16.10.2021
  144


Автор: Исраил Сапарбай

Өзіңді періштемен бір баладым

Өзiңдi перiштемен бiр баладым,
Бұл сөзiм жалған емес, шын, қарағым.
Көңiлге тойымы жоқ шара бар ма –
Бiр мезет көрмей қалсам, мұңданамын.
Түрiңнен айналайын нəзiк, бұла,
Қарайтын көзiң қандай наз ұқтыра?!
Албырап ақын жүрек жас баладай
Жанымен жақсы көрсе, жазықты ма?
Перiштем –
Қанаты бар...
Қанаты жоқ...
Өзiңсiз өмiр мынау – қара түнек!
...Баз кешiп дүниеден Лəйлiсi үшiн
Мəжнүн де қаңғып кеткен дала түнеп!
Қаңғырған, қапаланған Лəйлiсi үшiн
Мəжнүннiң қасiретi қайғысы шын.
Жүрегiм – жылы ұямнан ұшып шығып,
Қанатын саған қарай жайды құсым.
Қанатын қағып ұшқан сыңар құстың
Сипатын, сырын сезiп, ұғар ма ешкiм?
Қиялмен Арман атты шыңға шығып,
Мен талай мұң жастанып, мұнар құштым...
Аялдап орта жолда көш тұрмаған.
Белгiлi бесенеден бес күн ғалам.
Лəйлiдей қыз екенiң лəзiм болса,
Мəжнүннiң махаббатын кештiр маған!




Пікір жазу