16.10.2021
  192


Автор: Исраил Сапарбай

Жесір жыры

Ей, жiгiттер – алмас қылыш, ақ сүңгi!
Жаным сезер жаманыңды, жақсыңды.
Ала құйын алып-қашпа ат сынды
Қоя тұрсаң неттi жеңiл нəпсiңдi?!
Қоя тұр да... Жанарыма қарашы,
Қандай екен ағы менен қарасы?
Аз демейiн, көп демейiн – көк пен жер
Жезөкше мен жесiрлердiң арасы!
Жезөкшенi сəттiк сезiм билейдi,
Жесiрлердi ақтық төзiм билмейдi.
Жесiр жаны кез келгенге иiмейдi,
Өртен, мейлi,
Өз отыңа күй, мейлi!
Жесiрмiн мен.
Ал, жесiрдiң жасы көп...
Аялай бiл,
Аяғаның – қасiрет!
Мүсiркесең мүлəйiмсiп мүттəйiм,
Жанарымнан ұшқын атар жасын, от!
Алдар болсаң алтын жүзiк, алқаңмен,
Арбар болсаң қазынаңмен, қалтаңмен,
Көз жасымды мойыныңа артам мен,
Не болмаса, басыңды алам балтаммен!
Ерте кеткен деп ойлама əр менен,
Еркелетсең, ерiнiмнен бал берем.
Өнбойыңа оттай ыстық денемнен
Жалын берем, жай табардай жан-денең.
Құлықтыға қылықтымын, қыздаймын,
Есiрiкке есекдəме – мұздаймын!
Əйел жаны – ашылмаған сырсандық,
Сандық құлпын оңайлықпен бұзбаймын.





Пікір жазу