18.10.2021
  143


Автор: Исраил Сапарбай

Сөз оғымен өлтіріп көсем жырды

Сөз оғымен өлтiрiп көсем жырды
Арамызда қаншама өсек жүрдi...
Əзəзiлдiң елемей азғырғанын,
Ақыл-есi бұл жұрттың кешеу кiрдi.
Хақтан өзге қайырар кiм бетiмнен?
Тағдыр шiркiн таспа алды күнде етiмнен.
Жерiген де жерiм жоқ елден мынау
Жезөкшедей етегiн күнде түрген!
Елес құрлы болмаса «ел» дегенiм,
Ендi кiммен «ауырып», емделемiн?
Əзəзiлдi салдың деп арамызға
Қалай сөгем Алланың пенделерiн?
Бəрi, бəрi өткiншi...
Өттi бəрi.
Бəрiн, бəрiн Уақыт жеп тынады.
Саған ғана құлағым елең қағып,
Саған ғана жылағым кеп тұрады.
Қаймананы қайтейiн кiнəраттап,
Қара су да жылғадан жылап ақпақ.
Мен өлгенде,
Құранның аятындай
Өлеңiмдi оқырсың қырағаттап...




Пікір жазу