18.10.2021
  267


Автор: Дәркен Танабаев

БӨРІ АНАНЫҢ ЖОҚТАУЫ

Сүт толы емшектерім-ай,
Емсеңдерші сыздаған.
Оққа ұшқан күшіктерім-ай!
Денесі тоңып мұздаған.
Тиердей көктен шарапат,
Ояна ма деп жүз бағам.
Дүниеден мынау алапат,
Өлі денеңді қызғанам.
Бөлтіріктерімді қайда деп,
Көк тәңіріден сұраймын.
Рақымы түссе айтар деп,
Аспанға ұлып жылаймын.
Жаныма жара салғанның,
Алдына ісін келтірем.
Күшіктерімді алғанның,
Әулетін түгел өлтірем.
Сол түнді мұңға батырып,
Бөрі ана тынбай зарлаған.
Бозамық таңды атырып,
Тыныштық тауға орнаған.
ІІ
Екпіндеп қаптап қалың қол,
От шашар тұяқ тастар да.
Тапталып шалғын болды жол,
Көтеріп шаңды аспанға.
Қанталап көзі кектенген,
Көбігін шашып ұртынан.
Жасақты қуып жеткенмен,
Аңдыған бөрі сыртынан.
Қолбасы өктем таныс ер,
Қатігез түйіп қабағын.
Жебесін керіп қанішер,
Шірене тартты садағын.
Бейбіт ел жатқан алдында,
Құйындай соққан боранды.
Шырылдап сәби, шал мұнда,
Түгелдей отқа оранды.
Жалына аттың жармасып,
Ерлері жаумен алысқан.
Ала алмай тұрған арбасып,
Жарқылдап қылыш салысқан.
Еліне батыр адал-ды,
Жан беріп жаумен шабысқан.
Жонына найза қадалды,
Ажалын құшып қарысқан.
ІІІ
Ойранды озбыр салған соң,
Бейбіт ел түгел қырылды.
Мазаққа алып қалған соң,
Бес-алты жасар бір ұлды,
-Берейін жаудың сазайын,
Келтіріп оның сияғын.
Аяғын қолын шабайын,
Қор қылып соңғы тұяғын.
-Сабыр ет неге керегі,
Жалғыздың қанын шашпағын.
Қасқырдың бұл да қорегі,
Белдігін ал да тастағын.
Соққыға жықты қанішер,
Талықсып бала құлады.
Қалдырды ұлды жаны шер,
Қанғандай жаудың құмары.
Біткен соң қанды бүлігі,
Кете ме жауыз тонамай.
Олжалап қалған мүлігін,
Тоймайды көзі қомағай.
Өліктің жұлып алқасын,
Семсерге екеу таласқан.
Толтырып қоржын, қалтасын,
Шекісіп барып жарасқан.
Қарагер нені түсінед?!
Алдына салған малы бар.
Тақымда тулап кісінеп,
Атылды көкке жануар.
Жоқтайтын жан жоқ еңіреп,
Озбыр жау елін таптаған.
Қан сасып жатты төңірек,
Аспанда құзғын қаптаған.
ІV
Ыңырсып бала баяғы,
Кеудеде шыбын жаны бар.
Жырылған тасқа аяғы,
Жарақат алған қаны бар.
Қайғырған кекті мұңымен,
Жібітті сәби жанары.
Қорған боп бөрі түнімен,
Жарасын еппен жалады.
Тұрғаны бөрі бәйек боп,
Кетердей ұлға сыз өтіп.
Түйсігі жұмбақ дәйек боп,
Күнімен шықты күзетіп.
Жауынан шошып жеріген,
Бақыты ұшып бағынан.
Жылылық тауып бөріден,
Қорғанын бала таныған.
Он үшке толды балақан,
Бөрі ана аңға баулаған.
Көзімен сүзіп даланы,
Таулардан жемтік аулаған.
V
Тағдырдың жүрді жолымен,
Өткен соң күндер ағылып.
Жігіт боп өсті Көкбөрі,
Кешсе де ғұмыр тағылық.
Тағылар заңы күшінде,
Бөрі ана тиіп көмегі.
Бөрінің жүрсең ішінде,
Бөріше ұлы деп еді.
Құлайды қазір жар алда,
Әлсіздер ғана өледі.
Жаралап үлкен маралды,
Бөріше ұлып келеді.
Илеуде қалды табысып,
Қуысы жартас тарылып.
Көкбөрі демде алысып,
Барыстың қарны жарылып.
Тұр алып орман тынысын,
Өмірдің ұғып қабағын.
Ермекке санап мұнысын,
Көкбөрі алар садағын.
Тастардан тасқа секіріп,
Тіршілік барын сыбырлап.
Пыр етіп ұшар кекілік,
Бұталар қалар жыбырлап.
Бөрілер кілең төнеді,
Болғанда марал қорегі.
Бөріана ғана бөледі,
Көкбөріге осы керегі.
Шешеді мұнда қайратты,
Қалғаны соған көнеді.
Көкжалға өңшең айбатты,
Көкбөрі ақыра төнеді.

Қар еріп жота беттерде,
Тасыған таудың өзені.
Жемтігін іздеп көктемде,
Бөрілер жалғыз кезеді.
Көкбөрі торып маңайды,
Шығып тұр биік еменге.
Алысқа сонау қарайды,
Ауылға жатқан төменде.
Қырқа тұр ауыл шетінде,
Ұрланып қана сүзілген.
Өзеннің бергі бетінде,
Киіз үй қатар тізілген.
Атына мінер қарғып-ақ,
Жігіттер өжет жарысып.
Астында асау арғымақ,
Келеді көкпар тартысып.
Тұлпары озса желдіріп,
Марапат айтар мақалдап.
Жігіт-ақ, дейді қоздырып,
Отырған ата сақалдар.
Ошақта қазан қайнаған,
Әйелдер қымыз сапырып.
Көшеде күліп ойнаған,
Өрімді өңкей шақырып.
Отыра кетті бұрылып,
Көкбөрі мұңы шағылды-ай!
Баяғы қалған қырылып,
Аумаған біздің ауылдай.
VІІ
Мұңайып үнсіз оңаша,
Отырды ойға беріліп.
Бес көктем өткен санаса,
Қарады қайта зерігіп.
Жағымды екен құлаққа,
Үнімен нәзік әндетіп.
Сұлу қыз келді бұлаққа,
Өріпті шашын сәнді етіп.
Сырғасы күміс жылтырап,
Әсемдік бойға жиылған.
Бейнесі суда қалтырап,
Қастары қара қиылған.
Балғын нұр толы жүзінен,
Шашады әсем арайды.
Басылған әрбір ізінен,
Сұлулық қана тарайды.
Жүрегін өтті от қарып,
Сезімге жаны шырмалып.
Дауыстай жаздап Көкбөрі,
Көзімен салды шығарып.
Мазалап сан ой санасын,
Берілген бір сәт арманға.
Іздемек бөрі анасын.
Жоқ болып сіңді орманға.
VІІІ
Көкбөрі отыр мұңымен,
Ойына алып сұлуын.
Адам екенмін шынымен,
Ішімде бөрі ұлуын.
Бөрі ана келіп қасына,
Болдың сен қайда күнімен?...
Жүгіріп қырқа басына,
Ер деді бөрі тілімен.
Қараса биік төбеден,
Қаптаған қалың қол жатыр.
Есіне түсті қанішер,
Ауылын шапқан сол батыр.
ІХ
Жауынан ауыл сескенді,
Жіберген тәңір жазаң ба?!
Кеңесіп қарттар шешкенді,
Ет асып үлкен қазанға.
Қапыда бірақ қалмаңдар,
Сайлаңдар қанжар, қылышты.
Ұрымтал жерін ойлаңдар,
Бастаңдар қанды ұрысты.
Алдынан қолдың қарсы алып,
Ауыл тұр үркіп, үрпиіп.
Қонағым бол деп жар салып,
Ішінен бірақ тұр күйіп.
Сәйгүліктері таралған,
Байлаулы қатар тізіліп.
Сүюге ғана жаралған,
Келіншек, қыздар сызылып.
Осылай құрып қармақты,
Күтеді жауын асымен.
Өздері сөйлеп салмақты,
Сіз дейді әппақ басымен.
Шіреніп келеді қолбасы,
Сөзінде мысқыл өктемдік.
Сезілген елдің оңбасы,
Байқалар ызғар төккендік.
-Сарбаздар етке тойып ал,
Болмайды мұндай той күнде.
Жақпаған жанды сойып ал,
Үлкені тойдың, ой! түнде.
Құрығым менің ұзынды,
Шапқанмын талай даласын.
Анау бір нәзік қызыңды,
Қойныма қақпас саласың.
-Қалмасын елім аңырап,
Сыйлаймыз саған айымды.
Дайын тұр үлкен шаңырақ,
Қол басы салма уайымды.
Х
Айтылған сөзін мысқылмен,
Бөрі ана түгел сезіп тұр.
Кектенген суық ұсқынмен,
Шарасыз әзер төзіп тұр.
Сұлудың жаны езілген,
Шығарып салды көзімен.
Қызғаныш оты сезілген,
Көкбөрінің де өзінен.
Бөрі ана жылжып жетті енді,
Жауызды жайпап матауға.
Көкбөрі кіріп кеткенді,
Қыз кірген үлкен отауға.
Қандырмақ нәпсі құмарды,
Қолбасы соны тұрды ойлап.
Умаждап әлгі тұмарды,
Шыққан соң салмақ жын ойнақ.
Далада тойлап қол жатыр,
Ешкімде сырын ұқпады,
Кіргенмен үйге қолбасы,
Далаға қайтып шықпады.
Жұмбаққа мына қаралық,
Кетіпті біреу пышақтап.
Көздері ашық аларып,
Өз басын жатыр құшақтап.
Көкбөрі, сұлуы қасында,
Асыпты таудың шыңынан.
Жалаңаш құздың басында
Бөрі ана отыр ұлыған.
ХІ
Ертеде сонау жылдарда,
Сақтар ма, әлде Ғұндар ма.
Түркі де, бәлкім Үйсін де.
Тарихым толған мұң зарға.
Айтылар ұзақ ертегі,
Бөрі ана жайлы шертеді.
Шежіре, аңыз тыңдауға,
Құмар-ақ біздің ел тегі.
Бесікте сәби мүлгиме,
Жеткізген бізді бұл күйге.
Ақсұңқар оған қорған боп,
Бөріні емген Күнби ме?!
Мен үшін өте маңызды,
Жаныма алау таң ізгі.
Ұрпаққа жырлап отырмын,
Көкбөрі жайлы аңызды.





Пікір жазу