Поэмалар ✍️
ҚҰДАЙНАЗАР ЖАНБОЛОВ
1921 жылы қазіргі Төлеби ауданы Қазығұрт тауының етегінде Ғайып Ерен Қырық Шілтен бұлағының басында дүниеге келген. Екі жасында әкеден, тоғыз жасында анадан айырылған. 1941 жылы 10-сыныпты бітіріп, маусым
айында соғысқа аттанады.
1941 жылы 6 желтоқсан күні Москва түбіндегі сұрапыл шайқаста небәрі 20 жасында ерлікпен қаза табады.
Артында 12 қалың дәптерге жазылған шығармалары қалған. Осы күнге жеткен 5 дәптерінен 1996ж Жамбыл облысы әкімі Амалбек Тшанов
ағамыздың қолдауымен «Кім өмірді мендей сүйсе...» атты өлеңдер топтамасы жарық көрді.
Автор:
-Қазығұрттың жайғасқан бауырына, Аңсап келген ақыным ауылына.
Қолындағы баяны күңіренген, Мұңды әуеннің ырғалып дауылына.
Мұңаяды, жылайды, күрсінеді, Шымырлаған жүрегі түршігеді. Жырлағанда сағыныш сезімімен, Көзден жасы еріксіз ыршып еді.
Жалындаған ақынның өлеңдерін, Ғазал етіп халқыма берер ме едім. Дәл өзіндей әрине жырлай алман,
Нақ айта алман биік пен терең жерін.
Ақын:
-Қалдырғам ауылымды он жыл бұрын,
Малға қайтарып жүргенмін жырым-жырым. Сәби едім жоғалтқан шаттығымды,
Қоңыр көзді, ақ құба, қырлы мұрын.
Сүйенішім анамнан айырылып,
Қалған кезім қанатым қайырылып.
Ағайынның паналап шаңырағын,
Жақсылығын қайтардым қайыр қылып.
31-дің салқындау күзі еді, Жапырақтар еріксіз үзіледі.
Берекесі қашса да Қазығұрттың, Өз ауылым өзіме қызық еді.
Өтті-ау, сонда білемін заман өктем, Бауырларым тәжікке ауып кеткен.
«Өкіметке малыңды бермедің» деп,
«Халық жауы» дегендер жауып кеткен.
-Абақтыға сорлатып жабамын деп, Арашалап басымды аламын деп.
Белсенділер белсене кіріскен соң, Жерге кіріп кетсең де табамын деп.
Бір-ақ түнде көп үйлер көшіп кеткен, Олар жайлы немене есітпеп пе ең.
Колхоз болып қалғанның тең жарымы, Келер жылы аштықтан өліп кеткен.
Анашымның жылына әпкем келген, Ағайынның ішінен мені көрген.
Бауыр еті елжіреп жылады да, Алып кетті сол күні мені елден.
Содан бері ел десе елеңдедім,
«Аман болсам әйтеуір келем»дедім, Он жылдықты бітірген жайымда бар, Газетке де шығып жүр өлеңдерім.
Автор:
Басып-басып баянның пернелерін, Әнге қосты жас ақын өрме өлеңін. Ырғатылып қояды көк теректей, Қабылдаған даланың ерме желін.
ҚАЗЫҒҰРТТЫ САҒЫНУ
Ақын:
-О, биік тау, неге мені шектейсің, Тау самалы неге мені өппейсің? Қарасора қанша сұлу болсаң да,
Қазығұртқа бәрібір сен жетпейсің.
Ұлың елдің айналды ұланына,
Көз қырыңды салғайсың құланыңа. Сеземісің анашым пейішіңде, Келіп тұрмын су алған бұлағыңа.
Беріліп ғажап қиял елесіне.
Шығамын зеңгір көктің белесіне. Кең әлемді армансыз кезуші едім, Мініп ап Қазығұрттың кемесіне.
Қанша уақыт өтсе де арамызда, Кеше ғана өткендей балаңызға. Құдірет боп орнадың жүрегіме, Қасиет боп еніпсің санамызға.
Өзіңде әлі өтер деп құла таңым, Жаралы жанымды мен жұбатамын. Аналық мейіріміңмен дем беретін, Жайдарлы келбетіңді ұнатамын.
Автор:
-Мұңға ауысты ырғағы сағыныштың, Ащы әуенін сезімнің қанып іштім.
Әр кеудеден бір шерді қозғағандай, Жанарлардан мөлтілдер сағым ұшқын.
ЖЕТІМДІК
Ақын:
-Көрсең тиме мен сияқты жетімді, Жел сипаған, күн қақтаған бетімді.. Шындығыма намыстанып бәтшағар, Кейбір жаман неге орынсыз жекірді?
Кім қорғайды жетім менен жесірді, Кейбіреудің сөзі өктем кесірлі.
Анам байқұс күйреп кетті қайғыдан, Жетімдіктің сор қамшысы өсірді.
Кім ұғады жанардағы жасымды, Қайдан табам анашымдай асылды. Бір оңбаған итіне де талатқан,
«Тас жетім»-деп көзіме шұқып басынды.
Жетім бала пана таппай сенерге, Ащы зарын ішке түйіп келем де. Жүректегі алаулаған отыммен, Қасіретім айналыпты-ау, өлеңге.
Автор:
-Жанарларға жас сыйлап жылатпайын, Кел баяным ойнақта шуақтайын.
Қос иығын ырғақпен жұлқып-жұлқып, Қайғы мұңсыз ойнаған құрақтайын.
Ақын:
АЙҒАН ҚҰРБЫМА
Жәудіреген жанарыңнан, Бақытымды көремін.
Қаламым мен дәптерімді, Қалың малға беремін.
Сөзің жүйрік, ойың ұшқыр, Ары таза, зерегім.
Жаны жайсаң Айған құрбым, Аңсап жүрген керегім.
Кәмілетке толмаған соң, Сөз айтуға қысылам.
Атестатты алған күні, Жүрегімді ұсынам.
Көзі ашық көкірегіңнің, Асыл кенін қазып көр. Дәптеріме өшпестей сыр, Бір естелік жазып бер.
Жалындаған жанарыңмен, Бәрімізге ұнайсың.
Ғашық болған жүрегімді, Енді қалай сынайсың.
Автор:
-Тағдыр неге сәби деп қарамаған, Ақ жүрегін тілгілеп жаралаған.
Аңқылдаған бала ғой ақын деген, Таразы уақыт екшелеп саралаған.
Еске түсті «Асыра сілтеу» балалығы, Аласапыран үрейлі дала мұңы.
Уақыт емші дейміз-ау деген менен, Жүрегіңде мәңгілік қалар үні.
АТЫМ МЕНІҢ ҚҰДАЙНАЗАР
Ақын:
-Анам жылап өтерінде, Күйіп-пісіп болған азар.
«Құдайқұлы несі олардың ? Балам аты-Құдайназар»
Мен де апа, мәз қылмадым, Сенің арқаң кең өстім ғой. Құдай құлы болсам болдым, Адам құлы емеспін ғой.
Сен айығып кетсең екен, Қуанышқа толар едім.
Өзің талай арман еткен, Мықты азамат болар едім.
Әлсіз қолы анашымның, Ақырғы рет мені құшқан. Еркеліктің тәтті дәмі,
Көз алдымнан бұлбұл ұшқан.
Қалдырды да кете барды, Бұл өмірдің базарына.
Құдайдың бір құлы едім, Ілінермін назарына.
ҚАРА ҚАЙҒЫ
Ақын:
-Басына төнді елдің қара қайғы, Сұм фашист Отанымды қамалайды. Қанды балақ ойранын салып жатыр, Қанішер қара жауыз аямайды.
Жігіттер жауға енді аттанамыз,
Намыс пен жігер күшін ап барамыз. Азулы алты басты айдаһардың.
Тырнағынан Отанды ап қаламыз.
Автор:
-Осы бір шумақтардың арасында, Ауылдың ақ сақалы, баласы да.
Ақ шашты аналар мен жеңгелердің, Жас толды көздерінің шарасына.
Жайдақ тау Қазығұрттың саласында, Өзіндей боздақтардың арасында.
Майданға бүгін олар аттанады, Ауылда жан біткеннің бәрі осында.
-Орамал берсем аға аласың ба?
-Жылама қалқатайым баласың ба?
-Сізге деген тілегім бәрі осында.
-Хат жазсам, сен де үзбей саласың ба?
Қош бол деп қимай жатыр боздақтарын, Баян да тоқтар емес қозғап бәрін.
Ақыным жұртпен бірге жылап тұрып, Өлеңін жалғастырды назды сарын.
Ақын:
-Жыламаңдар қарттарым, аналарым, Әлі-ақ қайта оралар қырандарың.
Кегін алар мерт кеткен боздақтардың, Ел қорғаны азамат ұландарың.
2
Автор:
-Қазығұрттың қалдырып атырабын, Бар маңайды өзіне батырар мұң.
Азаматтар майданға аттануда,
Тұмар қылып туған жер топырағын.
Ақынымда солардың арасында, От жүрегі дауылға қарасын ба. Міне орыс орманы қандай сұлу,
Алдыңғы шеп, майданның даласында.
41-дің 6-шы желтоқсаны,
Таң бозара баяулап жел тоқтады. Қалың қарға иіліп қарағайлар,
Не болар деп тұрғандай селсоқ бәрі.
3
Автор:
-Жай ғана ыңылдап, әуені ән болып, Сол әуен орманға енгендей сән болып. Окоптың түбінде қазақтың жігіті,
Отырған жас ақын Құдайназар Жанболов.
Қалқыған әуенді жұтам деп от шашып,
«Жолбарыс»* танкілер келеді топтасып. Жігіттер, әзірлен айдаһар ашулы,
Абайсыз біреуің қалмағын шоқ басып.
Зеңбіректі оқтаңдар нысана белгілі, Туралап көздеңдер өтпесін ендігі.
Атыңдар дегенде, танканы от құшып, Шынжырлы табанның үзілді белдігі.
Көтерме басыңды аптық па тек қызып, Тастаңдар гранат багына өткізіп.
Құдайқұл, соңғысын мен саған тапсырдым, Ажалдың ақ отын жібергін жеткізіп.
Жау қайда, дос қайда, ақ түтін айнала,
«Жолбарыс» жарылып тоқтады жай ғана. Ақыным жұлқылап өзінің денесін,
Қарап бір тұрғандай кәдімгі айнаға.
Ақынның рухы:
-Қазір-ақ қайтадан өзіме енемін, Денемді икемдеп жан бітіп келемін. Қолым да, аяғым, басым да орнында, Азырақ жыртығы бар екен денемнің.
Автор:
-Тұрған кезде осылай асып-сасып, Мыжып өтті денесін танкі басып. Жаны болса шырылдап қала берді, Ала алмады денесін жерден аршып.
Ол енді бейтарап кәдімгі аруақ, Жауын да атпайды қолына қару ап. Құдайқұл, қайдасың? не болды өзіңе? Орыстың жігіті іздеп жүр бауырлап.
Ақынның рухы:
-Қош боп тұр,достарым,бауырлар басқа да, Орыстың орманы, Москва астана.
Соғыстың өзі алып денемді жерледі, Жатамын осында қара жер жастана.
4
Автор:
-Ақ жаны ақынның кезіп жүр маңайды, Қызықтап ақ таңға таңырқап қарайды. Самалмен есіліп, желменен желпініп, Оянған үйлердің есігін жанайды.
Әрине бөлек қой бәрінен бауырың, Аяулы әпкешің тең келмес аруың. Көмегі тимеді тек соған кейіді,
Қарашы өзінің аяғы ауырын.
Бұл да бір жоғары Алланың ісі ме, Бұрылмай осында ешқандай кісіге. Інісі қолына алтыннан сағат сап, Тапсырдым дегені еніпті түсіне.
Келді ме тағы да қыса ма толғағы, Аман-сау босанса әйтеуір болғаны. Шыр еткен сәбидің үніне алаңдап, Енгенде байқады ұл бала қолдағы.
Ақынның рухы:
-Аяулы әпкешім, асылым жарадың, Жиенге тамсанып келіп тұр қарағым. Тірліктің мазасын келтіріп тұрғаны, Көзін де ашпаған қарай көр ажарын.
Асқар тау, кең дала сүйінші сұраймын, Бақытқа бөлендім шаттықтан жылаймын. Сәуірдің осынау шуақты күнінде, Нұрыңа мас болып, гүліңе құлаймын.
Өзім де осыны күттім ғой асығып, Ауылға барайын байсалды басылып. Анам мен әкемнің моласын көрейін, Бір белгі қояйын жатса да шашылып.
Қазығұрт көктемі не деген көркем ед,
Жап-жасыл белдерге гүл толған керемет. Тек қара жамылып аулада қос жеңгем, Күземнен талдырып басуда текемет.
Жатыр-ау молада аяулы жас анам, Әкем де осында, қасында қос ағам.
Жесірдің көз жасын сүрте алмай барамын, Жетімдей көңілім еріксіз босаған.
Үлкеннен әулетте ешкім де қалмаған, Сұм соғыс айдаһар құрбан қып жалмаған, Қос інім қалыпты қыздар да бар екен, Мың шүкір құдайға оларды алмаған.
Автор:
-Ақынның ақ жаны тұрмады ойланып, Қалғандай қабірге еріксіз байланып.
«Анашым гүлдерді жанындай сүюші ед»,
-Деді де шоқ гүлге кетті тез айланып.
5
Автор:
-Қырдағы гүлдерді жұлмаңдар, Киелі жер анық бұл маңдар.
Оларда ағалар жаны бар,
Жат жерде қап кеткен құрбандар.
Көктемде алаулап көк төсін, Қызғалдақ жыл сайын көктесін. Ақ жауын аямай себелеп,
Жыласын баса алмай өкпесін.
Гүлдерге нәп-нәзік жағалай, Күн төксін сәулесін аямай. Сипасын самал жел жай ғана, Бесігін тербеген анадай.
ӨТКЕН КҮНДЕР ЕЛЕСІ
Әкем Өміртай Танабайұлының рухына
Лирикалық поэма
Автор:
-Сан қырлы жолы тағдырдың, Елесін іздеп әр күннің.
Балалық шағы әкемнің, Кеудеме еніп жаңғырдың.
Көңілде қалған сызаттай, Қайтерсің дейді тұзақтай. Ол кезде уақыт басқа еді, Деуші еді әкем ұзатпай.
Ғайып Ерен пірім, жебегін, Қиналған шақта демегін, Қазығұрт ата, өзің айт,
Тарихтың қозға дерегін.
Қазығұрт ата:
-Тыңдағың келсе жалықпа, Көңілің түссін қалыпқа.
Жан сырын балам, естігін, Өткенге құстай шарықта.
Алғандай таулар жүк артып, Сарғайған дала мұнартып.
Есіме алсам сол кезді, Көшетін бұлттар мұң артып.
Жапырақ құлар бұтадан, Өлгендей сорлы құсадан. Батыста соққан сұрапыл, Азалы күйге тұсаған.
Қиылған қайтіп қона ма? Қайғының орны тола ма? Қаралы хаттың шындығы, Жоқтауды жазған оларға.
Жүрегі елдің жаралы, Боздаған ана қаралы. Емізген заман шерімен, Бесікте жатқан баланы.
Уақыт қарап тұра ма,
Жаралы жанын ұға ма?
Күрсініп жылдар жылжыды, Сұрама, айтпан сұрама.
Автор:
-Тасып бір қалған кезімде, Беремін ерік сезімге.
Қазығұрт ата, сондайда, Сыр шерте келем өзіңе.
Сұрауға анық батпаймын, Сұрақтың өзін таппаймын. Айтыңыз ата, ұғайын,
Ұққанша тыныш жатпаймын.
Қазығұрт ата:
-Оянар ауыл қамменен,
Қырманда, қырда, малменен. Әйелдер, бала-шаға да,
Таласып тұрар таңменен.
Аналар іске жегілген, Бидайды орар егілген. Қаршадай балдар тереді, Масақты қырда төгілген.
Жылаған үйде сәбилер, Сәбиді, сәби әлдилер.
Пөстекке шашқан бидайды, Талқажау қылда қалғи бер.
Автор:
-Ақиқат маған керегім,
Шындықты айтқын дерегін. Куәсі абыз тарихтың, Төрелік сізге берерім.
Өзің айт анық дұрысын,
Жалғанды қайтем құрысын. Өзіңе келіп кететін,
Тірліктің барлық ұлы ісін.
Қазығұрт ата:
-Бірде өкпе, бірде наз артқан, Тұра ма өмір азаптан.
Әйтеуір тірлік бітпейтін, Бітірме деймін жаратқан.
Маңдайға жазған тағдыр ма? Мезгілсіз жаңбыр жаудырма. Сақтай көр ауыр дертінен, Анасыз оны қалдырма.
Әлсіреп сырқат анасы, Тағдырға налып қарашы. Жұбатып отыр қасында, Он үшке толған баласы.
Келтірсем сол күн елесін, Зарыққан ана не десін.
Аймалап құшар сәбиін, Көзінің жасын төгер шын.
Анасы:
-Тәуірлеу болып келемін, Әлі де керек көмегің.
Сатарсың бірер тұяқты, Дәрісін әкел дегенін.
Жолыңды балам байқарсың, Ауылға сәлем айтарсың.
Қалмасын інің қамығып, Бөгелмей үйге қайтарсың.
Күлгендей болып қарады, Алдамақ еді баланы.
Әлсіреп қалған сүлдесі, Ырқына көнбей барады.
Баласы:
-Сезем ғой апа, жасырма, Құтыңды бекер қашырма. Таңертең қойды сатамын, Шыдашы апа, мақұл ма.
Дегендей шегір көздері, Ішінен айтқан сөз бе еді. Анасын құшып мойнынан, Мақұлдап басын изеді.
Қазығұрт ата:
-Базары біткен күз бе еді? Бозарған күрең түз бе еді? Қалаға тартқан аяқ жол, Қара жол нені іздеді?
Қапырық күйген жаз ба еді? Берерің қайғы, наз ба еді?
Анаға неге төнесің, Алғаның сенің аз ба еді?
Маужырап жатқан қыс па еді? Беймезгіл енген түс пе еді?
Жазылып қойған маңдайға, Қалтықсыз болар іс пе еді?
Бүр жарған ерте көктем бе? Бір суық соғып өткен бе?
Мезгілсіз неге келесің, Баласын ая кектен бе?!
ІІ
Қазығұрт ата:
-Қалаға тартқан қара жол, Бірде оң болған, бірде сол. Асығып бала келеді,
Бозарып таң да атқан соң,
Көл бастау әрі Құрысай, Қарайды таңға қызықтай. Беріліп бір сәт қиялға, Кетеді сүңгіп қызықтай.
Табады керек дәрісін, Киімін жарақ бәрісін. Балаңыз апа, қолқанат,
Тындырып жатқан бар ісін.
Сырқаты түсіп есіне, Өндірмек жолды шешіле. Ширақтау басып келеді, Беріліп үміт көшіне.
Селк етіп кенет дүбірден, Жоқ болып қиял үзілген.
Салт атты тосын жолаушы, Ентіге келген дүбірмен.
Салт атты:
-Ей, бала, қайда барасың, Үркіген тайдай қарасың. Кім екен таңмен жіберген, Осы сен қайсы баласың?
Әжімдеу келген іреңі, Арықтау екен күреңі. Дөрекі сөзі болғанмен, Жып-жылы екен жүрегі.
Көздері күлген шуақты, Болса да кәрі қуатты.
Кел отыр мінгес атыма, Тізгінін шірей шал тартты.
Бала:
-Рахмет ата, атыңа,
Санаман сізді жатыма. Жаяу-ақ жетіп қаламын...
Салт атты:
-Әй, бала, басты қатырма, Жол ұзақ мінгес атыма.
Қазығұрт ата:
-Сезімтал бала жүрегі, Көңілін сезіп тұр еді. Ниетін ішкі айта алмай, Тыңдамай алға жүреді.
Атты да қалмай соңынан, Қорқытып тартты қолынан. Бала да көнбей еркіне,
Қайтпады айтқан жолынан,
Амалы бітіп қалғандай, Айтатын сөзі жалғанбай.
Бала:
-Өзіме ата, серт бергем, Көмекке тосын алданбай.
Науқасы ауыр анамның, Қиналып соған алаңмын, Тамағын жаяу жеткізсем, Дертінен сақтап қаламын.
Тәуіптің айтқан амалын, Үмітіме соңғы санадым. Сондықтан ата, кешіргін, Қалмады басқа амалым.
Құдайдан сұрап келемін, Анама тиме дегенім.
Автор:
-Қалтықсыз тыңдап тұрған шал, Босатты аттың жүгенін.
Құлазып бала көңілі, Болмаған мұндай өмірі. Жыларман болып жүрегі, Бұзылып кетті реңі.
Қазығұрт ата:
-Жаралы жүрек сезеді, Амал не тағдыр төзеді. Тулайды жасап қарсылық, Шымырлап өмір өзегі.
Жігерлен балам жасыма, Біз күткен жігіт осы ма. Күйіңді ешкім көрмесін, Бермегін ерік жасыңа.
Тербетер дала бесігін,
Самал жел сұрап кешірім, Сипалап бала айдарын, Күн күліп ашты есігін.
Бала:
-Дәрігерге бердім дәріңді, Алсаңшы апа, нәріңді.
Тауықтың ыстық сорпасы, Шығарсын ащы теріңді.
Анасы:
-Келдің бе? шаршап қарағым, Әжетке міне жарадың.
Жыламай жүр ме? Төленім, Ініңе көз боп қарағын.
Айналдым күнім, сөзіңнен, Кімі бар жақын өзіңнен.
Төсіне басып баласын, Жас тамды ана көзінен.
Жолыңды балам, байқарсың, Деміңді алып қайтарсың.
Ініңе бас-көз болып жүр, Ауылға сәлем айтарсың.
ІІІ
Қазығұрт ата:
-Күн бүгін сонша қапырық, Тұрғандай жауын шақырып. Шығардай таудан от шашқан, Айдаһар сұсты атылып.
Тым-тырыс дем жоқ маңайда, Бұлт бүркеп тауды орай ма?
Тіршілік тоқтап қалардай, Үреймен талдар қарай ма?
Үзіле жаздап жапырақ, Өзінен-өзі қалтырап,
Дәрменсіз сұлық құлады, Өзегі талып қалжырап.
Мазасыз қандай күн бүгін, Ұғыпты сырын кім мұның. Кезегі келген күн шығар, Күндегі жасап тірлігін.
Баласы:
-Апамды көрдім түсімде, Байсалды әрі күшінде.
Ақпарша аппақ көйлекпен, Жүр екен баудың ішінде.
Жүгіріп келдім маңына, Құшақтап сүйгем сағына. Ауылға қашан келгенсіз, Кетпеңіз деймін жалына.
Анасы:
-Кетпеймін тастап шырағым, Бәйгеге қосқан пырағым.
Күлімдеп келсең қуанып, Аула да күтіп тұрамын.
Баласы:
-Жүр апа, үйге шай қоям, Боламын енді мен саяң. Төленім ұйықтап жатыр ма, Айтайын оған тез оян.
Анасы:
-Қанатым болған қыраным, Осында менің тұрағым.
Азамат жігіт болсын деп, Құдайдан сені сұрадым.
Баласы:
-Жүгіріп кірдім үйге мен, Інімді сыртқа сүйрегем. Ербеңдеп ол да қуанған, Бақытты ғажап күй көрем.
Далаға шықсам түнерген, Інім де жылап үрейден.
Қараңғы түсіп кетіпті, Апамды таппай жүгірем.
Анашым деймін айқайлап, Айтамын қайта, қайталап. Үрейге толы бақ іші,
Ояндым шошып апалап.
Жаңадан таңда бозарған, Шырақтай әлсіз сазарған. Қалаға кеткен дәу апам, Келген бе қайтып базардан.
Есіктің алды кісілер,
Абырда-сабыр күрсінер, Жүрегім кетті шымырлап, Шамам жоқ бірақ түсінер.
Көрші ағай неге ашулы, Бер кел деп мені шақырды. Есекті ертеп ұн әкел,
Деп маған жұмыс тапсырды.
Ұн алдым келіп диірменге, Көңілім нан боп шерменде. Сұрқия ойлар ұялап,
Қуамын оны әрменге.
Әйелдер келген су ала, Сыбыр да күбір өзара.
«Естімепті баласы,» Деседі бірі «е, алла».
Қазығұрт ата:
-Жанары толып мұң жасқа, Езілген жүрек тұрмас та. Тек үнсіз жылап келеді, Не шара қалды ұқпасқа.
Құлады қырдың төсіне, Егілді өксіп шешіле.
Түңіліп мына өмірден, Деді ме «тудың несіне.»
Апам-ай! дейді жүрегі, Сол жүрек мәңгі бір еді. Сол сәтті айту мүмкін бе, Құласа жалғыз тірегі.
Жылап ал балам, жылап ал, Жылаңдар таулар несі бар. Қалмасын іште қайғы шер, Өмірдің алда көші бар.
Долданып талдар тербелді, Күркіреп бұлттар кернеді. Жай оты ойнап аспанда, Ақ жауын көктен селдеді.
IV
Қазығұрт ата:
-Еркектер кілең қатарда, Шығарып соңғы сапарға. Тапсырып жатыр анасын, Мәңгілік тыныш жатарға.
Жалғыз-ақ жетім шері ме?! Қайғыдан тұрса егіле.
Мысқылдап күлді бір кісі, Әзілдің қазір жөніме.
Сабақ де мұны өзіңе, Сын көзбен қара сөзіне.
Тағдырдың жолы тым қатал, Тас ауыр түскен жеріне.
Сол кездің жайы осындай, Қалдың сен үнсіз қосылмай. Ұғынған аздап боларсың, Сыр еді жүрген ашылмай.
Үйретер өмір бәріне, Төзерсің тағдыр кәріне. Тіріге керек тіршілік, Тіршілік үшін бәрі де.
Бала:
-Пірімді менің сіз деймін, Жақсыдан күдер үзбеймін. Тасып бір қалған кезімде, Өзіңді ана, іздеймін.
Пірімді менің сіз деймін, Жаманға әрі жүр деймін. Жасып бір қалған кезімде, Өзіңді ана, іздеймін.
Пірімді менің сіз деймін, Қоңыр жай күйде жүргеймін. Оңаша қалған кезімде, Өзіңді ана, іздеймін.
Қазығұрт ата:
-Көңіл-ай шіркін іздейтін, Жанымда әркез жүр дейтін. Тұрады аңдап қасыңда, Анашың асыл демейтін.
Тұрады демеп тек үнсіз,
Самал боп сипар жай тілсіз. Нұры боп күннің аймалар, Анаңмен мәңгі бір жүрсіз.
Қуансаң ол да күледі,
Мәз-мәйрам сен боп жүреді.. Анашың сенің арыңда,
Сен болып соғар жүрегі.
Автор:
-Топырақ, тірлік топырақ, Адам бір өскен жапырақ. Көктемде жайнар жарқырап, Ал күзде құлар қалтырап.
Осы бір екі арада, Өмірге адам қанама.
Қартайып жүзге толғанша, Тимеші ажал анама.