16.10.2021
  220


Автор: Дәркен Танабаев

Не болды маған білмеймін соны

Не болды маған білмеймін соны өзімде,
Ұйқы да қашқан, күлкі де жоқ-ау көзімде.
Кеудемде күйік бір сәтке тыным бермейді,
Толқытқан мені қимастық әлде сезім бе?
Қақым жоқ оған, қой деймін сорлы жүрекке,
Ашуым арсыз.Жүрегім енді шыр етпе.
Ақ ұлпа қарға жағылған қара күйедей,
Түбіме жеткен орынсыз айтқан бір өкпе.
Еліктей еркем, қылығың әркез ұнайды,
Сыңғырлы күлкің шаттыққа бөлер мұңлы айды.
Көңілім жасып,құлазып күздей сарғайғам,
Үздіккен жаным, қолыңды сұрап жылайды.
Ағаттық болды, ақталып саған не десем,
Түнерген бұлттай, тіл қатпай қойдың неге сен?
Еркелеп саған түсінбей бәрін жүргем бе?
От болып жанған жүрекпен қалай егесем.
Егеспен отпен, өзіңді қалқам сүйемін,
Жарқ еткен жайдай махаббатыма күйемін.
Бақытым едің, қалайша сені қияын,
Жүрегім жылап, сырқырап кетті сүйегім.





Пікір жазу