БАЛАМА
Орда бұзар жастан өттім пайымдар,
Балапаным болсаң мені мойындар.
Тірлігіңе қарным ашып жүр менің,
Көңілімде сыздауықтай уайым бар.
Алма ағашы күннен шуақ алмай ма?
Тау суына, шөлін басып қанбай ма.
Мен сияқты бағбан әкең баптаса,
Балдай тәтті қызыл алма салмай ма.
Көп нәрсені үйреніпсің көшеден,
Байқап қалдым әуселеңді кешеден.
Өлексеге өліп осы кетердей,
Дәл осылай ышқынады күшіген.
Әдеп қайда, жүрегіңде ар қайда,
Көкірегіңде жылы сезім жанбай ма.
Өзімшілді Тәңірі де сүймейді,
Әлде сор боп тудың ба сен маңдайға.
Сол бір іске барған екен батылың,
Енді міне,
менің саған ақылым.
Өмір деген ойын емес ойнайтын,
Өмір өзен ағып жатқан ақырын.
Уақыт сырғып, желдей жүйткіп өтер күн,
Қате басса,
мақсатына жетер кім.
Таңдауың да,
қалауың да,
қолың да,
Не істесең де өз мойның мен көтергін.