Құлтемірдің махаббаты
3056 жыл. Хасіл ғаламшары. Құлтемірлермен болған қанды соғыс. Адамдар құлтемірлердің жойқын шабуылынан қорқып, оларды түгел дерлік қырып тастаған. Майор Орасан бастаған топ құлтемірлердің жойылғандығына көз жеткізу үшін Хасіл ғаламшарын кезіп жүр. Оның жанында жомарт да жас адьюдант Азат бар. Күл-қоқыстардың арасынан бір де бір құлтемірдің жыбыры не ізі байқалмайды. Тоқтаңыздар! Азат құлтемірдің баласын көрді! Екі көзі ғауһардай жарқыраған кішкентай құлтемір қоқыс үйіндісінің артына барып тығылды да, ыңылдап қоя берді. Құлтемірлердің қанды қаңқасына оралған қоқыс төбешігінің жаңына Азат келіп, құлтемірдің баласын іздеді. Ол қанға балқыған құлтемір анасын құшақтаған кішкентай құлтемірді көрді. Денесі аяқ-қолынан ажыратылған құлтемір-ана сызды жерде баласын жұбатып жатыр. Көмір қара жердің үстінде түрі адамнан аунымайтын құлтемір бала анасының басынан сипап, көмекке шақыруда. Өз көзімен көрген аянышты көрініс Азаттың жүрегін елжіретіп, жасаған ісіне өкінуге әкелді. Азат мөлтілдеген жаспен, құлтемір баланың қасына барып отырды. Құлтемір-ана Азатқа қарап:
— Өтінемін, менің баламды құтқарыңызшы. Ол сіздерге риясыз қызмет ететін болады! Өтінемін! – деп ақты демі таусылғанша өтініш айтумен болды.
Қара ойыс жердің бетінде жатқан құлтемір-ананың бетін жас жуып жіберіпті. Аяғы денесінен ажырап, бөлшектенсе де ұлын ойлаумен әлек. Қызыл қан басқан темір денесіне алты жасар баласын жатқызып, адам баласынан көмек сұрауда. Түрі адам кейіпті, бірақ ішкі-құрылысы темір мен сымнан құралған құлтемір-ананың жүректен шыққан сөзіне Азаттың көңілі құлазып кетті. Құлтемірлер де адам сияқты жылай алады деп кім ойлаған? Өздері жыламақ түгілі ет пен сүйектен жаралған пенденің жүрегін жаралай алады. Жүрегіне оқтай қадалған ауыр да аянышты сөзге Азаттың көңілі босап, жылап жіберді. Ал жаралы қанды қолымен темір баласын құшақтаған құлтемір-ана о дүниеге мәңгіге аттанды. Адам мен құлтемірдің әңгімесін сырттай Орасан майордың тобы бақылап тұрды. Азат құлтемір-баланы жетектеп, Орасан майордың жаңына келді. Орасан майордың баланы жерге алып кетуіне қаншалықты қарсы болатынын іштей сезіп, біліп тұрса дағы, Азат батыл қадам жасауға бел буды. Адам баласынан ешбір айырмашылығы жоқ іспетті көрінетін құлтемір баланың қара шашынан бір сипады да, Азат ұзақ үнсіздіктен кейін тілге келді:
— Құрметті, майор Орасан мырза, мына баланы жерге өзіммен бірге алып кетуге рұқсат етіңіз! – деді.
— Азат, адьюдант жолдас, құлтемірлермен болған қандықасаптан кейін бұлай айтуға қалай дәтіңіз барды?! Оның үстене ол адам баласы емес! Құлтемір! Түрі ғана адам! Ішкі жан дүниесі құлтемір! – деп олардың сөзіне қыстырылысты Орасан майордың жанындағы өткір тілді жас адьюдант Әбділхақ.
— Ол құлтемірдің (адам-робот) баласы болса дағы, түрі адам болып көрінсе дағы, ішкі-жан дүниесі сіз айтқандай сым мен темірден жаралмаған! Мына сіздің құлтемір еместігіңізге күмәнім бар! – деді жомарт Азат.
— Тоқтаңыздар! Бүгінгіге жетеді! Азат мырза, баланы алып, ғарыш кемесіне отырыңыз! Барлықтарын айтқанымды істендер! Жерге уақытты тоздырмай жетуіміз қажет! – деп Орасан майор ғарыш кемесіне кетті.
— Майор! Майор! – деп Орасан мырзаның бұйрығына келіспей Әбділхақ безгек қақты.
Майордың оң батасын алған Азат жадыраңқы жүзбен алты жасар құлтемір баланың жанында тізерлеп отырды да оның теңіздей тұнық көзіне қарап: «Сен енді құлтемір емессің! Адамдар арасында бақытты да баянды ғұмыр кешетін боласың!» – деп жымиды. Адамның сөзіне сенер-сенбесін білмеген кішкентай құлтемір-бала одан алшақ тұрды да: «Өтірік айтасыз! Сіздер менің анамды өлтірдіңіздер! Енді менің де көзімді жоймақшысыздар!» – деді жыламсырап. Бірақ жылағанмен, оның көзінен жас ақпады….Құлтемір-баланың назы орынды еді. Ішкі-құрылысы темірден жаратылғанымен, санасы адамдардікіндей нәзік баланың сөзіне Азат ашуланбады. Азат құлтемір-адам баланың жаралы жүрегін жылы сөзбен емдемекші болып оған бір табан жақындады да:
— Қорықпа, мен сенің анаңның өтінішін жерге тастамаймын. Сені есейген соң өз еліне қайтаруға сөз беремін! – деді.
Бала Азаттың сөзіне келіскендей сынай танытты. Анасының қираған бөлшек денесіне көз тастады да Азатты қатты құшақтап алды. Азаттың көзінен маржандай жас тамшылап ақты. Құлтемір-адам(Робот-адам) баланың сол бір ыстық сезімі Азатқа таныс болатын. Туған анадан айырылудан асқан қарғыс та, қылмыс та жоқ шығар бұл фәниде! Ата-анасыз өсудің, өмір сүрудің азап екенін аса жақсы білетін Азат құлтемір-баланың басынан жаймен сипады да оған күлімдей қарап:
— Мен сені түсінемін! Мен де сен сияқты ата-анадан ерте айырылғанмын. Менің не әкем, не шешем жоқ! Мен саған қамқор әке болуға сөз беремін! Жақсы ма? – деді.-
— Жақсы! Тек мені ержеткен соң осында қайтаруға сөз беріңізші! Үлкен жігіт болғанда мен өз үйіме, осы жерге оралсам деймін. Сонда ата-анам маған риза болады ғой? – деді құлтемір-бала (робот-адам бала).
Небәрі алты жасар құлтемір-баланың жалынды сөздері Азаттың санасына жаңа серпін, жаңа ой бергендей болды. Азат баланы құшақтап алды да, ғарыш айлағына әкетті. Адамдардың ғарыш кемесі Хасіл ғаламшарынан ұзап кетті…
Жалғасы бар…
Алтыншаш КУРМАНАЕВА,
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология бөлімінің 2-курс студенті.