18.10.2021
  212


Автор: Исраил Сапарбай

Мен сенi, қалқам, ұнатып қалдым

Мен сенi, қалқам, ұнатып қалдым
Ақшулан тартқан басыммен.
Жан-жүрегiмдi жылатып та алдым
Жүзiмдi жуған жасыммен.
Кiрпiктен тамған тамшыларыммен
Ұнатып қалдым, не iстейiн?
Үргедек, үркек таң шуағымен
Үйлесер ме екен кешкi ойым?
Сауырын бұлттың сəуiр айында
Аптай ма алтын жалқыным?
Салбөксе самсоз сарыуайымға
Салмашы менi, жарқыным.
Iшiңнен, бəлкiм, сөгерсiң менi,
Əлдекiм шықпай есiңнен...
Көңiлiмнiң аппақ көгершiндерi
Дəн терсе деп ем төсiңнен...
Адастым ай мен күн арасында,
Дауысым құмда құмығып.
Құлқыңмен менi құп аласың ба,
Бейiлiң бермен бұрылып?
Өмiрге өткен өкпелi едiм,
Жастық шағымды жаулаған.
Жанымда жүршi, көктемiм менiң,
Еркiмдi ессiз баураған.




Пікір жазу