16.10.2021
  241


Автор: Исраил Сапарбай

Ерке қыз-ау, елгезек, елік көңіл

Ерке қыз-ау, елгезек, елiк көңiл
Жұмақстан жұртынан келiп пе едiң?
Желiккенiм, əлде, бұл, елiткенiм –
Қабағыңа қараудан зерiкпедiм.
Айымбысың,
Қарғам-ау, қайыңбысың?
Майысады ырғалып мəйiн мүсiн...
Қас пен көздiң арасы қайдан келдiң
Қанатыңды қаққылап қайыл құсым?
Түсiмбiсiң,
Жаным-ау, өңiмбiсiң?
Өзiңбiсiң өлеңiм – көңiл құсым?
Қыз Жiбек пен Төлеген тəрiзденген,
Жар iздеген жiгiттiң теңiмiсiң?
Зеңгiрмiсiң,
Зермiсiң,
Зеренбiсiң?
Теңiздейiн тұңғиық тереңбiсiң?
Мен iздеген əлде ақық өлеңбiсiң?!
Қалмайыншы көз жазып сенен құсым.
Келдiң ұшып қай жақтан қас-қағымда
Кезiкпеген құсым-ау жас шағымда?
Керегедей керiлiп көкжиегiм,
Кеңiп салды-ау лезде аспаным да!
Қалшы осында,
Кетпешi,
Үрiкпешi.
Уылжыған көңiлдi iрiтпешi.
Ажарыңа болайын мен-ақ қайыл,
Назарына өзгенiң iлiкпешi...
...Қанатыңды, құсым-ау, қаққаның не?
Қайырылмай ұшып бара жатқаның не?
Көк мұнарға айналып кеткенi ме,
Көз алдымда көлбеген əппақ дүние?..
Көк төрiне,
құсым-ау, кеткенiң не,
Көрiк болмай көңiлдiң көктемiне?
Өрiм қыздың бiзден де өткенi ме,
Қоңыр күздiң бiзге де жеткенi ме?




Пікір жазу