ЖЫЛАН БҰЗҒАН
-Анау беткей аталар Жылан бұзған,
Бадам суын сағалай жыра құздан.
Алтынын ақ жыланның аламыз деп,
Ашкөзденген ауылды ылаң бұзған.
Аңызды естіген ем ел аузынан,
Мен үшін теңдесі жоқ бұл қазынаң.
Түйдім де көрдім тербеп көкейіде,
Айтайын жырға қосып өз базынам.
Бір кемпір жалғыз тұрған баяғыда,
Жалбырап жыртық мәсі аяғында,
Тағдыры таңылған соң бір ешкіге,
Жалғызға, жалғыз ешкі сая мына.
Күндері кейуананың баяу өткен,
Шабандап айлар жылжып, жылдар жеткен.
Бір күні болған, ғажап бір керемет,
Тостақтан біреу сүтін ішіп кетіп.
Орнына тастап кеткен алтын теңге,
Теңгесі молаяды күннен-күнге.
Білмекке кемпір жатқан бірде аңдып.
Ақ жылан келеді екен қара түнде.
Дәулеті көбейген соң салған сарай,
Кір жуып мал бағатын жалдап малай.
Қарауыл, қызыметшсін қамдап алған,
Бай-батша бола қалды кемпір қалай?
Біреуге кейде солай мал бітеді,
Ақырып арыстандай жал бітеді.
Би апа, хан апашым қалайсыз деп,
Жалпылдап қызметші шал күтеді.
Көрсеткен ілтипатқа аса ерек,
Жанына сол кемпірдің жақса керек.
Бір жерде мол қазына жатыр депті,
Хабарлап елге түгел, айтқан дерек.
Тек жұртым құр бекерге шуламаңдар,
Алам деп сол алтынды туламаңдар.
Әр қайсыңа үш алтын теңге берем,
Қазынасын кемпірдің ұрламаңдар.
Кемпір де ашуланып түйіледі,
Көршілер келіскен боп иіледі.
Осынау жылан берген дүниені,
Ешкімнің ақ сүтінің сыйы еді.
Құлағдар болып ауыл ғажап сырдан,
Жиналып күл төбеде кеңес құрған.
Даурығып ізге түспек біреулері,
Мәмілеге келмейтін егес болған.
Даурықпа сабыр жұртым-деді Берен,
Тимейік қасиетке мұндай ерен.
Жүрегімде белгісіз үрейім бар,
Өлтірме ақ жыланды болса зерең.
-Сұр жылан емес қой ол төске өрлеген,
Ақ жылан кейуанаға жай келмеген.
Көрген соң, сол бейбақтың қасіретін,
Дәулетті сыйға тартқан жұрт бермеген.
Әзәзіл алтын билеп жүректерін,
Көршілер сыбанып ап білектерін.
Келіпті кірген жерге жылан сіңіп,
Қадапты кетпені мен күректерін.
Кетпенмен шапқан сайын шыққан жылан,
Әр адам өлген сайын өлген жылан.
Мерт болған бүкіл ауыл қалған Берен,
Апанда тірі қалған бір ақ жылан.
Айқасып бірін-бірі ала алмапты,
Ақ жылан жерге сіңіп қараң жапты.
Сол түні жігіт жығып шаңырағын,
Басы ауған бетке көшіп бара жатты.
Таң еді жаңа атқан елең-алаң,
Ентігіп пысқырады күрең құнан.
Жары мен баласының түрі қашқан,
Көзіне елестейді суық жылан.
Күн шығып әлем нұрға бөленеді,
Шақпақтың шаң көтерген желі ме еді.
Шаршаған жолаушыны ұйқы қысқан,
Алыстан өрген отар көрінеді.
Қойшы жүр өріс бетте бағып қойын,
Суыт жортқан жолаушы бөлген ойын.
Берен де бұрды солай ат тізгінін,
Жалтақтап жан-жағына бұрар мойын.
Танысып, сәлемдесіп, жөн сұрасты,
Қойшы да көрген жайдан бір сыр ашты.
«Серкенің мүйізіне оралған бір,
Ақ жылан жаңа ғана қырдан асты».
Жігіт те болған істі баяндайды,
Білемін енді ол да аянбайды.
Орданың кегін алмай қайткенде де,
Сертінен өле-өлгенше тая алмайды.
-Ал тыңда, ақыл қосам жігіт саған,
Жыланнан қалам десең есен-аман.
Жатарда қалқан қылып басты қорға,
Қарт аңшы айтып еді мұны маған..
Тез қамдан бұл кеңесті, жылдам сайлап,
Нанменен тоғыз кетпен қойғын байлап..
Сүтіне ақ ешкінің иленсін нан,
Кірісті айтқандарын жылдам ойлап.
Қара түн бәрін алып құшағына,
Берен де жатыр сеніп пышағына.
Сыбырға сыбдыр еткен құлақ түріп,
Кеп қалар деген үрей қысады ма.
Таң ата көзі ілініп қалғып кеткен,
Ақ жылан, суық түсті сусып жеткен.
Жиып ап бар жігерін екпінімен,
Кетпеннің тоғызын да тесіп өткен.
Нанға кеп тұрып қалған тісі батпай,
Өліпті нанға жетіп уын шашпай.
Киесін білген болар қара нанның,
Ұзыннан сұлап жатыр суық тастай.
Берен де ұйқы қанып сергек тұрған,
Қарады тұзағына жауға құрған.
Кетпеннің тоғызы да тесік екен,
Нанға кеп аса алмастан өліп тынған.
Жыланның жай емесін сезген екен,
Қадірлеп Қазығұртқа көмген екен.
Киелі Қазығұрттың топырағы,
Жыланға жанын қайтып берген екен.
Қырқасын Қазығұрттың жел ескенде,
Көрінер аппақ жылан елес демде.
Кездескен пендерелге бақыт сыйлап,
Кетеді қайта сіңіп белестерге.