15.10.2021
  165


Автор: Дәркен Танабаев

ҚЫЗЫЛ ЖАР

Қызылжар сауық толы қыр жырағы,
Балауса сәби күннің сән бұлағы.
Өзіңде өткен қызық бал күндерім,
Еске алсам көңіліме жыр тұнады.
Көктемде төсің кілем гүл құрағы,
Жүрегім өзіңді іздеп бұлқынады.
Алаңсыз ойын қуған балалығым,
Жігіт болып шықсам деп жұлқынады.
Күндерді күн артынан қуатындай,
Азамат жігіт болсам қыратындай.
Несіне есеюге асықтым мен,
Төсіңде бала болып жүре тұрмай.
Несіне, несіне мен өкінемін,
Кіршіксіз балаң менің көкірегім.
Ұмытпа ойын құмар тентегіңді,
Әлі де лағың боп секіремін.
* * *
Ел аузында Нұхтың тоқтап кемесі,
Топан суда тау теңескен теңізбен.
Аман сақтап тіршілікті белесі,
Киелі тау Қазығұртым емізген.
Ақиқаттар аңыздарға айналып,
Қара киіп боздаған да жер ана.
Ел тағдыры күйрегенде шайқалып,
Жалғыз ұлға қорған болған бөрі ана.
Оның бәрі абыз тарих есінде,
Зауал келсе алып емен тік құлар.
Жермен жексен кең даланың төсінде,
Қирап қалған Отырарым ұқтырар.
Ұлы дала оранып мұң сезімге,
Жүз қырылып қанға бөккен даламыз,
Осынау сұм тозақ оттың өзінде,
Ғашық болып сәби сүйген бабамыз.
Қылышпенен кескен сәби кіндігін,
Шерлі бетін шежіренің көрсеңдер.
Найза ұшымен қорғап қалған теңдігін,
Ол кездерде сөйлеген тек семсерлер.
Топырағына сіңген оның қарасаң,
Бабалардың қасық қаны көз жасы.
Бақыты мен қайғысы да орасан,
Туған жерге арналады сөз басы.
Бұлбұлың боп көмейімді керейін,
Қалқып қалсын аспаныңда жыр тұнып.
Асқақ болсын асқар таудай мерейің,
Қазақ елім гүлдене бер құлпырып.
Көк аспан боп желбірейді байрағың,
Еркін өскен Сарыарқаның өрінде.
Қалықтаған қыран құстың айбары,
Құдіретті күн күліп тұр төрінде.





Пікір жазу