Пайғамбарымыздың (с.а.у.) романтикалық өмірінен бір үзік сыр - 3 сабақ
ҮШІНШІ сабақ. Жарыңның жақсы көретінін жақсы көру немесе оның қалауын терең сезіну... Айша анамыз пайғамбарымыздың (ﷺ) нені жақсы көретінін, нені қалайтынын, қандай тамақты ұнататынын терең түсінді.
Сол секілді, Алла Елшісі (ﷺ) де жарының нені ұнататынын жақсы білді. Айша анамыз былай дейді: «Ыдыстан су ішіп, оны пайғамбарға ұсындым. Ол да мен ішкен жерге ернін тигізіп, су ішті. Сүйек кемірген соң оған бердім. Ол менің аузым тиген жерден мүжіді».
Қандай ыстық сезім, күшті махаббат, романтика десеңші?!
Айша анамыз орамалын хош иістендіріп, орамалдан шыққан жағымды иіспен пайғамбар (ﷺ) алдына баратын... Әйел қауымының өзінің өн бойындағы сұлулықты, әдемілікті өзгеге емес, өз күйеуіне көрсете білу, сездіре білу дегені осы болса керек...
Олар бір-бірін, тіпті ыммен, ишарасынан-ақ түсінетін. Алла Елшісі (ﷺ) ақтық сапар алдында жатқанда тіс тазалағышын (мисуәк) іздейді. Айша анамыз оның (ﷺ) сол затты сұрап тұрғанын көзінен, көзқарасынан-ақ сезіп қояды. Әуелі мисуәкті аузына салып, өзі жұмсартып береді. Содан кейін пайғамбарымыз (ﷺ) ерекше ықыласпен, бұрынғыдан өзгеше кейіппен тісін тазалаған екен.