20.10.2021
  98


Автор: Исраил Сапарбай

Көктемнің бұла бұлттары-ай!

Желіп те желіп жететін,
Жаяуды баяу құптамай,
Төгіп те төгіп өтетін
Көктемнің бұла бұлттары-ай!
Омырауын кере ойқастап,
Қара бір жерді қапталдай,
Аспани жақтан айқасқа ат
Арқырап келе жатқандай!
Үйірді көрсе қиырдан
Кететін көзі шатынап,
Сауырынан тері құйылған
Қайтеді-ай мынау ақымақ?
Түрінен қаһан қаймығып,
Үнінен жаһан шошынар –
Елірген ерке сəйгүлік
Еркімен кімге басылар?
Осы бір күйлі күйінде
Қарамай кəрі, жасы бар –
Дүркірей қашқан үйірге
Күркірей келіп қосылар!
Кешіксең, кезек тие ме?
Асауды ашу асырар:
Ерсілеу тұрған биеге
Екпіндей келіп асылар.
...Бірімен бірі алысып,
Тебісе келе шайнасар.
Бірімен бірі табысып,
Өбісе келе ойнасар.
Осының бəрі жерде емес –
Аллауһи əлем төрінде.
Көңілің соқса, сен де көш,
Сол болар елің, тегінде!..
...Желіп те желіп жететін,
Жаяуды баяу құптамай,
Төгіп те төгіп өтетін
Көктемнің бұла бұлттары-ай!




Пікір жазу