16.10.2021
  209


Автор: Исраил Сапарбай

Мен сені көрмегелі көп күн өтті

Мен сенi көрмегелi көп күн өттi,
Аймалап талай бұлт өптi көктi...
Көңiлге ағыл-тегiл күй қалдырып,
Ақ бейiл – нөсер легi төктi де өттi...
Өзiңдi белгiсiзге тапсырғалы
Жанардан талай-талай жас құрғады.
Момақан жүрегiмдi ертелi-еш
Қамайды уайымның қасқырлары.
Есiңнен шығара алмай сен де менi,
Қинай ма шөл – ернiңнiң шөлдегенi?..
Сүйенiп кiрпiгiңе, бəлкiм, сенiң
Түн болса ұйқысыздық сенделедi...
Күз келiп,
жанарыңа шық тұрғалы,
Келмесiн сол көктемнiң ұқтырғалы, –
Көзiңе тұман тұнған, кiм бiледi,
Мен болып көрiне ме жұрттың бəрi!
Əлде, өксiп, атасың ба қарғыс – оқпен,
Қауышқан сайын суық жар-құшақпен?
Көңiлiң алай-дүлей күйде ме əлi,
Сияқты жал-жал толқын жарды соққан?..




Пікір жазу