16.10.2021
  152


Автор: Исраил Сапарбай

Көзiңдегi бiр мұңды

Көзiңдегi бiр мұңды,
Көңiлiңдегi кiрбiңдi
Өшiргiм келдi,
Көшiргiм келдi өзiме.
Мұңың тұңғиық екен,
Шыңың тым биiк екен,
Екi аралықта сенделдiм.
Қабағың – қалың сыз екен,
Жанарың жалынсыз екен,
Сəтiңе самсоз кез келдiм.
Көргенiм: көз – көлiң екен,
Көңiлiң – безбенiң екен,
Мезетте мың-сан құбылдың.
Тұңғиық түбiне көлдiң
Келгенмен үңiле бергiм,
Əдепке лажсыз жүгiндiм.
Тұныққа шым батсам ба екен,
Тұншыға тiл қатсам ба екен
Тұңғиық тылсым тереңнен?
Құрдымнан құтқарармысың,
Құлқыма құп қарармысың,
Татқызып тəттi у зереннен?
Жаныңнан шыға алмай қалдым,
Жай-күйдi ұға алмай қалдым,
Жаным-ау, айтшы, бұл қалай?
Қазандай түпсiз қайнаған,
Жiгiттi жiпсiз байлаған
Жаныңның осы жұмбағы-ай...
...Тағы да жамылдың мұңды,
Тағатсыз сағындың кiмдi
Жанардан жасың сырғанай?
Үмiттiң iргесiндегi,
Түнектiң түрмесiндегi
Жүректiң жүрдек ұрғаны-ай!..




Пікір жазу