Көгілдір түс
Асу да асу белдеймiн,
Аса бiр соққан желдеймiн.
Өрiсте қалған төлдеймiн,
Еңiсте қалған елдеймiн.
Көңiлдi шермен демдеймiн,
Көзiмнiң алдын көрмеймiн.
Дегбiрiмдi алған дүние-ай,
Дертiмдi немен емдеймiн?
Есiркей қоймас күн, айлар,
Ендiгi еншiм – ылай, қар…
Жаратқан ием болмаса,
Жайымды менiң кiм ойлар?
Көкжиек өңi – сар сағым,
Алатау басы – арша адым.
Алқымнан алды Уақыт,
Алдымда қалды қанша күн?..
Айға да қолым жетпейдi,
Күнге де қолым жетпейдi.
Қызыл жел келiп, қар ерiп,
Қара жер қашан көктейдi?
Көз тоймас қара пiшiнде
Көктемдi көрдiм түсiмде:
…Көбелек қуып жүр екем
Көгiлдiр əлем iшiнде.
Көгiлдiр əлем кең екен,
Көбелек қуған мен екем.
Көк көйлек киген көршi қыз,
Перiште десем, перi екен.
Көрiп пе ем бұрын мұндайды:
Қанатын жерге түн жайды.
Қара түн iшiн қақ жарып,
Перi қыз маған ымдайды.
Берекем қашып бесiннен,
Кешiрiм күткем кешiмнен.
Аруды көрiп шешiнген
Айырылып қалдым есiмнен…
Сəулесiн саумал Ай бүркiп,
Көзiнiң жасын Лəйлi iркiп,
Қабатын түннiң қақ жарып,
Қанатын жайған қай Бүркiт?
Қаусыра қысып белiмдi,
Көзiме ажал көрiндi.
Пейiлi бұзық көк шеңгел
Перiнi емес, менi iлдi.
Перi қыз қалды.
Мен кеттiм.
Арасын жалғап жер-көктiң.
Зейнетi зағип Бейнеттiң
Бесiгiн жатты тербеп күн.
…Есiмдi қайта жиғанда,
Мейiлiң илан, иланба:
Сенделiп жалғыз жүр екем
Сең соққан жандай үй маңда.
Пейiшi кенiш болмаса,
Пейiлi кемтар дүние
Перiсiн маған қиған ба?..