ӘКЕ МЕНІ КЕШІРГІН
Қанаттыға қақтырмастан өсірдің ,
Қатем болса әке, мені кешіргін.
Сенің нәзік жүрегіңнің дүрсілі,
Көз жасының тұнығы еді жесірдің.
Жаутаң кешіп жетімдіктің азабын,
Ұғынумен басталыпты қадамың.
Дәл өзіңдей қаламаймын өмірде,
Жылуы жоқ адамдардың қабағын.
Бірақ оны кейбір жандар жасырар,
Көзі күлген жүрегінде тасы бар.
Қайғы бұлты үйірілсе басыңа,
Қу түлкідей бұлғаң қағып асығар.
Иә, әке, ол да емес айтарым,
Көңіліңнің толмағанын байқадым,
Кейде сенің ақылыңды ескермей,
Сезіміңнің мөлдір көлін шайқадым.
Енді, мен де, әке, сендей отырмын,
Қайталанған ізі мынау толқынның.
Немереңнің қылығына күйініп,
Көңіліме запыранды толтырдым.
Ойы жүйрік, істің көзін табады,
Ұшқындап тұр үмітіңнің жанары.
Ой бөліссем оңашада ұлыммен,
Қорқатыным сәл қатқылдау қабағы.
Білем, білем, ерке болдым есірдім,
Бірақ, ісін істемедім кесірдің.
Балалық қып жараласам жаныңды,
Өтінемін,
Әке, мені кешіргін.