17.10.2021
  131


Автор: Исраил Сапарбай

Жаныма сəуле сеппедi жаңа Айдың бəрi

Жаныма сəуле сеппедi жаңа Айдың бəрi,
Арайлым кəнi, құдай-ау, арайлым кəнi?
Сал бөксе сабыр салмағын санама салды-ау,
Сəуiр келсе де ерiмей самайдың қары.
Көктемдi аңсайды зарығып жан, тəннiң бəрi…
Хабарсыз кеткен қандай-ды қалқамның халi?
Ебiл де, дебiл, құдай-ау, қашан еридi
Арқамның қары,
Алатау, Балқанның қары?
Езiлiп, ерiп көп болды-ау жыламағалы…
Езiлу, бəлкiм еркекке күнə болады .
Аудағы аусар балықтай тулап та шоршып,
Еңiске қашан елпiлдеп бұлақ ағады?
Арайлым қайда?
Құдай-ау, қалқашым қайда?
Көктемнен келсе бiр хабар, қан тасынбай ма?!
Жаз келiп, шiркiн,
Аққу мен қаз қонып көлге,
Жағажай езiп жатпай ма малтасын майда…
Мен жетпей көкке,
Мен еккен жетiп дарағым,
Өтiп барамын өмiрден, өтiп барамын.
Арайлым менiң,
Ақ жолды Алла бұйыртса,
Сен кеткен жаққа мен де ертең кетiп қаламын




Пікір жазу