17.10.2021
  176


Автор: Исраил Сапарбай

Бiр бiлерiм: бұл өмiрде Сiз барсыз

Бiр бiлерiм: бұл өмiрде Сiз барсыз,
Содан ба екен қыс та айбарсыз, ызғарсыз.
Сұлулықтың сұсы, мысы басқандай
Суық жел де сумаңдамас күзгi арсыз.
Сiз аманда,
Бұл жалғанда Сiз барда
Бұлың дүние құлын қалпын бұзған ба:
Айым менiң сүттей тамып аспаннан,
Күнiм менiң күлiп шығар құздан да.
Iздегенде таппай қалсам Сiздi мен,
Жұлдыздарға үнiм өшiп үздiгем.
Кiрпiктерiм айқасады баз бiрде
Көз жасымды өткiзгендей сүзгiден.
Дегбiрсiздi дегенiне көндiрген
Дерегiңiз қашан жетер зеңгiрден?
Бұл жалғанда күнi құрсын пенденiң
Күндiз-түнi көкке көзi телмiрген.




Пікір жазу