15.10.2021
  153


Автор: Дәркен Танабаев

ТІРШІЛІКТІҢ ТУҒАН КҮНІ

Еңсемді бір езгендей боп ауыр мұң,
Шым қалада мезі болып, ауырдым.
Қайдасың деп, Қазығұртқа тартып ем,
Рахаты-ай! Рахаты-ай! ауылдың.
Төркіндетіп қуанып жүр көктем кеп,
Жоталар да сайлары да көкпеңбек.
Көлшіктенген дымқыл жолдың жиегі,
Кеше ғана жаңбыр сеуіп өткен деп.
Ашуы да сезілмейді ызғардың,
Жүрек тулап алып ұшса ұстар кім?
Сағынышты сазды әуенмен сайраған,
Саңқылдаған әні қандай құстардың.
Тырналардың үні естілді үзіліп,
Көк аспанға көз тастадым сүзіліп.
Қырға шығып жыл құстарын қарсы алдым,
Сарбаздардай сап түзеген тізіліп.
Кім бойлаған гүл көктемнің сырына,
Жұпар сепкен Қазығұрттың қырына.
Жүз түрлі гүл жұлдыздардай жымыңдап,
Жайқалады күннің сиқыр нұрына.
Осы күнді қанша күттік, аңсадық,
Құмырсқа да илеу салған жан салып.
Тіршіліктің туған күнін тойлауда,
Масаң тірлік «наурыз» дейді жар салып.
Беу, Табиғат! құдіретіңмен таң қылған,
Көз ашпай-ақ қойды дала жаңбырдан.
Қар астында үш ай ұйықтап мызғып ед,
Жапан біткен қайта гүлдеп жаңғырған.
* * *
Шалғай жүрсем ол анық сағынарым,
Елегізіп еріксіз қамығарым.
Ата-анадай елжіреп еміренген,
«Туған жерім тәңірім табынарым.»
Арманымның ақ таңын атырамын,
Шақырады қол бұлғап атырабың.
Қурайыңда сызылтып самалыңа,
Сыбдырлайды сыр айтып жапырағың.
Өмір атты алдымда жатыр ағын,
Толқыныңда толқыдым қалтырадым.
Бір құласаң жартасқа соғам дейді,
«Тұрмастай қып тереңге батырамын.»
Көңіл құсын сезімге толтырамын,
Сырлас етіп Қазығұрт жал қырағын.
Гүлің болып гүлдедім белесің де,
Мен де сенің бір уыс топырағың.
Биік ұшып кетсем деп алқынамын,
Көкіректің көрсеңші шалқығанын.
Шартарапта шарқ ұрып адассам да,
Ораламын өзіңе бал қырағым.
* * *
Өтер де кетер фәнидің күні қас-қағым,
Бұйрығы жүрмес тәңірден әсте басқаның.
Мазасыз ойлар еріксіз билеп санамды,
Толқындай теуіп бетіме шығар жас қаным.
Болады кей сәт арнамнан асып тасқаным,
Көңілдің кілтін таба алмай кей сәт сасқаным.
Бармақтай бақ пен батпандай сордың арасын,
Ажырата білер,үрлеп ішетін жастамын.
Жазылып жатыр өмірлік ғұмыр дастаным.
Бақытын құшып, қайғысын жұтып жатқаным,
Мамыражай далам, көгілдір тұнық аспаным.
Баянсыз жалған ізіндей тағдыр таспаның.
* * *
Дос дегенім қас болды,
Жау дегенім бас болды,
Ет жүрегім тас болды,
Жанарыма жас толды.
Кең дегенім тар болды,
От дегенім қар болды,
Бақ дегенім сор болды,
Қайран жаным қор болды.
Күн дегенім түн болды,
Үн дегенім мін болды,
Ақ көңілім жүн болды,
Басқа түскен сын болды.
Той дегенім дау болды,
Ой дегенім жау болды,
Мас дегенім сау болды,
Төбешіктер тау болды.





Пікір жазу