16.10.2021
  160


Автор: Исраил Сапарбай

Этнографиялық өлең

Талға байлап күреңдi, салдым жемдi.
Тұлпарымның шашасын шалғын көмдi.
Ерттеп алып атымды ен даламен
Еркетайдың аулына барғым келдi.
Еркетайдың ауылы есен бе екен,
Ерте көктем еңiске көшер ме екен?
Жүрегiме жасырған жұмбағымның
Жүгермек қыз шешуiн шешер ме екен?
Бүгiн Айдың нешесi, он бесi ме?
Кербезiмнiң қылығы келдi есiме:
Жүрегiмдi еркiне берiп ем-ау,
Жүгенiмдi ұстатып жеңгесiне.
Батып-шығып бұлттың қалыңына
Жарытпаған Ай сонда жарығына.
Қайраңдағы балықтай тулап едi-ау
Қайран жүрек сыймастан қалыбына!
Атқақтап тұр тағы да сол жүрегiм
Алдын ала сезгендей жол жүрерiн.
Еркетайды есiме алған сайын
Емешегiм үзiлiп, елжiредiм...
Айта берiп қайтейiн бəрiн жұртқа,
Ай да батып барады қалың бұлтқа.
Таңдай жiбiп тiлiнiң шырынына,
Қандай жiгiт қызықпас
Қалыңдыққа?!




Пікір жазу