16.10.2021
  213


Автор: Дәркен Танабаев

ШЫМКЕНТ


Таң бозара шұғыладан нұр шашып,
Күн қайтадан көтерілді қыр асып.
Нью-Иоркте батып бара жатқан күн,
Шымкентте көкжиектен тұр асып.
Кең арқасы ұмыт еркін даланың,
Тіршіліктің оқытады амалын.
Заулап жатқан көшелерде көліктер,
Бар мақсаты асырау ма тамағын?
Базаршылар жайғасыпты таң атпай,
Қайыр тілеп міскіндер тұр жалтақтай.
Жанталасып бара жатқан сан адам,
Айналама көз қадаймын сараптай.
Автобустың аузы мұрны кекіріп.
Сыйдырмады бетпақ жеңгей жекіріп,
Өлермен-ай жан кештідей ышқынған,
Жармасады кейбіреулер секіріп.
Сауда үйі.Өте алмайсың қасынан,
Малик-шарик ойнағандар басынған.
Күндіз қасқыр момындарды талаған,
Түнде «сайгак» зауыт тонап тасыған.
Әйтеуір бір жетпей тұрған бір нәрсе,
Жететіндей көрінеді сәл берсе.
Қалыптасқан тіршіліктің заңындай,
Тартып алса, жесе және сол көрсе.
Әркім білген өз тірлігін жасаған,
Біреу арын, біреу тасты қашаған.
Тасты қашап ащы терін жұтады,
Арын сатқан майлы құйрық асаған.
Қала солай беріледі тірлікке,
Жазылмаған заңдылық бар тірлікте.
Әлім жетті жунглидің заңындай,
Өмір сүрмек күштілері күндікке.





Пікір жазу