Пайғамбарымыздың (с.а.у.) романтикалық өмірінен бір үзік сыр - 1 сабақ
Өткен жолы бір дін қызметкерінің: «Мұхаммед (ﷺ) романтик болмаған дейтіндер – қателеседі», – деген сөзі бізді біраз ойландырып қойды. Осыдан кейін аз-кем ізденіп көріп едік...
Расында, Алла Елшісінің Құдай қосқан жарының арасындағы махаббат, романтика, нәзік сезім, шынайы сенім, сүйіспеншілік, ыстыққа бірге күю, суыққа бірге тоңу... тағысын тағылар адамзат баласы үшін өлмес өнеге, мәңгілік ғибрат.
Шіркін, махаббатты жырлайтындар Мұхаммедтің (ﷺ) романтикалық өмірін, шаттыққа толы шаңырағын, жанұясындағы жылулық пен жұмсақтықты күллі әлемге паш етсе деген ой түйеді екенсің...
Пайғамбарымыздың (ﷺ) бүкіл өмірінің, әрбір салиқалы сөзі мен ізгі амалының арасынын тек ер мен әйелдің сүйіспеншілігін арттыратын оқиғаларды бөлек сөз етер болсақ, алатын сабақ, түйетін ой көп. Сонымен...
БІРІНШІ сабақ. Әйелді еркелету, оған еркелеу әдісі... Алла Елшісі (ﷺ) Айша анамызды «Аиш» немесе «Хумейра» деп атаған екен. Аиш дегені – «өміршең» дегені. Ал «Хумейра» дегені – қызыл өңді дегені. Жүзі қызғылт болғандықтан, осылай еркелетіпті.
Еркелету – нәзік жанның «осал» тұсы... Еркелету – босаңсытып жіберу емес. Керісінше, сезімін оятып, сүйіспеншілігін күшейту. Пайғамбарымыз (ﷺ) жарын еркелететін әрі оған еркелейтін.
Болашақ қалыңдыққа үйлену алдында оған неше түрлі «тәтті» сөздер айтып, сезімдерімізді білдіретініміз өтірік емес. Ал отау құрғаннан кейін «жаным», «асыл жарым», «сүйіктім», «сүйкімдім» деген «тегін» сөздерге сараң боп қалатынымыз түсініксіз... Неге? Өйткені, сезімді өшіретін де өсіретін де өзіміз екен...
Кейде бір ауыз жылы сөздің өзі шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасының берекесін арттыратыны ақиқат. Керісінше, бір ауыз сөз жүректерді суытады.