19.10.2021
  132


Автор: Исраил Сапарбай

Қапылып

Қапылып,
Қандай болып барады күн?
Жадыңды жаулар ма екен жаңа жырым?
Жауырын жауырланып кетті білем
Тірліктің тарта-тарта қара жүгін?
Өлеңсіз өмір өңі бозаңданар,
Шаң жұғып,
Шарайнаға тозаң қонар.
Мойынсал,
Можантопай,
Момақан күн
Кетіріп мəнісіңді, мазаңды алар.
Қазыққа қаңтарылып,
Тұсауланып,
Жүрер жол қылкөпірдей қысаңданып,
Қыдырып,
Қыз-қырқынмен қызық қуып,
Қызынып қымызды да іше алмадық.
Тоң-торыс тірлік торын бұзбау қатер,
Онсыз да бір жүрекке сыздау жетер.
Желпініп жыр оқыған сəттерінде,
Ақынды жақсы көрем қыздан бетер!
Сері дос!
Аяп қалам сенен несін?!
Алдыңнан өткізейін өлең көшін!
У-шудан мезі болған мең-зең дүние
Бір мезгіл біз жаққа да елеңдесін.
Көзге нұр,
Көкірекке бейіл қонсын,
Зер сөзді зердеге ілер зейін болсын.
Бөпесін өбектеген жас анадай
Бір мезгіл бізге Өмір мейірленсін!




Пікір жазу