16.10.2021
  167


Автор: Исраил Сапарбай

Мен сені, жаным, түсінем

Мен сенi, жаным, түсiнем...
Күнəсiз құйттай құсым ең.
Қоңыр күз түрткi салғанда,
Ұяңды қимай ұшып ең...
Қоңыр күз қабақ шытқанда
Өзгерткен өңiн түп тал да.
Қытымыр қыстың ызбарын
Ұқсадың үнсiз ұққанға.
Торыққан көңлi, торғай-ау,
Мезгiлде мынау барма аяу, –
Санаңды келiп жауласа
Сағыныш дертi – сар бояу?
Саудырап жерге сар жамбы
Қалқыды, ұшты, қарманды...
Жанарын жаздың, жалған-ай,
Бiр көру бүгiн арман-ды.
Түңiлген түрiн түп талдың
Түсiнiп, тiлсiз құптар кiм?
Көзiмдi күнге сатқанмен,
Сөзiмдi кiмге жұптармын?
Таяныш таппай кiсiден
Талға ұя салған құсым ең.
Уайым шегiп iшiмнен
Жайыңды, жаным, түсiнем.
Түсiнем дағы халiңдi
Қинаймын келiп жанымды.
Түздегi талды қуартып,
Күз желi қайдан қағынды?
Өңiрдiң өңi бұзылып,
Сарғайды-ау,
солды-ау қыз – үмiт...
Шайқаған сайын талды жел
Жүрегiм түсер үзiлiп.
Шайқаған сайын талды жел
Жаппарға берем жанды мен.
Өзiмнiң емес,
ойлаймын
ұяның жайын алдымен.





Пікір жазу