18.10.2021
  169


Автор: Исраил Сапарбай

Шашыңнан иiскедiм қара мақпал

Шашыңнан иiскедiм қара мақпал,
Айналып қара түнге бара жатқан.
Жусан ба,
Дəрмене ме..,
Дəл осылай
Бiр жұпар аңқушы едi-ау Дала жақтан!
...Ен тоғай,
Түстi есiме Сыр жағасы –
Дүлдүлдiң дүниауи дүрданасы.
Ахметке Арыстанбаб рəуа еткен
Осында өскен дейдi құрма ағашы...
Осында өскен жəне Əл-Фараби,
Əлдилеп ақ бесiгiн алқара күй.
Сейхун мен Жейхундайын шалқар ағын
Əлемнiң кезiп кеткен шартарабын!
Осында өмiр кештi дадам Қорқыт,
Сам құшып,
Саумал iшiп,
Самалға елтiп.
Бəсiне сөз жетпейтiн Отырардың
Басына барар ма едiм баламды ертiп...
Əттең-ай, қол қысқасы, жол ұзағы
Тағдырдың көзiнен жас тамызады.
Қыз бенен Қызылқұмдай қай жерде бар
Аптаптың алабөтен аңызағы?!
...Шашыңнан иiскедiм қара мақпал,
Айналып қара түнге бара жатқан.
Жусан ба,
Дəрмене ме..,
Дəл осылай
Бiр жұпар аңқушы едi-ау Дала жақтан!..




Пікір жазу