ҚАЛБҮБІ ӘПКЕМЕ КӨҢІЛ АЙТУ
\Ұлы Балғабайдың қазасына.\
Асыл әпке,
Арысыңды,
Қара жерге бөледің.
Аялаған
Ақ сүтіңнің,
Кім өтейді төлемін.
Жанға демеу,
Дертке дауа,
Бола алмайды өлеңім.
«Шыққыр жаным
Керек болса,
Алшы құдай беремін.
Үш ботамды
Алдыма сап,
Қарғаға ұқсап келемін»
Дейсің ана
Білгеннен соң,
Келмейтінін өренің.
«Жоқ дегенге
Бұл жалғанда
Неге жаным шыдадың»
Не жаздым деп,
Бұл тағдырға,
Күйінгеннен сұрадың.
Кәрі кеудең
Қарс айырлып,
Солғын жүрек жыладың.
Көздің жасын
Көл қылсаңда,
Асыл әпке шыдағын.
* * *
Көзімді жасқа малып текке міне,
Отырар көз жібердім өткеніңе.
Бір кезде қала едің қайнап тұрған,
Іргеңді жауың ойран етпеді ме.
Күмбездер көкті тіреп көмкерілген,
Гүлденген елестеттім өлкені мен.
Дауылда айырылған желкенінен,
Кемедей жатсың теріс төңкерілген.
Шаңдатып топырақты желің айдап,
Барады бала құйын салып ойнақ.
Есінен шағарғандай қабіріңе,
Бас ұрып жылағанын елім-айлап,
Қираған сынық қыштар жерде құрақ,
Мен тұрмын келбетіңді желден сұрап.
Қолымнан келмейді шын, келсе егер,
Алар ем болмысыңды белден құрап.
Бейнеңді тұрмын Отырар желден сұрап.
* * *
Күлім қаққан жанарыңнан,
Күн көрінер білесің бе?
Айдай сұлу ажарыңнан,
Ай көрінер білесің бе?
Айдын көлдің аққуындай,
Сырғып қана жүресіңде.
Періштедей пәк көңілмен,
Жанды баурап күлесіңде.
Қалдырдың да кете бардың,
Сезім атты күресінге.
Қуанышым күл болды да,
Қайғы қалды үлесімде.
Соны қалқам білесің бе?
* * *
Тауық жылы тұмау келді құстарға,
Бүйте берсе құс қала ма ұстарға.
Қорғансызды құрбандыққа шалмайтын,
Мына дерттен құтқаратын күш бар ма.
Көкжиектен күйінеді күн шығып,
Ғасыр дерті кетер ме екен ушығып.
Перзенттерін құрсағында тербеткен,
Жер анашым қалмаса екен тұншығып.
Көк тәңірі көрер құстың көз жасын,
Саналы адам ойламас тек өз басын.
Мына дерттен қанаттыны сақтай гөр,
Құстың пірі Шегір Баян қолдасын.