17.10.2021
  173


Автор: Исраил Сапарбай

Жазмышыма жалғанда жанашырым

Жазмышыма жалғанда жанашырым,
Қайда жүрсiң мөлдiреп қарашығың?
Қара жолда қалғыған кезiм қанша
Қара көзге үймелеп қара шыбын…
Қайда кеткен көктемнiң майса бағы?
Қайда кеткен көңiлдiң жайсаң əнi?
Кешкi əуенi заузаның кешегiдей
Неге кезiп кетпейдi сай-саланы?
Ымырт мынау,
Түн анау Айды жұтқан,
Ата алмай тұр қайғыдан қаймығып таң.
Олай-былай аспанды кезiп жүрген
Хабарыңды сұраймын қай бұлттан?
Тiрiмiсiң,
Бармысың,
Аманбысың?
Жеттi ме, əлде түбiңе «жаналғышың»?
Қанатымен жер сызған қарлығаштай
Қашан қайтып келесiң маған, құсым?
Қам көңiлдi қашанғы қамшылайын,
Жадау тартып барады жан шырайым.
…Қара аспаннан бiр жұлдыз ағып түстi,
Қара көзден қарғыған тамшыдайын.




Пікір жазу