15.10.2021
  210


Автор: Маралтай Райымбекұлы

Дұға

Мына теңіз астында қорым қалған,
Шағалалар кетпейді со бір маңнан...
Е. Раушанов

Теңесем тең табам ба тұрысыңды,
Жасырған тереңіне ұлы сырды.
Шардара — көзге сыймай ыршып кеткен,
Бір тамшы әбілһаят суы сынды.
Тұсынан өте алмаймын бата қылмай,
Бұрылса бұл өлкеге сапарым қай.
Ғайыптан пайда болар қу далада
Кәдімгі "Мың бір түннің" шаһарындай.
Көмілген қызыл қүмға алтын қала
(О неге, сап-сары ғой...)
Таңырқама.
Қоңырат қарт сияқты қоңырайып
Ұласса даналығы Әмірханға.
Шарқ ұрған Шардарадай...
өмір мұңды
Шулатып шағаласы көңілімді.
Қайдағы-жайдағыны аңсатқанда
Ол жазған не түсінді, нені білді?!
Шағала...
Ақ шағалам, қалпың маған —
Ұқсайды...
Ақ Жайықтан ән тыңдаған.
Мен жүрмін Алатауға арзу айтып,
Сен жүрсің Шардарада шаңқылдаған.
Сенде бір сағыныш бар қаталаған,
Мені де бір нәрсе бар матап алған.
...Қаламыз қай түкпірде, қай күні біз
Қалғандай су түбінде ата-бабам.
Ішіне қүпиясын кетер бүгіп,
Тіріні өліден де бетер қылып.
Ел көшіп келе жатқан сияқты ма,
Астынан Шардараның көтеріліп..?




Пікір жазу