16.10.2021
  282


Автор: Дәркен Танабаев

КЕҢ ДАЛАМ

Теңіздей толқыған,
Керімсал кең далам.
Қалықтап көгіңде,
Желің боп ән салам.
Күлімдеп күн тұрса,
Кетесің құлпырып.
Көмкерген күмбездей,
Көк аспан тұп-тұнық.
Тіршілік атаулы,
Тірлігін сыр қылып.
Тұрғаны өзіңді,
Тынымсыз жыр қылып.
Жапандай керілген,
Жазира әлемге.
Жалқау бұлт түнеріп,
Жеткізер сәлемді.
Амалсыз бас иіп,
Жас алып көзіне.
Құлайды бауырлап,
Жығылар өзіңе.
Бұл жерден тоқтайды,
Бұлт түгіл желің де.
Ақ нөсер селдетер,
Айдынды көліңе.
Ал-қызыл гүлдерім,
Тағынып сырғасын.
Бозторғай бастайды,
Шырылдап жыр басын.
Қыран құс қалықтап,
Көгінен шүйілсін.
Ақ бөкен зымыран,
Шаңдатқан құйынсың.
Табиғат тек үнсіз,
Тек үнсіз тұрмасын.
Өз күйін, өз әнін,
Сүйсініп жырласын.
Тыңдайық соны біз,
Бұзбайық сырласым.
Тіршілік өз әнін,
Өз күйін жырласын.





Пікір жазу