16.10.2021
  180


Автор: Исраил Сапарбай

Құстар қайтып барады...

Қоңыр бұлт Күнгейдiң жүзiн бөгей
Құстар қайтып барады тiзiлмелей.
Алқа-моншақ тағынған ару əлем,
Жiбек жiбiң ойда жоқ үзiлмегей.
Сыңсығаны құстардың тыншымады,
Арқан керiп алдынан кiм шығады?
Қоңыраудан өзгелеу қоңыр əуен
Қоңыр салқын кеудемде тұншығады.
Iздей ме екен шуақты, шұғыланы,
Көлi кəнi?
Көлдегi шуы кəнi?
Созылмалы бiр əуен жүрегiмдi
Солқылдатып кеудемнен суырады.
Сыз өткендей жар құлақ, жамбасына
Құстар ұшып барады алға асыға.
Жараланған құс сынды қанатынан
Қалбаң-құлбаң қағады тал басы да.
Үзiк-созық естiлiп аспан əнi,
Құстар iздеп барады баспананы.
Жазғандардың жай-күйiн ойлай ма əлде,
Жанарынан бұлттың жас тамады...
Құстар үнi алыстан құмығады,
Кiм түсiнiп, тiлдерiн кiм ұғады?
Көктеммен бiр кешiкпей келер деген
Жалғыз үмiт кеудемде жылынады.




Пікір жазу