КӘДЕЛІ КҮЙЕУ
(Олжабайдың өзі туралы айтқандары)
Мен осы қаладағы елеусіздеу бір әкімшілік мекемесінде ортанқол басшы дәрежесіндегі қызметкермін. Білім дәрежем жоғары. Мамандығым – экономист. Бухгалтерия жағын, мекеменің экономикалық жобалау тараптарын бір кісідей білемін. Кезінде үлкен бір басқармада бастықтың экономика жөніндегі орынбасары болып біраз жыл қызмет еттім. Аумалы-төкпелі кезеңде ол мекеме де жабылған соң, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр болдым. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Жауапкершілік жоқтың қасы. Айлық жалақым да жаман емес. Одан да басқа үйтіп-бүйтіп дегендей. Пәленшенің құдасы, төленшенің жиені едім деп аяқ жетер жерден іздеп келушілер де жеткілікті. Бірі істі болып келсе, кейбіреуі түрлі мәселелерде қолжалғау жасауды емеуріндейді. Әйтеуір тамыр-таныстың, жаман абыройдың арқасында жұртқа шама-шарқым келгенше көмектесіп жіберемін. Мұндайда қазақ құр қалдырмайды. Алақаныма ақша басады. Жұмыс бітір деп берген қаражаттан да қарпып қалам, ортаға түскеніме сыйақыны және аламын. Қазағым жұмысы біткеніне мәз, мен – есебін тауып екі асағаныма. Сөйткен тірлік бар.
Қатын, екі-үш қарадомалақ ұл-қыз бар. Саяжайды әлдеқашан оралмандарға сатып бұлдағанбыз. Әттең, ертеректе арзандау кетті. Мәшине бар. Әйелім ұсқынсыздау, оған қоса бала басты, салпы етектеу. Өзімнен 7-8 жас кіші. Бұл менің үшінші әйелім. Бірінші әйелімнің мінезі өте шайпау еді. Әке-шешеммен, туыстарыммен суықтау болды. Төркіні жақынның төсегі жиналмайтыны рас екен, қашан көрсең үй толы кісі, дем алып, әлде қонақ шақырып сиқың жоқ. Сөйтіп, онымен төрт жыл отасқан соң бір қызбен қоя бердім. Ағалары мен жеңгелері қатынның қолтығына су бүрікті ме, білмеймін, айрылысуға келісім бермей біраз әлектеді. Бірақ жолын таптым. Оның өзі бір хикая.
Ал, екінші әйелім мықты бір дөкейдің байдан қайтқан қызы еді. Өз көйлегімді өзім жуып киіп, өз тамағымды да өзім пісіріп ішіп, онымен тұрған бір-екі жылдың ішінде тіпті жүнжіп кеттім. Табысым да жаман емес, бірақ ол антұрғанның төркіндеуі таусылмайтын болды. Қайын атам, обалына не керек, мені керемет жұмысқа орналастырып қойды. Ерте кетем, кеш келем, іссапарым да көп.
Бір күні Атыраудан екі күн ертерек қайтым. Түн жарымында өз кілтіммен пәтерімді ашып ішке кірсем, менің орнымда бір сылыңғыр қара жігіт тырдай жалаңаш халде әйелімді құшақтап ұйықтап жатыр. Қапелімде аңырайып түрдым да, тез есімді жиып ала қойдым. Бірінші қатыннан жеген опығым бар, дыбысымды шығармай еркектің киімдерінің қалталарын жақсылып қарап, құжаттарын, ақшаларын сыпырып алдым да, цифрлі фотоаппаратты қолыма алып, шамды жағып келіп жібердім. Ұйқылы-ояу әбиірлерін қолдарымен әрең қалқалаған әлгілерді шыртылдатып суретке түсірдім. Соң, жігітті әй-шайға қаратпай (самбодан разрядім бар) жалаңаш қалпында подъезге аттандырдым да, әйелімді ішкөйлекпен мәшинама мінгізіп, әкесінің дарбазасының алдына тастап кеттім. Сотқа арызды өзім жаздым. Бұлтартпайтын фотобейнелер соттың да, дөкей атамның да аузын ашырмады. Әлгі жігіттің де төлқұжатын сотқа табыстадым. Сөйтіп, айналдырған бір-екі айдың ішінде дәкең тағы да бойдақ болып шыға келді. Бірақ, қайын атам бұрынғы табысты қызметімнен есебін тауып тайдырды. Арада көп өтпей-ақ оның өзінің де аяғы аспаннан келді. Парамен ұсталыпты. Менің қадірімді білмеген қызы осы қаланың және бір жігітіне күйеуге шығып еді, үйренген әдет қала ма, және жымысқы жүрісі әшкереленіп, алдыңғы таз кебін қайта киіпті. Кәзір мейрамханалар мен кафелерді төңіректейді деп есіттім. «Шоқ-шоқ, бәріңе де сол керек» деп мен жүрмін. Шыны солай ғой. Менің тіпті жазығым жоқ.
Енді аузы күйген үріп ішеді дегендей, үйлену мәселесін шетке ысырып қойып жүр едім, бірақ «Жалғыздық бір Құдайға ғана жарасыпты» деп бекерге айтпайды ғой, берекем кетіп, сиқым қашты. Жасым да отыздан өтіңкіреп бара жатыр. Солай ойланыңқырап жүргенде, осы күнгі әйеліммен бір тойға барғанда таныстым. Отырыңқырап қалған қыз екен, тойдан кейін де бір-екі рет көрген соң, ыңғайыма көнетінін сездім. Сөйтіп, бірде оңаша отырғанда жәй-күйімді жайып салып, сөз салып едім, бұлданып тас-талқан болды. «Мен әлі есік көрмеген қызбын!» дей ме шырағым-ау. Әй, мен оның сары майдай сақталып тұрғанында не шаруам бар, маған тек қатын керек, көрдік қой ондайлардың талайын. Болса болар, содан арамыз суып кетіп еді.
Бір күні Сапар деген досымның келіншегі босанып, шілдехана жасалды. Сол жерде әлгі менің «Есік көрмегенім» де әке-шешесімен бірге келмесі бар ма. Танымаған кісі құсап сырт айналдым. Шынар, досымның әйелі, көзін қысып мені оңашалады да, бұлардың өздеріне нағашы жұрт болып келетінін айтып, мен жөнінде біреулердің білгісі келіп іңкәр болып отырғанын жүқалап жеткізді. Әкесі анау деп сыртынан нұсқады.
Содан той біткен соң «Қонақтарды апарып сала қойшы!» деп Сапар «қиылды». Кемпір-шалды бойжеткенімен қоса мәшинаға салып алып, жігітің қыз ауылына қарай тартты да кетті.
Қыздың әкесі дұрыс кісі екен. Жол жөнекей өзі туралы біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Үйіне барған соң да есіктен құр ауыз жібермей, шәйға шақырды. Сары майдай сақталғаным сызылып отырып шәй құйды. Ақаңнан бірер рюмка тартып алған соң, менің «есім кіріп», мәшинаны енді қалай айдап кетем деп «санымды соқтым». Ауыл кісілері аңқау бола ма, әлде әкеге алдын-ала ескертіп қойылған ба, ол жағы маған беймәлім, отағасы «Қонып кет!» деп пісіріп айтқан соң, мен мәшинамның жүк салғыш бөлігінен тағы бір қылмойынды әкеліп столдың үстіне қойдым.
Басты ауыртып не керек, сол түні болашақ қайын атаммен қол соғысып, қызына «құда түстім». Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз күйеу болмайды деп болашақ ата-енеме екі жүз мыңды ұстаттым. Ертеңіне «Сары майым» кәдімгідей қимай қош айтысты.
Келесі сенбіде екі ағам жеңгелеріммен келіп қызға құда түсті. Кешке таман төркінімен «сыңсып» қоштасқан қалыңдықты алып, қалаға қайттық.
Дүрілдетпегенмен орташалау той жасап, жаңа қайын жұрт жақты да күтіп жібердім. Кәзір, міне оншақты жылдың жүзі болып қалды, осы қатыным Күләшпен түтініміз, құдайға шүкір, әзірге түзу шығып келеді.
Тұғырдан түсе қойған күйім жоқ, беті тегістеу төмен етектіні көрсем әлі де делебем қозады. Бұл қасиетімді бұрын сары майдай сақталған, осы күні қақпыш балықтай қақталған қатыным жақсы біледі. Содан да шығар, үйдегі телефонның қоңырауын аңдып отырады, Ал мен болсам ұялы сымтетігімді үйдің босағасын аттар алдында-ақ желіден айырып тастаймын. Әрине, ел жатар кезде әдейі қатынымның кытығына тиіп, қоңырау шалатын қысыр келіншектер де біздің таныстардың ішінде баршылық.