17.10.2021
  167


Автор: Дәркен Танабаев

ЕГІЗІМ

Көктем келіп құлпырады дала,
Қос егізім ай мен күндей дара.
Тәй- тәй басып келе жатыр әне,
Тұсауын кес әр қадамын сана.
Нәзік қызым мың бұралған қайың,
Ерке ұлым аспандағы айым.
Аңсап күткен қос қанатым менің,
Өмір жасың ұзақ болсын лайым.
Сендер менің таусылмайтын әнім,
Нұрға бөлеп шаңырақтың сәнін.
Ағайын-дос шалқып тассын көңіл,
Татсын бүгін қуаныштың дәмін.
Шаттығымнан дөңгелейді ғалам,
Көз тимесін тұмар моншақ тағам.
Тәңір берген қос арманым менің,
Бұдан асқан бақыт бар ма маған.
Жұмбағымен қызық өмір жалған,
Сан белестер тосар күтіп алдан.
Үкілеген өр кеудемде арман,
Сын сағатта аттамаңдар ардан.
Болсын ұлым елге азамат пана,
Қызым болсын өрісі кең ана.
Ерке самал тереземді қақпа,
Кірпіктерін айқастырды жаңа.





Пікір жазу