16.10.2021
  200


Автор: Исраил Сапарбай

Қара шәлі

Қасiреттiң жалауы – қара шəлi.
Қара шəлi мұңлыққа жарасады.
Жазықсыздан мерт болған махаббаттың
Жазылмай жүр жүректе жарасы əлi...
Жалғыздық пен қалайтын оңашаны
Шымылдығы қайғының – қара шəлi.
Жанарыңды бүркеуге жарар бəлкiм,
Жалбыраған жыртығын жамаса əлi?..
Қара бұлттай – қабағы ай қымтаған,
Қараймын да, жүзiңнен қайғы табам.
Қанжар салған жүрекке қарақшылар
Қай обадан шықты екен, қай бұтадан?
Бұғып келер қапыда бiр жағыңнан
Бекежан ба,
Қодар ма түн жамылған?
Жесiр қалған Жiбек пе,
Баян ба, əлде...
Мақпал ма əлде айрылған Бiржанынан?..
Арман ба едiң үзiлген,
Зарлы əн бе едiң?
Қорқауларға қор болған Қорлан ба едiң?
Қара шəлi-ау, басыңа қаралының
Қарақұсша қалықтап қонған ба едiң?!
Қара түнде қамыққан Қамқасың ба,
Қалып қойған шыңырау ортасында?
Қарақшы ажал, қайтейiн,
қимай қойды-ау
Қара жерге Қамқаның қаңқасын да...
Қыз балаға бiткенде iлкi көрiк,
Құбылдың-ау қу заман түлкiленiп...
Қара шəлi, мен сенi өртер едiм,
Тұрсың, əттең, музейдiң мүлкi болып...
Қасiреттiң жалауы – қара шəлi,
Қара шəлi мұңлыққа жарасады.
Жазықсыздан мерт болған махаббаттың
Жазылмай жүр жүректе жарасы əлi...
О, қасiреттiң жалауы – қара шəлi!..




Пікір жазу