырша қорғасын оқ жауған ба еді.
Өтпес өмір, өткелсіз кешу болмас,
Түзде өлмей, үйде өлген арман ба еді.
Басталды елде аштық көп ұзамай,
Қалмақтың шабуылы аз болғандай.
Ұшырады шұбырындыға жас пен кәрі,
Сұм заман қазақтарға қас болғандай.
Жау қалмақ жақындады Шуға таман,
Сескенді ел есі шығып, онан жаман.
Күн сайын әр ауылды жау кеп шауып,
Орнап тұр ел басына ауыр заман.
Торғауыт, Жоңғар, Ойрат бәрі қалмақ,
Орыстар мен қытайлар қойған жалдап.
Сол екі ел қару-жарақ бергеннен соң,
Құртпақшы мұсылманның бәрін жалмап.
Күнгей жақты қаптаған қалмақ алды,
Жетісудың өңірі елсіз қалды.
Бостырып Үйсін, Найман, Қоңыратты,
Жай жатқан қазақтарға лаң салды.
Жас келмей екі көзге қайтсын енді,
Көңілім зор апаттан көп сескенді.
Мұздады жылы жүрек күн-түн сайын,
Жау қалмақ елге қаптап беттегелі.
Дін ордасын былғады кәпір қалмақ,
Оқ атып, жолдағы елді өтті жалмап.
Айнала қазақ жерін жаулап алып,
Түсірді мұсылманға ауыр салмақ.
Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,
Басынып ата жауым етті мазақ.
Орыстар мен Қытайдан көмек алып,
Көрсетті жауыз қалмақ елге азап.
Қазақтың жағдайына болып қанық,
Байлаулы қазақ қолын пайдаланып.
Иесіз қалған жерге шатыр тігіп,
Орыстар жанталасты қорған салып.
Зерабшанға ел кетті,
Естілерден ес кетті,
Дүние-малды тартып ап,
Қазақты жау еңіретті.
Сұм қалмақ шабуылдап бірнеше ұдай,
Қоршауды бұздық қолдап аруақ, құдай.
Аштарға аттың бірін сойып беріп,
Келеміз Айша екеуміз жүріп тынбай.
Нағашым Айдабол би, Күлік мырза,
Ісіне халқы олардың болған риза.
Аруағы екеуінің қолдай түссе,
Көрерміз туған елді дәм бұйырса.
Талайдың оққа ұшырып, кесіп басын,
Жау алды қазақтың кең сахарасын.
Күнәсіз жүкті әйелдің ішін тіліп,
Түйреді найзаменен жас баласын.
Тірілікте бұл сұмдықты көрмейін деп,
Шамамша жауға соққы берейін деп.
Дұшпанға ыза кернеп, қарсы шаптым,
Майданда шаһид болып өлейін деп.
Дұшпанмен ұрыс салдым аянбай-ақ,
Аялдап алды-артыма қарамай-ақ.
Мені көріп жастар да аттан салды,
Қалмақты найзаладық аямай-ақ.
Айналып зор шайқасқа ұрыс соңы,
Жаңбырша жауып кетті қалмақ оғы.
Дұшпандар оқ бората бастағанда,
Шегінді шығын болмай қазақ тобы.
Қай заман, мына заман, сорлы заман,
Пендені бұғаулайтын торлы заман.
Атадан ұл, анадан қыз айрылып,
Халқымды жайлады індет мүлде жаман.
Қағынып тарылды ғой заманымыз,
Тозды ғой жаяу жүріп табанымыз.
Толассыз зор мылтықтан доп атылып,
Сарқылды ақыл-айла, амалымыз.
Мына заман, қай заман, құйын заман,
Жұрт шұбырып болды ғой бәрі ақтабан.
Алакөлден басталды сұлаған жұрт,
Мәңгүртті есті алып, қоныс ауған.
Басынан Қаратаудың көш келеді,
Тай, тайлақ көш бас сайын бос келеді.
Ауылдар жұбын жазбай бірге көшсе,
Бір-бірін қиын жолда ес көреді.
Арқаға кеткен ғаскер қайтты оралып,
Шуға жетті атының мойны талып.
Бәрі де ну қамысқа паналады,
Қалмақ боп шыбын жанын аман алып.
Аңғал қазақ алданған,
Төренің сөзін малданған.
Жан-жағынан жау қамап,
Жол таба алмай дағдарған.
Шапқыншы қалмақ құтырып,
Жерімізді таптаған.
Дәу мылтығын сүйретіп,
Құмырысқаша қаптаған.
Қырсығы тиіп хандардың,
Қалмақтан халқым ұтылған.
Опасыз сұлтан, төреден,
Жөн болар, елім, құтылған.
Көсемі жоқ қазақтың басы қатқан,
Төрелер жау қалмаққа елді сатқан.
Жасанып жарақтанған қанқұйлы жау,
Бас салды қазақтарды бейбіт жатқан.
Құй ойла, құй ойлама, бітті жұмыс,
Бастаңдар қоршау бұзып, үлкен ұрыс!
Жорықта жолың болғыр боздақтарым.
Жараспас ер жігітке босқа тұрыс.
Хан, патша қазынасындай болған қазақ,
Төрт түлік малға толған далалары.
Қарулы ит қалмаққа болып мазақ,
Үш жүздің көп қиналды даналары.
Қазақтар паналады тоғай - нуға,
Кең дала толып кетті айғай-шуға.
Соғысқан ит қалмақпен қазақ қолы,
Түскендей болып еді от пен суға.
Өлеңге қостым көзбен көрген көпті,
Халқымды соғыс, аштық тентіретті.
Біразы Найман, Қоңырат, Жалайырдың,
Сарысу өзеніне келіп жетті.
Бұл заман, қай-қай заман, мыстан заман,
Қазақты қалжыратқан дұшпан заман.
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қар жауған қаңтардағы қыстан жаман.
Қия алмай дала, тау-тасын,
Сиғыза алмай ер басын.
Жер-суынан айрылып,
Халайық төкті көз жасын.
Мінгестік Айша екеуміз жалғыз атқа,
Амалдап қамшы бастық ақбоз атқа.
Құтылып жаудан алыс кете бардық,
Әйтеуір тұтқын болмай ит қалмаққа.
Сыйынып алла менен аруаққа,
Бет түзеп біз жөнелдік Арқа жаққа.
«Ауылға жетем»— деген зор үміт бар,
Елімді жолықтырсын біздің баққа.
Мекенім Есіл, Ертіс, Тобыл бойы,
Елімнің жайылушы еді ешкі - қойы.
Күн туып ата жаудан кек алатын,
Қалмақтың іске аспасын харам ойы.
Сұм дүние опасы жоқ жалған екен,
Бізден бұрынғы ерлерді де алған екен.
Бақұлдық ел-жұртымен айтыса алмай,
Елде өлмей, далада өлген арман екен.
Өткен күн көз алдыма жай бір елес,
Күйініп өлең-жырмен айттым кеңес.
Жүз жиырма төрт мың пайғамбар мен,
Отыз үш мың сахаба да дүниеден өткен,
Солардан Қожаберген артық емес.
Дәулет - бақ пен перзентке асығыс жоқ,
Біреуге ерте, біреуге кеш береді.
Жоқшылыққа еш жүйрік жеткен де жоқ,
Пендеге шыдамдылық дес береді.
Сұм соғыс, аштық пен жұт нені қойсын,
Айрылды ел бар дәулет пен жиған малдан.
Ит қалмақ оқ боратып несін қойсын,
Хал кетті нелер асыл сардарлардан.
Санама біріңді артық, біріңді кемге,
Біріңді-бірің сүйе сүрінгенде.
Әр уақыт тобың жазбай бірге жүрсең,
Татисың аз да болсаң, іргелі елге.
Тарқатпа сарбаздарым жиыныңды,
Жаудан кек ап, оңайлат қиыныңды,
Қалмақты жеңіп шығып, құдай оңдап,
Боздақтар қайтадан тап үйіріңді.
Нұр жауар талапты ерге деген ермін,
Есіркеп қашан алла жеткереді.
Құдайдан елге амандық тілеп жүрмін,
Қазақты қашан қолдап ескереді.
Қажыды халы азайып біздің халық,
Мәңгүртіп соғыс, аштық жүдеткелі,
Көлігін қолда барлар пайдаланып,
Жөнелді ел бет-бетіне күнелткелі.
Атқарып тәуір жұмыс елшілікте,
Ұнадық ер атанып көпшілікке.
Айрылып қасыма ерген төрт боздақтан,
Дәл бүгін мен тап болдым кемшілікке.
Батыр деп түсіп елдің ықыласы,
Мен болдым жас шағымнан жорық басы.
Кешегі орда бұзған отыз бесте,
Сыйлап еді мұсылманның кәрі-жасы.
Болғанмен оғыз түрік тектеріміз,
Түріктің көп елінен шеттедік біз.
Мұсылман қасқыр болып мұсылманға,
Қандастар жат боп кетті дәл осы күз.
Уайымдама Айшажан!
Қалды деп боз ат шабандап.
Жетерміз елге біз аман,
Аң атып жеп амалдап.
Қайғыра көрме, ой ойлап,
Қалармыз деп жаяулап.
Есен болсақ, жан жарым,
Барармыз елге баяулап.
Бөгелмейік аялдап,
Жүрейік атпен аяңдап.
Ұзап шықтық алысқа,
Жете қоймас ит қалмақ.
Болса да адам үшін жаман ресім,
Қалайша айтпай қоям мұның несін.
Халқымның хал жағдайын өлең етіп,
Жырладым апат күннің шежіресін.
Артымда өзім өлсем атым қалсын,
Жырыма барша жұртым құлақ салсын.
«Бабамның Қожаберген өлеңі»,— деп,
Ұмытпай кейінгі ұрпақ есіне алсын.
Самарқанд, Бұхарадан білім алғам,
Өнерге құштар болып жас шағымнан.
Атанып зерек шәкірт қатарында,
Үргеніш медресесін тамамдағам.
Қоршауға түспей көшіп Төле кетті,
Соңына біраз ауыл ере кетті.
Ит қалмақ бізді бүгін жеңгенменен
Түбінде жауды қазақ жеңер депті.
Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,
Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.
Теңемек болып бізбен терезесін,
Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.
Іс болды-ау, аса қиын таңдай татыр,
Қорланды жаяу қалып сансыз батыр.
Жайнаған гүлдей тұрмыс ғайып болып,
Дариға - ай, ойда-жоқта болдық пақыр.
Бұл апат үш жүз елін тентіретті,
Халықтың дайындықсыз есі кетті.
Жал-жая, қазы-қарта жеген қазақ,
Амалсыз шөп тамырын қорек етті.
Батырлардың ағасы,
Қырықта жас шамасы.
Қамқор болар халыққа,
Бөгенбайдай данасы.
Қанжығалы Бөгенбай
Алтынды тонның жағасы.
Осы күнгі сардардың
Бәрінен артық бағасы.
Тазартылар күн туар,
Қазақтың кең даласы.
Ел қорғаны ұл туар,
Қалмақтың құрыр шарасы.
Жазығы жоқ қазақтың,
Батырлар болар панасы.
Елді қырған қалмақтың,
Жыртылар әлі-ақ жағасы.
Қазақтар түйіп қабағын,
Қалмақтың орып тамағын.
Қайта тартар дұшпанға,
Өздері тартқан табағын.
Быт-шыт қып шебін, қамалым,
Әбден құртып амалын.
Қазағым жерін тазартып,
Тайдырар қалмақ табанын.
Қанды ұрыс екі жаққа да қиын болды,
Айнакөл жағасында қырғын болды.
Орта жүз, Кіші жүз боп қарсыласып,
Қалмақтан алты мың жан шығын болды.
Қазақтар қаша көшіп ұрыс салды,
Бетпақта адастырды қалмақтарды.
Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,
Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.
Бостырып Жалайыр мен Наймандарды,
Алтай мен Алатауды қалмақ алды.
Жалайыр, Найман, Қоңырат Бөрібайға еріп,
Сарысу бойына кеп қоныстанды.
Тұсында Таңбалы тас болып шайқас,
Қазақтар ата жаумен салды айқас.
Қалмақтар үсті-үстіне оқ боратты,
Дегендей Үш жүз ұлы көріп байқас.
Соғысып бұл ұрыста байқасқанда,
Қаймықпай жау қалмақпен шайқасқанда.
Дұшпандар жеме-жемде ұта алмады,
Қолма-қол қазақтармен айқасқанда.
Ашынған қазақ қорқып бұға алмады.
Қалмақтар жекпе-жекке шыға алмады.
Мылтығы жеткілікті кәпір қалмақ,
Шығуды жекпе-жекке қаламады.
Бес мыңдай жау қырылған Үзкент жақта,
Екпіндеп баса көктеп келген шақта.
Бөгедік Сарысуда қалмақ қолын,
Дұшпандар ете алмады батыс жаққа.
Жауларға қарсы тұрды Алшын қолы,
Кесілді еріксізден қалмақ жолы.
Аймақкөл жағасында жетсек тағы,
Келмеді Әбілхайыр жиған тобы.
Көп тостық Әбілхайыр келеді деп,
Тосыннан жауға соққы береді деп;
Алайда негізгі қол көрінбеді.
Қорықтық халық түгел өледі деп.
Қамданып жасақ жиып, тігіп шатыр,
Қолбасшы Әбілхайыр қайда жатыр,
Сәмеке, Әбілмәмбет, Ғайып, Болаттың,
Көмегі қазақтарға болмады ақыр.
Қайғырып қазақ елі шекті уайым,
Зор соғыс төмендетіп хал-жағдайын.
Жырымды әрі қарай ұластырып,
Азырақ қайын жұртты баяндайын.
Басында мамыр айы шықтым жолға,
Дедім мен алла, аруақ өзің қолда.
Ай жүріп қайын жұртқа келіп жеттім,
Көрместен ешбір бейнет ұзақ жолда.
Қазақтан бақыт шіркін тайған ба еді,
Қалмақта бұрын мылтық болған ба еді.
Елімнен бақыт құсы ұшып кетіп,
Қалмақтың шаттарына қонған ба еді.
Қазақтың қамсыздығын жаулар сезген,
Тыңшысы қалмақтардың елді кезген.
Шал-кемпір бейнесінде жер шарлаған,
Санақшы тұтқындалды жаннан безген.
Қалмақтың аямасын әбден сезем,
Жаулардың қорлығына қалай төзем.
Дұшпандар дәу мылтықтан доп атқанда,
Күңіренді тау, орман, көл, асау өзен.
Тарақты Ер Байғозы 13қолдың басы,
Бұл күнде жиырма алтыға келген жасы.
Ол дағы Кіші жүзге күйеу екен,
Сыйлаған оны да елдің кәрі-жасы.
Қатысты Кіші жүзден Тайлақ мерген,
Құлатты көздегенін атқан жерден.
Бір мерген Саңырақ атты жараланды,
Тайлақтың жолдас болып қасына ерген.
Әйгілі Тайлақ, Саңырақ батыр емес,
Шығатын жекпе-жекке жандар емес.
Өзгеше мергендікпен аты шыққан,
Болмаса дара жүріп қылмас егес.
Байғозы қолма - қолда екен күшті,
Ер болып, жеке шығып, көзге түсті.
Атысқа ғадеттенген қалмақтардың,
Бетпе-бет кездескенде, зәресі ұшты.
Мекендеп Тобыл, Ертіс екі арасын,
Қазақтың күйге бөлеп ең даласын.
Сауықшыл Орта жүздің Керейі едік,
Үш жүздің жат көрмеген еш баласын...





Пікір жазу