ШІЛТЕР АТА
Жыр бәйгеде байқайыншы күшімді,
Сөзден жонып жасар ма едім мүсінді.
Шілтер ата өзің қолдап, жебей гөр,
Оңғара көр алға қойған ісімді.
Өркеш-өркеш шалғындардың ортасы,
Қазығұртқа қарап тұрған нар тасы.
Тасты айнала шөккен екен түйе тас,
Өріп жүрген жан-жағында қой тасы.
Тандыр тасқа нан салған ба келіншек,
Сылқым ба екен, мүмкін әлде еріншек.
Қайындары армандай ма сыртынан,
Жеңгемізге жігіт болып көрінсек.
Тас ошаққа қара қазан асылған,
Етектегі бұлақтан су тасылған.
Ақ бәйбіше сары қымыз сапырып,
Қарттарының шөлдері де басылған.
Бір ауылдың іргесіндей ашылған,
Тірі жандай әрі-бері шашылған.
Тіршіліктен шертетіндей үлкен сыр,
Әсте бәрін солай тас қып қатырған.
Жалғыз тұт тұр жасыл желек жамылған,
Ақ шүберек бұтасына таңылған.
Бір ақ жылан бұлақ басын күзетер,
Кие тұтып ниет еткен сабылған.
Табиғаттың жасалды ма ойынан,
Алып тасқа қырық тесік ойылған.
Ортасынан адам жүріп өтердей,
Қоңыр тастар қатарласып қойылған.
Ғайып Ерен Қырық Шілтен мекені,
Бізге аян әділ пірлер екені.
Басыңызға қауіп төнсе, көмекке,
Желдей ұшып бірақ сәтте жетеді.
Күндіз кезіп жүреді олар ғаламды,
Жазалайды жалақорды арамды.
Қырық қыдыр түнде келіп түнейді,
Қырық тесік мекені ғой қараңғы.
Ұлсыздарға ұл береді сұраса,
Қызы жоққа қыз береді ұнаса.
Пенделерін демеп жүрер әрқашан,
Жұбатады жетімдерді жыласа.
Қазығұрт ата, Қазығұрт ана деседі,
Осы арада тамыр жайып өседі.
Аңғал албырт болса керек жас кезі,
Өмір солай аңыз болған кешегі.
Қызық үшін өтті ме сол арадан,
Балалық па ойын қылып қараған.
Анамызды тастар қысып қалыпты,
Бәлкім оны кінәліге санаған.
Жіберместен ұстап тұрған қабысып,
Алып тастар бір-біріне жабысып.
Қазығұрт ана айырылып есінен,
Қалған екен тілге келмей қарысып.
Ал жігіттің бір ісі де өнбейді,
Алып тастар қара күшке көнбейді.
Ерен күшті, қанша ақылды болса да,
Бар амалы құтқаруға келмейді.
Күші бітіп, құлап қалған қалжырап,
Ұясына күнде батқан маужырап.
Әруақтар мекеніне қайтыпты,
Бір-бірімен амандасып, хал сұрап.
Көріпті де екі жанның жатқанын,
Шешіп олар не күнәға батқанын.
Шілтер ата өзі қиып некесін,
Ажыратқан екен алып тастарын.