16.10.2021
  162


Автор: Исраил Сапарбай

Сен маған қарамағын мұнар көзбен

Сен маған қарамағын мұнар көзбен,
Өткенмiн сылқым бикеш сынар кезден.
Ақшулан Алатаудың аңғарындай
Менiң де көкiрегiмдi тұман кезген...
Одан да тұнжыр түндей тұнып қара,
Ынтығып, ындын құртып, ырықты ала.
Құрбыңның базынасын құлағыңа iл,
Кеудеңнiң қазынасын құлыптама.
Ерке наз ерiтер ме сiлтi-мұңды,
Қай жерде жүрегiңнiң кiлтi iлулi?
Жетерлiк ғұмырыма лəззəт сыйла,
Көңiлiм саған қарай ұмтылулы.
Құс қанат кiрпiгiңдi қалтыратпай
Қадашы қара көздi сəл тұрақтай:
жанымда тоғыз балдық толқын ойнап,
Бiр сезiм кетсiн менi шарпып оттай!




Пікір жазу