17.10.2021
  211


Автор: Исраил Сапарбай

Мұздап барам

Мұздап барам,
Түнерiңкi түрiң-ай мiз бақпаған!
Жiгiт шiркiн жiгiт пе,
Мақпал түнде
Майдай ерiп жанында қыз жатпаған?!
Берi аунашы,
Көрпенi əрi ысыр да.
Жағалассаң жағалас, жан ұшыр ма?!
Емiн-еркiн кеудемдi ен жайлашы,
Ерiнiңнен еселеп бал ұсын да.
Қап-қара түн,
Əппақ ай,
Сазды əн ғана…
Жануға да,
Болады маздауға да.
Неменеге бүркейсiң бүлiнгiрдi,
Неменеге үркесiң, жазған бала?
Қу емшекке құныққан құлындардай
Көмейiмде дiрiл мен бiр үн бардай…
Көңiлiңдi табайын «көкемайлап»
Ерiнiңдi өбейiн шырын балдай.
Алпыс екi тамырда қан туласын,
Алмас қылыш алапат жарқылдасын!
Сəруəр сезiм санада сарқылмасын,
Сары қымыз сабада салқындасын…




Пікір жазу