Тағдыр елді шалдырған....
Тағдыр елді шалдырған талай сынға,
Өзге жұртта қалғанын санайсың ба.
Елесіне Еділдің еміреніп,
Орынборға опық жеп қарайсың да.
Өткеніңді жасырып ар қылам ба?
Алты ай қыста омбығып омбы қарға.
Алтау ала болғансоң қала берді,
Өр даланың намысы қалғығанда.
Нәубет жылдың еске алып ауыр хәлін,
Мекенінен босқанды бауырларым.
Бейбіт күнде қазақты қырсық шалып,
«Асыра сілтеу» бомба боп жарылған күн.
Мақталы аймақ біріксін өлкеменен,
Ташкен жақын болғанда келте көген.
Ең шұрайлы қазақтың жанат бағын,
Одағыңда өзбегің желкелеген.
Жүз отыз үй отырған Бағысыңда,
Отыз мың гектар жерімнің сағы сынды.
Өз үйінде қазақтар оралман боп,
Бюджеттен де көп қаржы тағы сынды.
Ел болдық деп бекерге тасымағын,
Тілім шұбар несіне жасырамын.
Қара қытай мұнайға қол салғалы,
Төбе шашым тік тұрып ашынамын.
Қазақ жайлы оу, досым білесің бе,
Құдай берген мол ырыс үлесінде.
Бірақ неге жағдайы оңалмайды,
Халық неге қарбалас күресінде.
Қазақ жерін жемеді кімдер тонап,
Өз елімде жүрген мен бір қонақ,
Хәлі мүшкіл деп айтсаң үкіметке,
Статымен шығады тауық санап.
Барлық қазақ баласы бір ананың,
Жұбатпасам қорланам жылағанын.
Оралғандар жетісіп жүр дегенге,
Сене алмаймын,
Сенбесең сұрамағын.